Жаңалықтар

Бағдат Мусин : «Cоңғы үміт сөнді…»

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркияда зілзала кезінде көз жұмған Мирболат Құрмашевпен курстас болғаны туралы жазды. Ол Телеграмм арнасында досы туралы жазба қалдырды.

фото; телеграм арнасынан

«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус экеуиміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын.

Дінге берік адам еді.
Мағжан Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек этті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты», деп жазды министр.

Бағдат Мусин өзін Мемлекет басшысы министр етіп тағайындағаннан кейін, курстасы Мирболат Құрмашев Қазақстандағы қолға алған жобаларынан өз еркімен бас тартқанын да атап өтті.

«Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын, деді ол. Мирус – жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбулдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді.
Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айтып жатар деп ойлаймын.
Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым», деп жазды Бағдат Мусин.

Соңғы мәліметке сәйкес, Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты, 72 мыңға жуық адам зардап шекті. Зілзала 6 ақпан күні болды. Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Қазақстан құтқарушыларының екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда аттанған еді. Алғашында қазақстандық бортпен 16 адам, екінші бортпен 64 адам Түркиядан елімізге жеткізілген еді.