Апелляциялық сот экс-министр Біртановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды
Суд Биртанова
Сот Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Фото: Асқар Ахметуллин

Апелляциялық сот экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 431-бабы, 443-бабы, 444-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа алып, сот алқасы 2022 жылдың 28 қазандағы Елжан Біртановқа, Олжас Әбішевке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы етті. Қорғау тарапы мен сотталғандардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмайды. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді», деді судья Айбек Әмірғалиев.

Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарады.

10 қаңтарда апелляциялық сот бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біртановтың ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды.

Бастапқыда оған мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін 5 күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны – 1,5 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

Елжан Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішевтің ұсталғаны туралы 2020 жылдың 2 тамызында хабарланды. Ол «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді.

2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болған Олжас Әбішев министрлікте цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауапты болған.

Астанада 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды.

Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.

Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот платформаға байланысты денсаулық сақтау министрлігінің өтінішін ішінара қанағаттандырып, екі сотталушыдан 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді.

2022 жылдың 9 қарашасында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Сондай-ақ оқыңыз