Зауытқа берілетін мазуттың квотасы ұлғайса, онда қанттың бағасы 10%-ға арзандайды
Қанттың бағасы 10%-ға арзандауы мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат «Ақсу қант» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Оразбеков мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
«Ақсу қант» зауыты – Қазақстандағы мазутпен жұмыс істейтін жалғыз зауыт. Қалғандарының барлығы газбен істейді. Мазуттың бағасы экспорттық шектеулерге байланысты бірде көтеріледі, бірде төмендейді. Ал біз, қант шығару үшін оны сатып аламыз. Дегенмен, бағаның тұрақсыздығы қанттың құнына да әсер етеді. Мәселен, қантқа шекті баға қойылған. Бұл орайда біздің шығындарымыз артып кетеді. Облыс әкімдігінен «ҚазМұнайГазға» хат жазуын өтіндік. Бізді арнайы кәсіпорындар тізіміне енгізуін сұраймыз немесе бөлінетін квота көлемін ұлғайтса дейміз. Мазуттың квотасын 20 мың тоннаға көбейту орынды болар еді. Ол өте көп емес. Тиісінше, қанттың бағасы 10%-ға арзандайды. Біз осы мәселені жарты жылдан бері шеше алмай келеміз», – деп ұсыныс білдірді Қайрат Оразбеков.