ҚазМұнайГаз және ЛУКОЙЛ «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жобалары бойынша келісімге қол қойды
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін иегру жобасы бойынша бірқатар келісім жасасты. Тараптар Қатысушылар келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталында 50% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына және Қатысушылардың оператор қызметін қаржыландыру шарттары туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Құжаттар жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесін игеру бойынша бірлескен қызметінде құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Осылайша, «ЛУКОЙЛ» компаниясы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың Каспий қайраңында жер қойнауының осы учаскесін игеруде стратегиялық серіктесіне айналды.
Келісімдер «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ арасындағы жоба операторы – «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС компаниясындағы тең үлесін бекіту мақсатында жасалатын сатып алу-сату мәмілесі аяқталғаннан кейін күшіне енеді.
2023 жылы 6 ақпанда «ҚазМұнайГаз» Каспий теңізінің Қазақстан бөлігінде орналасқан «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» учаскесінде (күрделі теңіз жобасы) жер қойнауын пайдалану құқығын алды.