Қазақстан құтқарушылары Түркиядағы құтқару жұмысын жалғастырып жатыр
Қазақстан құтқарушылары Түркияда іздеу-құтқару жұмысын жалғастырып жатыр Қазіргі кезде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылды, деп хабарлайды ТЖМ.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр.
«Газиантеп қаласында пневмокаркасты модуль негізінде медициналық бекет орнатылды, ол жеке құрамды жылыту үшін де қолданылады. ТЖ салдарынан зардап шеккендерге, құтқарушыларға, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына шұғыл көмек көрсету біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді»,- дейді ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Жазылбай Қозыбақов.
Қазақстан құтқарушылары Газиантеп қаласы мен Нурдагы, Хатай елдімекендерінде жұмыс істеп жүр.
7 ақпан күні Қазақстандық құтқарушылар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Түркияға аттанған еді.
ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологтардан түратын тағы бір топ 8 ақпан күні ұшты.
Қазақстан Түркиядағы зілзала салдарын жоюға 1 млн доллар қаржы бөледі.