Банк пен қаржы

Банк секторы активтерінің сапасын бағалау есебі жарияланды

Банк секторы активтерінің сапасы талданды. Фото: shutterstock.com

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторы активтерінің сапасын алғашқы тұрақты бағалау (AQR) нәтижелерін ұсынды.

2022 жылы Агенттік активтері банк жүйесі активтерінің 71%-ын құрайтын 10 ірі банкке алғашқы тұрақты AQR өткізді. AQR барысында 2022 жылы 15,2 трлн теңге сома болатын 19 млн несие, оның ішінде 1 400-ден астам ірі қарыз алушы талданған.

Агенттік AQR құралдарын қадағалау процесіне толыққанды енгізіп, 2022 жылдан бастап AQR-ды жыл сайын жүргізеді.

«Бағалау нәтижел капитал жеткіліктілігінің деңгейі нормативтік тұрғыдан белгіленген ең төмен деңгейден айтарлықтай жоғары екенін көрсетті», делінген хабарламада.

Агенттік 2022 жылы деректерді өңдеуді автоматтандыру есебінен тұрақты AQR процестерін оңтайландырған.

«Ірі қарыз алушылар бойынша қаржылық жағдайды талдау және провизиялар жеткіліктілігін бағалау кредиттік тәуекелді бағалау бойынша Агенттіктің ішкі үлгілерін пайдалана отырып дербес түрде жүргізілді. Біршама ұсақ қарыздар бойынша провизияларды бағалау статистикалық үлгінің көмегімен жүзеге асырылды», дейді агенттік.

Алдағы уақытта Агенттік тұрақты AQR шеңберінде банктермен өзара іс-қимыл процесін жетілдіруді жоспарлап отыр. 2022 жылдың нәтижесі негізінде банктерге жиі кездесетін қателіктердің тізімі және оларды түзету бойынша ұсыныстар жіберілді. Бұдан бөлек, банктерге жиі қойылатын сұрақтарға жауаптардың толық базасы жіберіледі және деректерді жинау мен беру мәселелері бойынша банктерге әдіснамалық қолдау көрсету практикасы жалғастырылады.