Салық аптасына дейін әлі уақыт бар. Теңге неге нығайды?

Жарияланды

Осы аптада теңге біршама нығайды. Қазір 1 доллар шамамен 456,98 теңгеге сатылады. Бұл – өткен жылдың қарашасынен бері тіркеліп тұрған минималды айырбас бағамы. Мұнай бағасы барреліне 82,3 доллар көлемінде. Осыған және салық аптасының басталуына әлі уақыт бар екеніне қарамастан теңгенің күшейіп алуы ненің нышаны деген сауал туындайды.

Салық аптасында азаматтар өткен тоқсан үшін өндірілген ресурсқа, қосымша құнға, ойын бизнесіне және тағы да басқа кәсіп түрлері үшін (бизнес пен еңбектің сан түрлі саласына қатысы бар 26 тармақтан тұрады – ред.) жеке және корпоративті табыс салығын төлейді. Мұндай апта бір жылда төрт рет болады және соның барлығында бюджетке аса көлемді ақшалай түсім түседі. Салық аптасы төрт айдың еншісінде бар – ақпан, мамыр, тамыз және қараша. Біз қазір соның алғашқы баспалдағына (ақпан айының 20-22 және 25-27-сі) таяу тұрмыз.

Салық аптасы теңгеге оң әсер етеді. Себебі, отандық ірі компаниялар халықаралық сауда-саттықта шетел валютасымен алған кірісін теңгеге айырбастайды. Яғни ірі компаниялар Қазақстан қор биржасында валюталарын сатылымға шығарады. Сөйтіп, долларға деген ұсыныс сұраныстан асып түседі де, доллар құны төмендейді. Компаниялар салықты теңгемен төлеуі шарт, сол себепті төл валютаға деген сұраныс еселеп артады.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, тап қазір күшті теңгенің қалыптасуы бір жағынан жақсы болғанымен, екінші жағынан көңілге күмән де ұялатады.

«Біз бір кездері әріптестерімізбен мынадай түсінік енгізіп едік: ЧПОК – частично плавающий обменный курс (ішінара еркін жүзетін айырбас бағамы). Жаздан бері осы ЧПОК-ты көріп отырмыз. Шілде айынан бастап теңге сыртқы факторларға реакция танытпайтын болды. Ол идеалды тұрақты болып алды. Неліктен оның тұрақты бола қалғанын түсіну үшін валюта нарығының құрылымын білу керек. Ұлттық банк сауданың 35-45 пайызын Ұлттық қор, квазисектор және БЖЗҚ арқылы бақылайды. Ол сұраныс пен ұсынысты қадағалайды. Сұраныс пен ұсынысты қадағалай отыра сен бағаны да бақылай аласың. Соның нәтижесінде теңге ішінара еркін жүзетін болды. Ол шілдеден бері әлсіз бағытқа қарай ішінара жүзіп жатыр. Ал біз қазір мүлде түсініксіз сыртқы факторлар жағдайында нығайып жатырмыз. Президент тапсырма берді, Ұлттық банк уәде берді, сол тұрғыдан бұл жақсы шығар. Бірақ нарықтық экономика тұрғысынан бұл нашар тенденция. Өйткені бағам нарықтық тұрғыда болжануы керек еді. Бұл теңгенің тұрақтылығынан да маңызды. Мысалы, күзде мұнай бағасы 10 долларға құлдырады, бірақ теңге селт еткен жоқ. Бұл дұрыс белгі емес», дейді сарапшы.

Түсінгеніміз, теңге курсы қазір нарықтың күтуіне сәйкес қалыптасуы тиіс еді. Яғни, сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып: мұнай бағасы, сыртқы сауда және ішкі инфляция әсерлері негізінде пайда болған айырбас курсы қалыптасса – бұл шынайы әрі табиғи болар еді. Сарапшының айтуынша, теңге қазір Ұлттық банктің қатаң бақылауы нәтижесінде нығайып алды. Алайда алдағы салық аптасында қазіргіден де күшейе түседі деуге негіз жоқ. Бұған себеп ретінде Чеботарев ірі компаниялардың «қитұрқылығын» алға тартады.

«Меніңше, салық аптасы біраздан бері теңгеге айтарлықтай оң әсер етіп жүрген жоқ. Себебі, біздің сүйікті, ғажайып жер қойнауын пайдаланушылар қызықты лайфхакты үйреніп алған. Олар салық төлеу үшін өздерінің валюталық түсімін ауыстырмайды. Олар осы валютамен немесе бағалы қағазымен қазақстандық банктерде РЕПО жасайды. Олар салық төлеу үшін тек теңгені қарызға алады. Сосын оны өзінде бар теңгелей түсімнен береді. Бірақ олар валютаны ауыстырмағанды дұрыс көреді және мұны Ұлттық банктің есебінен де анық байқауға болады. Әрбір салық аптасы сайын бізде РЕПО көлемі күрт артады. РЕПО дегеніміз – валютаны немесе құнды қағазды кепілге ұсына отырып, қарызға ақша алу жолы. Сондықтан алдағы салық аптасында теңге қатты күшейеді деп айта алмас едім. Өйткені жер қойнауын пайдаланушылар біраздан бері салық аптасында өз валютасын шашпауды үйреніп алды», дейді Андрей Чеботарев.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов теңгенің қазіргі нығаюына орнықты әрі жоғары мұнай бағасы себеп деген ой айтады.

«Қазір біз үшін мұнай бағасы қолайлы болып тұр. Мұнай экспорты бойынша қиындық туындап тұрған жоқ, сол себепті түсім де тәуір түсіп жатыр. Экономикаға доллар ағыны жап-жақсы келіп жатқандықтан, теңге нығаюда. Алда қаншалықты күшейетінін тап басып айту қиын. Өйткені ол мұнай бағасына, геосаяси жағдайға тәуелді. Иә, әдетте салық аптасында төл валюта күшейіп жатады. Бірақ айтарлықтай нығаю бола қоймайтын секілді, өйткені Ұлттық банкке қазір алтын-валюта қорын толықтыру керек, сондықтан ол оны биржада түгел сатып алатын болады», дейді.

Сарапшының сөзінше, мұнай бағасы алдағы кемі алты айда құбылмауы тиіс. Бұл төл валютамызға тәуір қолдау көрсетеді.

«Осы жыл қазақстандық мұнайға деген сұраныс тұрғысынан жақсы болады деп үміттенемін, әсіресе, алғашқы екі тоқсанда. Егер біздің мұнайды тасымалдау бойынша сын-қатерлер туындамаса, осы жыл, соның ішінде алғашқы алты ай өте жақсы өрбуі тиіс. Ал шын мәнінде бұл аса жақсы нәрсе емес. Неге? Өйткені біз одан сайын мұнайға деген тәуелділік шырмауына түсе береміз және бұл жағдайды реттей алмаймыз. Қысқа мерзімді перспективада біз үшін бұл ыңғайлы. Себебі, экономикамыз әртараптанбаған, шикізатқа тәуелділік бар. Оның үстіне үкімет үлкен шығындарды жоспарлап отыр, оның ішінде әлеуметтік шығындардың үлесі мол. Ал мұнайдағы табыс есебінен бюджет тәуір кіріс алуын жалғастырады», дейді.

Теңгеге тек мұнай бағасының әсер етпейтіні белгілі. Сондықтан біржақты болжам айту қиын дейді ол.

«Теңгенің жағдайы биыл қалай болатыны әлі түсініксіз. Бірінші тоқсан міндетті түрде жақсы өтеді. Екінші тоқсанда Федералды Резерв Жүйесінің саясатына, яғни ставканы қаншалықты көтеретініне қараймыз. Ондай қатты емес, бірақ көтереміз деп отыр. Сондықтан доллар және өзге елдердің валюталарымен бірге теңге де нығаюы тиіс. Бірақ аса қатты емес. Және бұл жағдай бізге соншалықты әсер ете де қоймайды», деді Расул Рысмамбетов.

Қазақстан Қаржыгерлер Қауымдастығының мәлімдеуінше, Brent маркалы мұнай бағасының барреліне орташа 85 доллар жағдайында 2023 жылғы доллар мен теңге курсы ел бюджетінде 470 деңгейінде бекітілген. Сондықтан 1 доллардың қазір 456 теңге деңгейінде күшейіп тұруы уақытша құбылыс болуы да бек ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз