Шағын кәсіп – тұрақты табыс көзі бола алады

Жарияланды

Елімізде кофе тұтыну көрсеткіші жыл санап артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, былтыр қазақстандықтар 2 мың тоннадан астам кофе тұтынған. Соңғы жылдары кофенің импортымен қатар бағасы да біршама өскен.  Еnergyprom.kz агенттігінің мәліметінше, соңғы жеті жылда кофе дәндері мен оны алмастыратын тауарлар импорты үш есеге көбейген. Қазір кофе күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналғандай. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері  – Маратұлы Әлихан жылжымалы кофе бизнесін қолға алған.

– Әлихан, кәсіп бастау қаншалықты  қиын?

– Менің негізгі мамандығым – заңгер. Бірақ бұл сала бойынша жұмыс істеген жоқпын. 2015 жылдан бастап жылжымалы кофе сату кәсібін қолға алдым. Мен негізі студент кезімнен кофе кәсібіне, оның түрлері мен дәніне қызығатын едім. Сөйтіп, өзім  арнайы көлікті жабдықтап, кофе сату кәсібін бастадым. Өйткені бұл тауарға деген сұраныс өте жоғары.

– Бір шынаяқ кофенің таза құны қанша теңге?

–  Бір шынаяқ кофенің таза құны – 200 теңге. Бұл 200 теңгенің ішіне – кофе, стақан бағасы, көлік жанармайы кіреді. Бір стақанның бағасы – 15 теңге. Ал мен бір шынаяқ кофені – 600-650 теңгеге сатамын. Сонда бұл жердегі таза маржа – 400-450 теңге аралығында. Бір күнде 100-150 шынаяқ кофе сатамын. Ал сауда болмады деген күндері – 40-50 шынаяқ кофе. Бүл кәсіпте бір күнге 60 литр су қажет. Сондай-ақ, аптасына бір рет қажет тауарларды сатып аламын.

– Бір күндік және айлық табысыңыз қанша?

– Бір күндік табысым 40-50 мың теңге аралығында. Ал бір айда 550-600 мың теңге аралығында таза пайда табамын. Кей кездері миллионнан да аса табыс тауып жүрмін.

– Бұл бизнес жыл мезгіліне қарай ма?

– Жоқ. Бұл кәсіп жыл мезгіліне қарамайды. Қыста ыстық кофе жақсы өтеді. Ал жаз мезгілінде мұз қосылған, салқын латте сұраныста.

– Кәсіп бастау үшін қанша қаржы құйдыңыз?

– Бұл кәсіпті бастаған кезде алғашқы инвестиция – 750 мың теңге болды. 500 мың теңгеге Шымкент қаласынан көлік алып, 250 мың теңгесіне құрал-жабдықтарын сатып алдым. Ал қажетті азық-түлік өнімдерін қарызға алдым. Өйткені, қаражатым аз болды.

– Алда қандай жоспарыңыз бар? Кофехана ашу ойда бар ма…

– Қазіргі кезде кофехана ашу ойда жоқ. Өйткені арнайы дәмхана ашқан кезде, мекеме жалға алу қажет. Ал мекеме жалдасаң, табысыңның жартысы сол жерге кетеді. Айына 1,5-2 млн теңге аренда төлеп отырсаңыз, пайда да көп көре алмайсыз. Шағын кәсіптен де тұрақты табыс табуға болады.

– Бұл кәсіппен айналысу үшін қойылатын әкімшілік, санитарлық талаптар бар ма?

– Бір орталықта немесе демалыс орнында  тұру үшін әкімдіктен арнайы рұқсат алдым. Сонымен  қатар, ай сайын 80 мың теңге тұрған орныма төлеймін. Сондай-ақ, көліктің де құжатына жылжымалы кофе жабдықтары бар деп  тіркетіп қойдым. Себебі, көлікте арнай газ құрылғысы орнатылған. Тамақ өнімі болғандықтан, арнайы медициналық кітапша қажет.

– Клиенттеріңізді қай тұстан көбірек табасыз?

– Бастапқа кезде көбінесе арнайы демалыс орындарында, тауда, кәсіпорын мен орталықта тұрдым. Ол жерде күніне тек 30-40 адам ғана келіп жүрді. Содан кейін базарға тұрып, бір күнде – 100-ден астам тұтынушы таптым. Сондықтан қазіргі кезде көбіне базарда тұрамын. Бірақ, бір жерде байланып қалмаймын. Көптеген далада өтетін фестиваль мен концертке жиі барып тұрамын. Адам көп, сұраныс жақсы.

– Бизнес бәсекелесіңіз көп пе? Сұраныс жағы қалай?

– Бесеке жайлы айтатын болсақ, өте аз. Ал сұраныс жақсы. Кәсіптің жақсы жүретін орнын табу қажет.

– Осы кәсіпті бастағысы келетін кәсіпкерлерге қандай кеңес берсіз?

– Ең батысы – шыдамдылық. Адамды адам еткен еңбек  дейді ғой. Еңбек  ету керек. Өзіндік қиындықтары  бар болғанымен қызық жұмыс.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз