Жүргізуші полиция қызметкерін 200 метрге сүйреп кеткен
Теміртауда мас күйдегі жүргізуші полиция қызметкерін 200 метрге сүйреп кеткен. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
Теміртау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бейбітшілік даңғылының бойында қызметтік көліктің арнайы дауыс шығарғыш құралы арқылы 31 жастағы азаматтың басқаруындағы жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Полиция қызметкерлерінің көліктің құжаттарын беру талабына жүргізуші құжаттардың жоқтығын айтқан. Әңгіме барысында тәртіп сақшылары жүргізушіден ішімдіктің иісін сезіп, көліктен түсуін талап еткен.
Сол мезетте, жүргізуші көліктің есігін жаппай, оқиға орынынан қашпақшы болып жүріп кеткен. Тәртіп сақшыларының бірі бірден көлік салонына секіріп мінгенде, бір аяғы сыртта қалып қойған. Ал, жүргізуші тәртіп сақшысын 200 метр сүйреп, жол жиегіне шығып кетіп тоқтады. Полиция қызметкерлері жүргізушіні сыртқа алып шығып, қоян-қолтық әдісімен жерге жатқызды. Кейін жүргізуші наркология орталығына жеткізіліп, оның орта дәрежеде ішімдік ішкен күйде болғаны анықталды.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608, 613 және 667 бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Соттың шешімімен 31 жастағы азамат құқық бұзғаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.