Қажылыққа арзан тур ұсынатын туроператорлар күмәнді емес пе?

Жарияланды
Фото; shutterstock.com

Елімізде алаяқтар соңғы кездері қажылыққа да жиі қол сала бастаған. Күні кеше тағы бір туристік фирма басшысы ұсталды. Жалпы, қасиетті сапардың қасиетін бұзған мұндай жағдайда қайтпек керек? «Курсив» іскерлік басылымы осы тақырып талқысына ҚМДБ Қажылық бөлімінің бастығы Жәнділлә Бекжігітовті тартып, жан-жақты мәлімет алып көруге тырысты.

«Уәде етілген тур да жоқ, гид та жоқ»

– Мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа бару жолында да алданып қалып жатқандар бар қазір. Өкінішке қарай, қажылық пен ұмра тақырыбында қоғамда үлкен түйткілді мәселе көтеріліп жатыр. «Ақ жолға аттандық» дегендердің ешқайсысы бұлай болады деп мүлде күдіктенбейді ғой, бұл қалай болғаны сонда? 

– Шынында да, біздің өзіміз де әлеуметтік желіден қанығып, аң-таң болып отырмыз. Ондағы видеода қажылардың бірі өздері тап болған қиын жағдайды егжей-тегжей баяндап береді. Ол арада шамамен 60 адамнан тұратын отандасымыз 17 қаңтарда Шымкенттен Мединаға тікелей рейспен ұшуы тиіс болған. Бірақ, белгісіз себептерге байланысты ол рейс кешіктіріледі, сондықтан Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау қалаларынан жиналған жолаушылар Алматыға жеткізіліп, тек 20 қаңтарда екі топқа бөлініп, Мединаға аттанады. Кейбіреулері Дубай қаласы арқылы, басқалары Доха мен Джидда арқылы Мединаға жетеді. Ал ол арадан  уәде етілгендей екі сағат ішінде пойызбен емес, алты сағат бойында автобуспен, онда да әркім өз бетімен Меккеге жеткен. Оларға туристік пакетте көрсетілгендей, ешкім таңғы аспен де, кешкі аспен де қамтамасыз етпеген. Қажылыққа аттанғандар рейс шықпағаннан-ақ бірден сезіктеніп, Шымкентте турфирма басшылығынан ақшаны қайтарып беруді талап етіп, басқа компаниямен ұшатындарын айтқан. Алайда олар бәрі жақсы болады деп сендіріп, Мединада олар үшін дайындық жасалып қойғанын айтады. Бірақ мұнда келгенді оларды ешкім күтіп алмаған, бөлмелер де брондалмаған, сондықтан фойеде алты сағат күтіп отыруға мәжбүр болғаны белгілі болды. Мәселе онымен де шешілмеген. Біраз уақыттан кейін туристік фирманың жас қызметкерлері келіп, оларды кедей аудандағы жатақханаға ұқсас ғимаратқа апарады, онда қажылардың айтуынша, түсініксіз біртүрлі адамдар тұрған. Қажыларға келесі күні таңғы жетіде тур болатыны айтылған, алайда тағы тур да, гид та жоқ, бір күннен кейін қажылардың өзі автобусқа ақша жинап, Меккеге қарай өз бетімен аттанған. Онымен қоймай, кері қайтатын билет брондалмаған болып шыққан. Кейбір егде жастағы адамдардың жүйкесі сыр беріп, қан қысымы көтерілген. Бірақ жүгіне қоятындай дәрігерлер де, жедел жәрдем де тез табыла қоймаған, ал туристік фирманың жарнамасында өздерінің дәрігерлері бары да айтылыпты…

Туристік фирманы таңдау кезінде өте абай болу керек

– Тексере келгенде бұл туристік фирма жұмысы заңсыз болып шыққан көрінеді. Яғни, ол арнайы тіркеуден өтпеген. ҚМДБ қажылар үшін осындай ақпаратты алдын ала тексеріп бере алады ма?

– Бұл компания Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тізімінде жоқ, біз оны мүлдем білмейміз, ол өзі жақында ашылған. Бірақ бұл алданған қажылардың бір бөлігі ғана екенін ескерткім келеді. Сондықтан, әрине туристік фирманы таңдау кезінде өте абай болу керек.

– Қажыларды тасымалдауға кім құқылы, кімге жүгіну керек және осындай түсініксіз жайтқа тап болса, ол адам, ең бірінші кезекте не істеуі керек?

– Оның ешқандай қиындығы жоқ. Біз әрқашан қажыларға мемлекеттік лицензиясы бар және Діни басқарманың сараптауынан өткен туроператорлардың қызметтерін пайдалануды ұсынамыз. Лицензияны туризм және спорт министрлігі, ал қажылық орындарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы конкурстық негізде береді.

Биыл біз 10 ақпанға дейін ҚМДБ квотасы негізінде қажыларымызды қажылыққа ұйымдастыру және тасымалдау мәселелерімен тікелей айналысатын туроператорлардың жаңа тізімін жариялауымыз керек. Сондықтан біз осы тізімдегі туристік фирмаларды ғана таңдауды ұсынамыз, көзге көрінген кез-келгенін емес. Егер белгілі бір компания аталған ҚМДБ ұсынған тізімде болмаса, ол турфирманы таңдауға кеңес бермейміз.

Ұмраға келетін болсақ, бұл мәселе сәл қиынырақ. Қазіргі уақытта Қазақстанда 50-ден астам туристік фирма ұмрашыларды тасымалдаумен айналысады және олардың көпшілігінде лицензиясы бар-жоғы белгісіз. Демек, заңнама бойынша олардың азаматтарды шетелге тасуға құқығы жоқ. Сонда қалай дейсіз ғой. Жекелеген адамдар да бұл іспен айналысатын себебі Сауд Арабиясы туристік визаға рұқсат береді, сондықтан бұл процесті бақылау қиын деп ойлаймын. Бірақ біз олар үшін жауап бермейміз, мемлекет бұл жағына бас қатыруы керек.

ҚМДБ-да жыл сайын 14-16, тіпті ары кеткенде 18 туристік фирма қажыларды конкурстық негізде тасымалдауға рұқсат алады. Әрине, олар қажылықпен ғана емес, ұмрамен де айналысады. Бірақ бұл турфирмалардың ұмраны қалай ұйымдастыратыны бізге де беймәлім. Өйткені ұмраны бақылауға заңды құқығымыз жоқ. Басқа жекелеген азаматтар мен турфирмаларға қарағанда олардың барлығы ресми тіркелген, құжаттары бар, сондықтан біз солардың қызметіне жүгінуге кеңес береміз. Бұл фирмаларға қатысты қандай да бір форс-мажорлық жағдайлар туындаса, онда адамдар өз ақшаларын қайтара алады. Ал, жеке азаматтар мен лицензиясы жоқтарға мұндай сұрау салу, әрине қиындау?

«Төмен бағамен қызықтырады»

– Қалай болса, солай қызмет көрсететін туристік фирманы алдын ала қалай ажыратуға болады? Ерекше белгілер бар ма бұл арада?

– Заңсыз туристік фирмалар әлеуетті тұтынушыларын бірінші кезекте жолдаманың төмен құнымен қызықтыруы мүмкін. Айталық, ұмра жолдамасының құны 1300-1350 АҚШ доллары аралығында, ал заңсыз тасымалдаушылар болса, 800-1000 доллар етіп көрсетеді оны. Бірақ екеуінің жарнамасы бірдей. Жұрт, әрине арзанына қызығады. Ал олар Мекке мен Мединаға келгенде, қажыларға уәде еткен және жолдама құнына кіретін басқа қызметтерді ұсынбайды. Атап айтқанда, қонақ үймен, гидпен қамтамасыз етпейді, күніне екі рет тамақтану, трансфер, экскурсиялар және т.б деген жоқ. Заңды туроператорлар ешқашан мұндай тәуекелге бас тігіп, алдау дегенге жол бермейді деп ойлаймын.

Өкінішке орай, көптеген азамат мұны түсінбейді, ол жағына бас ауыртып жатқысы келмейді,  мұндай нюанстарды зерттейін деп те ойламайды, арзанға жүгіріп, көз жұма қарағандықтан та артынан опық жеп қалады. 200-300 доллар үнемдеймін деп арғы жаққа барғанда мың долларлап шығынға батады. Белгілі туроператорлар 50 адамнан тұратын ұмрашылар тобын толтыра алмай жатады, өйткені бізде тасымал құны умраның өзіндік құнымен пара-пар. Ал соңғы уақытта дау-дамайға себепші болған туристік фирма ақпан, наурыз айларына  50 адамнан тұратын бірнеше топты төмен құн ұсынып еш қиналмай толтырып отырғаны белгілі. Кез келген туроператор шығынға жұмыс істемейді. Ресми туристік фирмалар алдамайды. Олардың арасында қажыларды тасымалдау саласында 20 жылдан астам жұмыс істегендер бар. Жалпы, мұндай туроператорлар бізде 20-дан аспайды. Ал жаңадан қосылып жатқан жеке тасымалдаушылардың қатары жаңбырдан кейін қаптап шыққан саңырауқұлақтар сияқты күн өткен сайын көбейіп келеді. Бүгінде 50-ден астам сондай компания бар. Олар үшін бұл бизнес. Бірақ қажылық бизнеске жатпайды, бұл діни адамдардың қасиетті парызы және соған сәйкес қызмет көрсетуге тырысуы керек олар.

«Бала-шаға несібесінен жырып алып, оларды қиын жағдайға қалдырып қоймау керек»

– Наурыз айында қасиетті Рамазан айы басталады, одан кейін қажылықтың да уақыты келіп жетеді. Қандай кеңес бар Сізде бұл ретте…

– Тек бір кеңес – қажыларға қызмет көрсету үшін бізде конкурстық негізде іріктелініп алынатын туристік фирмаларды таңдаңыз. Олардың тізімі міндетті түрде муфтияттың сайтында орналастырылады.

Биыл 4 мың қазақстандық қажылыққа барады деп күтіледі. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти бастаған біздің делегация Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барып, қазіргі қажылыққа қатысты ұйымдастырушылық мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы қажылық пен ұмра министріне қажылар үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде өз ұсыныстарын ұсынды. Атап айтқанда, авиабилеттердің, қонақүйлердің бағасын қымбаттатпай бірқалыпта ұстау және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төлем жүйесін оңтайландыру және жалпы қызмет көрсету сапасын жақсарту. Осы мәселелердің барлығын біз қажылық пен ұмра кезінде қажыларымызға сапалы қызмет көрсетілуі, моральдық жағынан да, материалдық жағынан да қиындыққа тап болмасы үшін көтеріп отырмыз.  

– Ұмраға баруда жолдама ұсынатын туристік фирмалар ішінде қаржылық пирамида секілді амалды қолданатындар да бар екен. Мәселен, 200 доллар берсе, жеңілдік картасын ұсынады. Содан соң артынан тағы адам жинауы керек болады дегендей. Жалпы, мұндай жолмен қажылыққа бару шариғат заңына сай ма?

– Ондай фирманы естімеппін. Қажылық пен ұмра жағдайы жеткен адамға ғана бұйырылған шариғи амал. Демек өзің жеке қаражат жинап барсаң болады. Оның өзін бала-шаға несібесінен жырып алып, оларды қиын жағдайға қалдырып қоймау керек. Ал несие алу немесе тағы басқа шариғат тыйым салған жолмен немесе пирамидалық жолмен қаражат салып, батпан құйрыққа кеңелем дегендердің соңы қоғамдағы ұмра тақырыбындағы дау-дамай жауап болмақ.

– Тұщымды сұқбатыңыз үшін рақмет!

Кәмшат Тілеухан

Сондай-ақ оқыңыз