Қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 трлн теңгені немесе 17,0 млрд АҚШ долларын құрайды. Қаржы министрлігі еліміздің сыртқы қарызы туралы ақпарат жариялады.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Асанәлі Дүйсембайдың айтуынша, борыштың тұрақтылығы тұрғысынан сыртқы борыштың үлесін қолайлы деңгейде ұстап тұру өте маңызды. Өйткені сырттан қарыз алу валюталық тәуекелдерге ұшырап тұрады.
«Борышты сапалы басқару кезінде бұл тәуекелдер ұлттық валютадағы борыш үлесінің шетел валютасындағы қарыздан басым болуы, сондай-ақ валюталық борыш себетін және борышты басқарудың басқа құралдарын әртараптандыру арқылы айтарлықтай теңестірілуі мүмкін», дейді департамент директоры.
Жалпы мемлекеттік борыш көлемінде сыртқы борыш үлесі – 31%, ал ішкі борыш үлесі 69% құрайды. Нәтижесінде борыш құрылымында теңгемен алынған борыш басым, бұл борыштың валюталық ауытқуларға тұрақтылығын көрсетеді.
«Қарыз алу – бұл бюджеттің қаржылық қамтамасыз етілуі мен теңгерімділігін қолдау үшін талап етілетін қажетті және қалыпты процесс, сондай-ақ елдің борыштық нарығы үшін негізгі бағдар (бенчмарк). Үкімет сыртқы қарыз алуды жүзеге асыра отырып, бюджет тапшылығының бір бөлігін жауып қана қоймай, сонымен қатар ел экономикасындағы басым инвестициялық жобаларды қаржыландырады», дейді А.Дүйсенбай.
Әртүрлі жобаларды қаржыландыруға бағытталған сыртқы қарыздар, ең алдымен, экономиканың әртүрлі салаларына (көлік инфрақұрылымын дамыту, сумен жабдықтау, экологияны жақсарту және т. б.), институционалдық дамуға (білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту және т. б.), технологиялар трансфертіне (ноу-хау енгізу) озық әлемдік тәжірибе әкелуімен пайдалы.
Соңғы жылдары сыртқы қарыз есебінен мынадай жобалар іске асырылған:
- ұзындығы 2 787 км және Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облыстарын қамтитын, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ), Азия Даму Банкі, Еуропалық Қайта құру және Даму банкі, Ислам Даму Банкі сияқты төрт халықаралық қаржы ұйымы бірден қаржыландырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі» ауқымды автожол жобасы;
- ХҚДБ қаржыландырған Қызылорда облысында Арал теңізінің түбінде Ертіс өңірінің таспалы ормандарына және Сексеуіл екпелеріне ағаш отырғыза отырып, «Республика аумағындағы ормандарды сақтау және ормандылықты ұлғайту» жобасы;
- электрондық тіркеуді, құжаттарды электрондық нысанда беруді және онлайн-төлемдерді қоса алғанда, салықтық әкімшілендірудің толық электрондық циклін енгізуге мүмкіндік берген, ХҚДБ-мен бірлесіп іске асырылған «Салықтық әкімшілендіруді дамыту» жобасы;
- іске асырылуы су деңгейін 3,2 метрге арттыруға және жағалау сызығын Арал қаласына дейін 25 километрге кеңейтуге мүмкіндік берген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы;
- Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қарыздары есебінен іске асырылған «Астанадағы халықаралық әуежайды реконструкциялау» және «Астана қаласын сумен жабдықтау және кәріз» жобалары Қазақстан астанасының инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты.