Мемлекеттің 1,3 млрд қаржысын жымқырғандар сотталды
Қосалқы электр станциясының құрылысына бөлінген 1,3 млрд теңгені жымқырғандар сотталды. Целиноград ауданының ТКШ бөлімінің басшысына және «РемСтройСервис ПВ» мен «MS-Energy» ЖШС басшыларына қатысты айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Істі ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратурамен бірлесіп тергеген. Қылмыстық істің бүкіл қатысушылары бас бостандығынан айырылды.
Сотталған кәсіпкерлер мен ЖШС қызметкері коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл материалдық-жауапты лауазымдарды атқара алмайды, ал ТКШ басшысы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агентігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын жазғанбыз. Тергеп-тексеру барысында өз кінәсін мойындаған ЖШС басшылығынан мемлекет кірісіне құны 5,3 млрд теңгеден асатын активтерін аудару туралы өтінішхат түскен. Яғни көлік-логистикалық ұйым орналасқан 3,6 га жер телімі мемлекет меншігіне берілетін болды.