Қазақстандағы әрбір екінші көліктің жолда жүргеніне 20 жылдан асып кеткен

Жарияланды
Ескі көлік көп. Фото: turantimes.kz

Қазақстандағы әрбір екінші көліктің жолда жүргеніне 20 жылдан асып кеткен. Осындай 2 миллоннан аса көлік бар. Еліміз шеттен келетін ескі «автоқоқысқа» толып барады, деп жазады Еnergyprom.kz

2022 жылы жеңіл автокөліктер саны 2,9%-ға өсіп, 2023 жылдың басында 3,91 млнды құрады. Соның ішінде 10 жылдан асқан көлік саны қазірдің өзінде 2,76 миллионға жеткен.

Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 14,7%-ға көп. Шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі бір жылда 63,4%-дан 70,6%-ға дейін өскен.

Оның үстіне Қазақстан Республикасындағы 10 жеңіл көліктің бесеуінің жолда жүргеніне 20 жылдан асқан – бұл 2 миллионға жуық автокөлік. Елімізде шыққанына 10-20 жыл болған 816 мың автокөлік бар.

Шыққанына 10 жылдан асқан бүкіл жеңіл автокөліктердің үштен бір бөлігі үш облысқа тиесілі: Алматы облысы (406,6 мың бірлік), Алматы (310,6 мың бірлік) және Шығыс Қазақстан облысы (211,8 мың бірлік). Бұл ретте өңірлік автопарктегі шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің басым бөлігі Жамбыл (86,7%), Жетісу (85,9%) және Алматы (84,1%) облыстарында тіркелді.

Ал «автоқоқыс» аз өңірлерге келер болсақ, ол – Атырау облысы мен Астана қаласы. Атырау мен елорда жұрты мейлінше жаңа көлік тізгіндеп жүр. Шыққанына 10 жылдан асқан көліктердің қатары тиісінше 45,5% және 48,1%-ды құрайды.

Ал ескі көліктерді көбіне Алматы облысы, Алматы қаласы, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындары мінеді.

Биыл елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүріп жатыр (заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады). 23 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 10 мың көлік заңдастырылған.

Қазақстандық АвтоБизнес Қауымдастығы (ҚАБҚ) берген мәлімет бойынша, 2023 жылдың алғашқы айында ресми дилерлер 10 083 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, сонымен қатар 349 жүк көлігі, арнайы техника және автобус сатқан. Ал былтыр жалпы саны 3 916 автомобиль өткен.

Үздіктер көшін әдеттегідей Chevrolet – 3 203, Hyundai – 2 237 және Kia 1 723 бастап келеді. Төртінші орынға 652 көлік кілтін тапсырған Chery жайғасты. 603 моделі өткен Toyota бесінші қатардан көрінді. Алтыншы орында Haval (370) тұр, одан кейінгі орындарды Jac (227) пен Exeed (209) өзара бөлісті. Ең көп сатылған 10 бренд тізіміне Lexus (192) пен BMW (140) енген. Нарыққа жаңа ойыншы – Changan шыққанын айта кеткен жөн. Бірден саудасы қызған бренд 139 автомобиль сатты.

Модельдерге келер болсақ, қаңтарда да 2022 жылдың бестселлері атанған Chevrolet Cobalt (2 783) топ жарды. Ізін ала Hyundai Tucson (789) келеді. 550 данасы иесін тапқан Kia Sportage үштікті түйіндеді. Одан кейін тізімде Chery Tiggo 7 Pro (384), Hyundai Elantra (322), Kia Sorento (304), Hyundai Sonata (287), Kia Seltos (280), Chevrolet Nexia (278) және Hyundai Santa Fe (277) бар.

Сондай-ақ оқыңыз