Майнингтік компаниялар Қазақстан экономикасына үлес қоса ала ма?
Елімізде «Цифрлық активтер» туралы заң қабылданды. Бұл заңның маңыздылығына қатысты осы жоба талқысына атсалысқандардың бірі – ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Екатерина Смышляевамен сұхбаттасқан едік.
– 6 ақпанда Мемлекет басшысы «ҚР-дағы цифрлық активтер туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң жалпы бізге, Қазақстан халқына не береді?
– Бұл заңды Мемлекет басшысының цифрлық майнингті, оның ішінде оның өнімін құқықтық реттеу және Қазақстанда криптовалюта экожүйесін құру мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында депутаттар әзірледі.
«Миллионнан астам қазақстандық криптовалюта биржаларына қатысып, ақша салады»
Жалпы, бұл тақырып талқысына тікелей көшпестен бұрын, тарихқа кері оралған жөн. Майнерлер Қазақстанға 2017 жылы жаппай келе бастады. Өйткені осы кезеңде көршілес елдер бұл қызмет түріне тыйым салды. Неге дейсіз бе?..
Майнинг бойынша есептеу операциялары салқындатуды аса қажет ететін өндірістік жабдықтарда жүргізіледі. Содан кейін де ол электр энергиясын көп «жалмайды». Осы жағынан алғанда, майнинг орталықтарға климаты суық, электр қуаты қолжетімді әрі арзан елдер қолайлы. Майнинг фермасы бар елдерде соңғы кездері экология жайы да күн тәртібіне шығып, өзекті мәселеге айналған. Ал ол кезде біздің мемлекет майнинг дегенге бас ауыртпаған, яғни ондай мүлде заң жоқ еді. Өздеріңізге белгілі, тыйым салынбаған нәрсе рұқсат етілген болып саналады. Міне, ешқай жерге сыймай үдере көшкен осындай «қашқын» компаниялар бізде осылайша пайда болды. Көп ұзамай олар елдің энергетика жүйесіне салмақ түсіре бастады, бұл жайт майнинг өндірісінен алыс ел азаматтарының өзіне 2019 жылы жақсы сезілді.
Міне, сол кезде заңдарға алғашқы реттеуші нормаларды енгізу қажеттілігі туындады. Бірақ олардың өзі іс жүзінде жеткіліксіз болып шықты. Ал қазіргі қабылданған заң барлық құқықтық олқылықты жойып, компанияларға ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, көлеңкелі қызметтің жолын кеседі, ең бастысы электр энергиясы тұтынысында нақты алғышарттарды алға тартады.
Майнинг компаниялардың құқықтық мәртебесіне қатысты тағы бір мәселе бар еді. Майнинг өнімі ешқашан біздің Қазақстан экономикасының бір бөлшегі болған емес. Яғни, біздің энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, ол компаниялар басқа елдерге өнім өткізетін, салық төлейтін. Ал қазіргі заң бойынша олар біздің де экономикамыздың бір бөлігіне айнала алды. Соған қол жеткіздік.
Заңда қарастырылған тағы бір мәселе – криптовалюталық операцияларды тәртіпке келтіру. Негізінен, оған елімізде тыйым салынған, соған қарамастан ондай операциялар бізде аракідік орын алып жатады. Мәселен, бейресми деректер бойынша, бүгінгі таңда миллионнан астам қазақстандық криптобиржаларға қатысып, ақша салады.
Ұлттық энергия жүйесін заңсыз майнерлерден қалай қорғаймыз?
– Кеше тығылып жұмыс істеген майнерлер осы заңның арқасында бүгін заңды түрде іске кірісуге мүмкіндік алса, олардың өндіріс көлемі артпайды ма? Ал бұл электр энергиясы тұтынысы өсімін білдіреді емес пе? Мұндай жағдай ақырында тарифке, одан әрі инфляцияға кері әсер етіп жүрмейді ме?
– Қазірдің өзінде елімізде 300-ге жуық майнинг компания ресми түрде жұмыс істейді. Соңғы жылдары көлеңкелі бизнестегі майнерлер көлемін 5 еседен астамға қысқартуға қол жеткіздік. Бірақ трафик көрсетіп отырғандай, жасырын жұмыс істейтін майнинг фермалар әлі де ел аумағында бар. Бұл – басты мәселе. Оны, мына жаңа қабылданған заң енді шешуі тиіс. Жаңа ережеге сәйкес, майнинг қызметі лицензиялауға жатады.
Заң жүзінде жұмыс істейтін майнинг компаниялар қызметін ашық жүргізеді, олардың электр энергиясы тұтынысы реттеуге жатады, сондықтан бұл тараптан қандай да бір қауіп жоқ.
Ұлттық энергия жүйесін заңсыз майнерлерден қорғау жаңа заңда қарастырылған. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады. Электр энергиясын ортақ электр жүйесінен тікелей тұтынуға цифрлық майнерлерге тыйым салынады. Олар тоқ қуатын ортақ энергетикалық жүйеден профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, бүгіндері майнинг саласының энергия жүйесін қалпына келтіру үшін инвестиция салу жайы да белсенді талқылануда.
Міне, аталған осы реттеу тәсілдері қарапайым азаматтарға арналған тарифтерге теріс әсер болуына жол бермейді, керісінше, майнинг компаниялар үшін электр энергиясының құны тұрмыстық тарифтен әлдеқайда жоғары болады.
Қазақстанда криптовалюта операцияларын жарнамалауға тыйым салынады
– Қазақстанда криптовалюта айналымына тыйым салынған. Ал қабылданған жаңа заң жақын болашақта оған рұқсат берілетінін білдіруі мүмкін бе?
– Ұлттық заңнамада криптовалюта айналымына рұқсат беру мәселесі қарастырылмаған. Өйткені бұл біздің азаматтар үшін де, жалпы қаржы жүйесі үшін де қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер ел аумағында төлем құралы, қаржы активі және қаржы құралы болып танылмайды. Ал қамтамасыз етілгендері ақшамен қамсыздандырылмайды.
Қазақстан территориясында криптобиржалардың қызметіне тыйым салынады, сондай-ақ криптовалюта операцияларын жарнамалауға да тыйым салынады.
Дегенмен криптовалюта өндірісі, майнинг, оны өткізу, цифрлық актив операциялары аралығындағы криптовалюталардың толыққанды өндірістік циклін қамтамасыз ету «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеке юрисдикциясына жатады. Осы жағынан алғанда, майнинг компаниялардың өз өнімдерін отандық криптовалюта биржаларында сату міндеттемелерінің енгізілуі қазақстандық киптовалюта экожүйесін құруға және дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте криптовалюта операцияларына тартылған ел азаматтарын қорғау үшін Халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңға біз криптобиржаларға қойылатын талаптарды енгіздік.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін криптобиржалар отандық ақпараттық қауіпсіздік орталықтарына қосылуды, реттеушіні орын алған оқиғалардан хабардар етуді, ақпараттық қауіпсіздік саласында өз саясатын әзірлеп, жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Криптобиржалар үшін, әсіресе азаматтарды тәуекелдер және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ақпараттан хабардар ету турасында міндеттемелер қарастырылған.
Сонымен қатар, цифрлық активтермен жұмыс істейтін тұлғалар қаржы мониторингісіне жататын субъектілер болып табылады, олар қаражатты жылыстату және капиталды шетке шығару дегенде ерекше назарға алынады.
Тұтастай алғанда, ұсынылған қорғаныс шаралары цифрлық активтерді ашық әрі басқаруға келетіндей икемді етеді.
Цифрлық майнерлер енді салық төлеушілерімізге айналады
– Егер цифрлық актив Қазақстан экономикасының толыққанды құралы болып табылмаса, майнерлерді қолдау не үшін керек? Оны экспорттаушы ретінде қолдаймыз ба сонда?
– Майнинг саласының және оның өнімінің еліміздің экономикасына қатысуын қамтамасыз ету үшін цифрлық майнерлер қызметінің екі түріне лицензиялау енгізілді.
Бірінші түрі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі.
Екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері саналатын цифрлық майнерлер қызметі. Сонымен қатар барлық майнер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлттық сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады.
Бұл заң су жаңа саланы реттейді
– Цифрлық активтерге салық салу жүйесі дегеніміз не? Бұл туралы қандай да бір сан немесе статистика ұсына аласыз ба?
– Біз аталған заң арқылы салықтарды басқаруда мынандай ашық тетіктерін белгілейміз:
Бірінші. Цифрлық майнерлердің корпоративтік табыс салығы. Өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі.
Екінші. Көрсеткен қызметтері үшін алынған комиссиядан майнинг пулдың корпоративтік табыс салығы.
Үшінші. Крипто-валютамен операцияларды жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы.
Ал төртінші кәсіпкерлік субъектілері ретінде крипто-биржалардан алынатын корпоративтік табыс салығы.
Сонымен қатар, сырттан әкелінетін жабдыққа салынатын қосымша құн салығы және пайдаланылған әрбір киловатт энергия үшін алынатын төлем тағы бар.
Санға келетін болсақ, біз бұл арада нақты бір соманы атай алмаймыз, өйткені біз капиталды көп қажет ететін бұл нарықтың заңды көлемімен бетпе-бет келген емеспіз. Сондықтан бұл арада айтылатын кез келген сан қате болуы мүмкін. Азырақ шыдамдылық танытсақ, жаңа ережелер қолданысқа енсе, ар жағы белгілі болып қалады, сәл күте тұралық.
Бұл заң өте тез өзгеретін салыстырмалы түрде жаңа бір саланы реттеуге арналған. Заң өз өзектілігін қанша уақытқа дейін сақтай алады? Мұны да білмейміз. Өйткені бұл заң жобалары жаңа саланы реттейді, оның қандай да бір модельдік үлгілері мен баламасы жоқ.
Бүгінгі таңда, өзіңіз атап өткендей, сала өте жоғары қарқынмен дамып келе жатыр, сондықтан реттеу саясаты тұрғысында нормативтік құқықтық актілерге біздің әлі бірнеше мәрте түзетулер енгізуіміз мүмкін. Қалай дегенмен де аталған заң жобаларында ағымдағы барлық сындарлы қауіптер мен тәуекелдер барынша ескерілген.
Ең бастысы, заңда біз қамтамасыз етілген цифрлық активті реттеудің негізін қалай алдық. Бұл біздің жағдайда аса өзекті болатын. Сондықтан оған халықаралық сарапшылардың да қазір назары ауып отыр. Ең алдымен мамандандырылған платформаларда қамтамасыз етілген активтерді шығару мен айналымға рұқсат беретін тәртіп енгізілді. Арнайы шешімді орындау мен тек қамтамасыз етуді растау арқылы оларды шығару тәртібі ұсынылды. Осылайша, қолданыстағы заңнамадағы кемшіліктер жойылады.
Қамтамасыз етілген активтің ерекшеліктері анықталды. Осы реттеуші тәсіл арқылы токенизация процедурасы және тұтастай алғанда блокчейн технологиясы жеке шешімдерге қатысты салалық заңдар мен ережелерде қолданылуы мүмкін. Мысалы, токенға айналдыру және деректерді сақтау немесе инвестициялау процесі дегендей. Бұл зияткерлік құқықтар, NFT және смарт-келісімшарттар саласындағы реттеудің негізі болып табылады.
– Сұхбатыңызға рақмет!