Елімізде қазақ тіліне дубляждалған киноның табысы алғаш рет 71 млн теңгені құрады
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақ тіліне дубляждалған «Аватар: Су жолы» фильмі касса бойынша абсолют рекорд орнатты. Бұл туралы ҚР МСМ Баспасөз қызметі хабарлады.
Ғылыми-фантастикалық туындының қазақ тіліндегі нұсқасын 43 мыңнан астам көрермен тамашалап, кассалық табыс алғаш рет 71 миллион теңгені құрады. Бұл голливуд фильмдеріне дубляж жасаудың 12 жылдық тарихында тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Фильмді дыбыстауға 35 дубляж актері еңбек етті. Бас кейіпкері Джейк Саллиді – актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы Шехназ Қызықанова дыбыстады. Сонымен қатар дыбыстауға балалар да қатысты.
Бүгінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енгенін де атап өту керек.
Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта да әлемдік деңгейдегі фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жалғастыратын болады. Бұл жұмыстарға жыл сайын 300-ге жуық дубляж маманы жұмылдырылады.