Ұлттық қордағы валюталық активтер 57,6 млрд долларды құрады

Жарияланды
Фото; ғаламтордан алынды

Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова арнайы тезистер жариялады,- деп хабарлайды Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Қаңтарда Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлеміне әсер еткен факторлар туралы

Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі алдын ала берілген деректерге сәйкес, өткен айда 1,9 млрд АҚШ долларына ұлғайып, қаңтар аяғында 57,6 млрд долларды құрады.

Әлемдегі қор нарықтары 2023 жылды оптимизммен бастады. Нәтижесінде тәуекел-дәрежесінің артуы акциялар мен облигациялардың өсуіне, сондай-ақ алтын бағасының айтарлықтай ұлғаюына әсер етті. Нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қаңтарда 1,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Активтердің өсуіне ықпал еткен қосымша фактор – Ұлттық қорға түскен түсімдер саналады. Мәселен, қаңтарда қорға түскен валюталық түсімдер 329 млн АҚШ долларын көрсетті.

Бұл ретте өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 235 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 228 млн АҚШ доллары сатылды. Трансферт үшін қаражаттың негізгі бөлігі қорға теңгелік түсімдер есебінен бөлінді.

Қаржы нарығындағы жағдайлардың одан әрі даму перспективалары туралы

Жуырдағы әлемдік қаржы нарығындағы облигациялар кірістілігінің айтарлықтай төмендеуі инфляция тәуекелдерінің екінші жоспарға біршама кеткенін көрсетеді. Сондықтан инфляция тәуекелдеріне қатысты алаңдаушылық рецессия тәуекелдеріне қатысты алаңдаушылықпен алмасады. Өткен жылы АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің жылдам көтерілуінен кейін талдаушылардың көпшілігі 2023 жылы АҚШ экономикасының теріс қарқынының басталу мүмкіндігін шамамен 65% жоғары деңгейінде бағалап отыр. Сонымен қатар, кейбір елдердің – ҚХР мен Еуроаймақтың «күтпеген жоғары экономикалық тұрақтылығы» аясында ХВҚ жаһандық экономиканың өсу болжамын қазандағы болжамнан 0,2 п.т. жоғары 2,9%-ға дейін көтерді. Тұтастай алғанда, АҚШ-та рецессия туындаған және ҚХР мен Еуроаймақтың тұрақтылығы сақталған жағдайда, кейбір талдаушылардың, атап айтқанда, Goldman Sachs-тың бағалауы бойынша дамушы елдердегі валюталардың динамикасы оң болады.

Мұнай нарығына келер болсақ, ұзақмерзімді перспективада барлық назар Қытайға ауады. Себебі ҚХР экономикасын Zero Covid саясатынан кейін «ашу» ауқымы алға шығады. Кейбір бағалаулар бойынша, 2023 жылы мұнайға баға белгілеу – санкциялар мен Қытайдағы энергия ресурстарына сұраныстың артуы арқасында ресейлік экспорттың төмендеуі есебінен 1 баррель үшін 100 АҚШ долларынан жоғары көтерілуі мүмкін. Басқалары, керісінше, 2023 жылы отынға деген сұраныстың төмендеуін күтеді. Олардың болжамы бойынша, мұнай құны 1 баррельге жылына орташа есеппен 80 АҚШ долларын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз