Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет резервінен Түркия еліне 1 миллион доллар көлемінде жедел көмек қаражат бөлінгені белгілі. Қаражат арнайы шотқа аударылды. Бұдан бөлек, 100 ге тарта қазақстандық құтқарушы осы елде жұмыс істеп жатыр.
Сирияда зардап шеккендерге 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Мемлекеттік материалдық резервтен консервілік өнімдер, жылы киімдер, қысқы шатырлар, төсек орын мен жабдықтар жіберілетін болды. Жүк Алеппо қаласына төрт әуерейсіне бөлініп жолданады. Сирияға көмек жіберу туралы тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді.
Аймақтардағы волонтерлік ұйымдар
Қайғылы жағдайдан соң, елордада дереу арада қабылдау бөлімшелері ашылды. Бір тәуліктің ішінде-ақ, астаналықтар 400 келіден астам жылы киім, шатыр, жеке тазалық заттарын жинап берген.
«Түркияда болған оқиғаға байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жылу жинап бастағанбыз. Бір күннің ішінде көмек қолын созғысы келіп ниеттенгендер көп болды. Қазір елордада екі қабылдау бөлімі бар: Түркия елшілігінде және Ұлттық волонтерлер желісінің кеңсесінде. Сонымен бірге, біздің еріктілер барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда жинап жатыр. Мекенжайларын әлеуметтік желідегі ресми парақшамызда жазып қойдық», деді республикалық Birgemiz волонтерлер фронс-офисінің аймақтық менеджері Дархан Сұлтан.
Мұндай қайырымдылы кампаниясының қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Еріктілердің айтуынша, әлі бірнеше аптаға жалғасуы мүмкін. Барлығы Түркиядағы ахуалға байланысты.
«Бізге ерікті болып қосылғысы келгендер qazvolunteer.kz сайтына кіріп, өтінім толтыруы керек. Сонымен бірге мессенжерлерде чаттар ашып, әлеуметтік желідегі парақшаларымызда ақпарат бөлісіп отырамыз» дейді Birgemiz менеджері.
Гуманитарлық көмекті заттай беріп жатқандар да аз емес. Еліміздің бірнеше қаласында қабылдау бөлімшелері ашылған. Ол жерде жиналған тауарлар Түркияға ұшақпен және жүк көліктерімен жіберіледі. «Добряки Шымкента» еріктілері Шымкент қаласында заттар қабылдап жатыр. Көпшілігі киім-кешек, ойыншық, азық-түлік, балдақтар, төсек-жабдықтар апарып жатыр.
Алматыда гуманитарлық көмек пункті ретінде Майлин, 2 адресінде орналасқан қалалық әуежай мен Байтұрсынов, 22к1 мекенжайында орналасқан Depo Evolution Park бекітілген. Еріктілер штабына мемлекеттік Алматы жастар саясатынан дамыту қорының белсенділері, «Лига волонтеров Казахстана», ОФ «Qamqor charity», РОО «Медицинская молодежь» секілді ірі еріктілер ұйымдарының активистері қосылған.
«Қала еріктілері гуманитарлық көмек жинауға қатысты ақпараттарты таратып, ақпараттық материалдарды чаттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларға жариялау үшін афишалар мен бейнероликтер әзірледі. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 50 тәжірибелі ерікті бекітілді. Олар заттарды сұрыптау, қабылдауда бағыт беріп отырады» дейді қала әкімдігіндегілер.
Керекті заттардың тізімін Қазақстандағы Түркия елшілігі әзірлеп берді. Заттар осы тізім негізінде қабылданады. Аталған тізімде не бар?
- қыстық киім (ересектер мен балаларға арналған киімдер, киілмеген болуы керек), пальто, күртеше, жаңбыр өткізбейтін плащтар, етік, жемпір, шалбар, қолғап, мойынорағыш, малақай, шұлық, іш киім және т.б;
- Көрпе, төсек қап;
- Термостар, қолға ұстайтын фонарь, пауербанк;
- Жөргектер, гигиеналық заттар.
Зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету үшін арнайы шот ашылған. Kaspi.kz мобайл қолданбасы арқылы қаражат жіберуге болады. Ол үшін мына әрекеттерді орындау керек: «Төлемдер» — «Қайырымдылық» — «AFAD Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге арналған шот» немесе «Ұлттық волонтерлер желісі» деген жерге аударуға болады.
Жүзге тарта киіз үй жіберіледі
Сондай-ақ, қазақстандықтар Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге 100-ге жуық киіз үй жібереді. Көмекті ұйымдастырушы Нұрбек Бекбау қазақстандықтардың 20 млн теңгеден астам қаражат жинағанын айтты. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй алынған. Кейін тағы 2 млн 700 мың теңгеге тұрмыстық заттар (ошақ, қазан, ыдыс-аяқ) алынады. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 50 киіз үй сатып алып, әуежайдың қоймасына жеткізген.
«Киіз үйдің психологиялық маңызы да бар. Түріктер Қазақстанды «Атажұрт» деп атайды, өйткені Қазақстан аумағы – барлық түркілердің, оның ішінде қазіргі түріктердің ата-бабаларының отаны. Біз Түркиядағы бауырларымызға әрқашан көмек көрсететінімізді және ынтымақты көрсеткіміз келеді», деді Нұрбек Бекбау.
Ұйымдастырушының айтуынша, киіз үйлерді құрып көмектесуге Алматыдан боз үйлерді құру, жиыстыру шеберлері — 12 азамат аттанады. Одан бөлек, сол барған азаматтар жергілікті халықты құтқару жұмыстарына да көмектеседі.
Түркиядағы қазақтар да қалыс қалған жоқ
Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулдығы, қалада тұратын қазақстандықтар мен оқып жатқан студенттер, жергілікті қазақ диаспорасы да жер сілкісінен зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жіберуге көмектесіп жатқанын хабарлады. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, 160 мың доллар шамасында көмек жолданған. Атап айтқанда, аймақтарға ең қажет заттар — балаларға тамағы, балалар киімі, жөргектер, азық-түлік тауарлары, қалың киім, көрпелер жіберіліп жатыр. Гуманитарлық көмек түрік билігімен бірлесе отырып көрсетілуде. Бас консул Алим Байел қазақтардың осындай үлкен көмек көрсеткеніне алғыс білдірді.
6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік бөлігінде болған алапат жер сілкінісі әлемдік БАҚ-тың жіті назарында. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 20 мыңнан асып жығылды. Мыңдаған адам қиранды астында жатыр. Құтқару операциясы жалғасып жатқанымен, бірнеше күннен бері ас-сусыз, үйінді астында жатқандардың аман қалу ықтималы азайып келеді.
Түркияның Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше апат салдарынан көз жұмғандар саны 18 342 адамға жеткен. 74 мыңнан аса адам зардап шеккен. Ал Сирияда құрбандар саны 3300 болған.