Ғылым саласына республикалық бюджеттен бөлінген қаржы екі есе өсті

Жарияланды
Ғлымы саласына бөлінген қаржы екі есе көбейді. Фото: shutterstock.com

Кейінгі екі жылды ғылым саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру екі есеге жуық өскен. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасы әзірленбек. Бұл туралы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында айтылды.

«Жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеу базалық қаржыландыруға қосылған. Іргелі ғылыми зерттеулерге қаражат бөлінеді. Әзірленіп жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін гранттар мен стипендиялар бөлінеді, олардың ғылыми еңбектерін жариялау белсенділігі артып келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың белсенді алаңдары мен механизмдерін құруы қажетін атап өтті. Одан бөлек, ең перспективалы ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесін арттыру қажет. Бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салаларды атап көрсетуге болады.

«Ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Парламентпен жеке инвестициялар үшін қосымша преференциялар енгізуді пысықтау жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл ғылым саласының заңнамалық базасын қайта қарауды талап етеді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз