Еңбек министрлігі жастарға 2,5%-дық несие береді, жұмыссыздарға SMS хабарлама жібереді
13 ақпаннан бастап жұмыссыз жүрген азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов хабарлады. Хабарлама 23-35 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген 12 мың адамның жеке нөміріне жіберіледі.
Министрліктің хабарлауынша, хабарлама 8 әлеуметтік топтың өкілдеріне жіберіледі. Әр жас тобы бойынша 1 000 SMS-хабарлама жіберу жоспарланған. Олардың қатарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, көпбалалы отбасылар, АӘК алушылар, «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» алған аналар бар.
Асқар Ниязовтың айтуынша, азамат хабарлама арқылы жұмыс іздеп, білімді жетілдіру немесе әлеуметтік жәрдемақы алу бойынша ақпарат алады. Қосымша ақпарат қажет болса, хабарламада тұрған сілтемені басу қажет.
«Бұған дейін министрлік жұмыссыз жүрген азаматтардың өтініш бергенін күтіп отыратын болсақ, енді олардың телефонына өзіміз хабарлама жібереміз», – деді департамент директоры БАҚ өкілдерімен кездесуде.
Ресми ақпаратқа сәйкес, хабарлама тек 1414 нөмірінен келеді.
Ниязовтың айтуынша, қазір республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші – 3,8 пайыз немесе 80 мың адам. Олардың басым бөлігі Түркістан және Жамбыл облысы, Алматы қаласында тұрады.
ЖАСТАРҒА 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ
2023 жылдың наурызынан бастап 21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5%-дық несие беріледі. Ол үшін алдымен азамат жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген болуы шарт. Кәсіпті жүргізіп отырғанына бес жылдан көп болмауы керек. Шағын несие 5 жылға беріледі, егер ауыл шаруашылығы саласында мал сатып алатын болса, 7 жылға беріледі.
Асқар Ниязовтың айтуынша, несиенің ең үлкен сомасы – 5 миллион теңге. Пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%.
«Биыл 5 796 шағын несие беруге 29 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Несие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі», – деді Асқар Ниязов.
Азамат несие алуға өтінім бергеннен кейін 36 күннен кейін қаражатты алады. Бұл уақытта кепілген қойылған мүлікті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бағалайды.
400 АЕК ГРАНТ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, 2023 жылы бизнес бастағысы келетін 9 мың адамға қайтарымсыз грант беріледі. Өтінім Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
20 ақпан – 3 наурыз аралығында грант берудің алғашқы легі басталады. Грант сомасы – 400 АЕК. Бұл аралықта 2 577 адамға грант беріледі.
Екінші кезең – 15-26 мамыр аралығында 2 697 адамға;
Үшінші кезең – 10-21 шілде аралығында 1 973 адамға;
Төртінші кезең – 14-15 қыркүйек аралығында 1 753 адамға грант беріледі.
1 380 000 теңге қайтарымсыз грант туралы мына жерден оқуға болады.