Жаңалықтар

Өзбекстанда сотталған 20 қазақстандық жазасын өз елінде өтеуі мүмкін

Сенатта «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды-, деп хабарлайды Kursiv.media тілшісі.

Фото;shutterstock.com

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, бұл шарт Конституцияда бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған.

«Қазір Қазақстанның бас бостандығынан айыру мекемелерінде Өзбекстанның 486 азаматы жазасын өтеп жатыр. Бұл – Қазақстанда жазасын өтеп жатқан шетелдіктердің жартысы. Өзбекстанда 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр», – деді Әсет Шындалиев.

Айтуынша, мұндай шарттардың тәрбиелік мәні зор.

«Өзге елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болғандықтан, адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайды», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Шартта сотталған адамды беру және бас тарту ережелері көрсетілген.

«Азамат екі елдің бірінің азаматы болуы керек. Сондай-ақ азаматтың әрекеті екі елде де қылмыс саналуы қажет. Екі ел де азаматты беруге келісуі қажет», – деді ол.

Сотталған адамдар қандай жағдайда берілмейді:

ел егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса;

ұлттық заңнамаға қайшы келсе;

қаржылай қарыздары сақталса;

сот процесі немесе тергеу әлі жүріп жатса.

Айта кетейік, сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Екінші елге беру туралы өтінішті сотталушы береді.

Сондай-ақ заң бюджеттен қосымша жарақат талап етпейді.

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Бұл шарттың мақсаты – сотталғандардың жазасын өз елінде өтеуіне, сондай-ақ түзеліп, қоғамдық өмірге қайта бейімделуіне жәрдемдесу. Осы заң бауырлас екі ел арасында құқық саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.