Жаңалықтар

Нұрқожа Ерсайын: мақсатым табыс табу емес, қазақ тарихын жастар арасында насихаттау

derekkoz.kz жобасының авторы Нұрқожа Ерсайын. Фото: жеке қордан

Нұрқожа Ерсайын – кәсіпкер, тарихшы, археолог және медиа маман.  Нұрқожа қазіргі кезде жастарға жаңартылған форматта  қазақ тарихын насихаттау мақсатында derekkoz.kz қолға алған. Оның айтуынша бұл коммерциялық жоба емес. Сұхбатымыз осы жоба туралы болды.

– Нұрқожа, өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?

– Мен Ұлытау облысындағы Жаңаарқа деген жердің тумасымен. Ауылдың тыныс-тіршілігін бойыма сіңіріп, ата-әженің қолында өскен қазақтың баласымын. Негізгі мамандығым – реставратор. Қарапайым тілмен айтқанда, тарихи құндылықтарды қалпына келтіруші. Өзім түрлі археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Көптеген ғылыми жобалардың экспедиция мүшесі  болдым. Өзімнің де көптеген проектілерім бар. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жиында өзімнің ғылыми жұмыстарымды таныстырып, ұсынған болатынмын. Ал, алғашқы ғылыми жұмысым «Қазақтың көне баспанасы» деп аталған болатын.

– derekkoz.kz  жобасының негізгі мақсаты қандай? Ерекшелігі неде…

–  derekkoz.kz  әлеуметтік-қоғамдық жоба десек болады. Негізгі мақсаты – ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамызды сақтап қалу. Яғни қазіргі кезде салт-дәстүріміз, отбасы құндылықтары мен мәдениетіміз жойылып, ұмытылып бара жатыр. Ал derekkoz.kz арқылы тарихи мұрамызды келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізгім келеді. Қазіргі таңда бұл жобаға – деректі фильмдер, сұхбат пен әлеуметтік желіге арналған қысқа метражды видео түсіреміз.

Біздің жоба таза қазақ тілінде жүргізіледі. Біріншіден, тарихты қызықты, адамды жалықтармайтын  форматта түсіндіреміз.  Сондай-ақ, көптеген жастар біздің derekkoz.kz  арқылы, қазақ тілін үйреніп жүр. Қазіргі кезде тіпті мектептердің өзінде біздің жұмыстарымызды қазақ тілі, әдебиет, тарих сабақтарында көрсетіп тұрады.

–  derekkoz.kz жобасының қаржыландыру жағына тоқталсақ?

– Бұл жобаның қаржыландыру жағына келетін болсақ, ешқандай көмек жоқ. Барлығын өз күшімізбен ісеп жүрміз. Мен өзім кәсіпкермін.  Медиа саласында жұмыс істеймін. Әлеуметтік желі арқылы қаражат табамын. Әртүрлі проектілерді жүргізу арқылы тапқан қаражатты, derekkoz.kz жобасына саламын. Бұл derekkoz.kz коммерциялық жоба емес. Бұның мақсаты – ақша табу емес. Жастардың арасынды тарихқа деген қызығушылықты ояту. Бұл шын жүректен, пайдасы болсын деген оймен жасалған проект. Бізге бұл жоба ешқандай қаражат әкелмейді. 

– TikTok-та  жастар арасында танымалсыз, бұл видео арқылы жастарға тарихты жаңа көзқараспен түсіндіру ме?

– Мектептегі оқушыларға тарихты саяси тұрғыда оқытып, түсіндіреді. Ал мен қарапайым халықтың тыныс-тіршілігімен таныстырғым келеді. Көптеген оқушылар тарих пәнін қызықсыз деп есептейді. Сондықтан мен балаларға видео арқылы жеңіл түсіндіремін. Маған көптеген ұстаздар мен оқушылар хабарласады. Біздің проект арқылы балалардың тарихқа деген қызығушылығы артып жатыр.

–  Киім кию стиліңіз ерекше. Бұл жастарға ұлттық киімді дәріптеу мақсатында ма?

– Иә, жастарға ұлттық нақыштағы киімді дәріптеу десек болады. Негізінде ұлттық нақыштағы киім өзіме ұнайды. Мысал ретінде үнділер, арабтар мен жапондықтар ұлттық киімдерімен мақтанады. Мен де елімізге бұл  үрдіске ой салып, жаңғыртқым келді. Ең алдымен өзім үшін кие бастадым. Ал қазіргі кезде оқырмандарым көбейді. Сол үшін үлгі болуым қажет.

Сұхбатыңызға рақмет.