S&P Global Ratings: Қазақстан экономикасы тәуекел қыспағынан шыға алмай тұр

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

S&P Global Ratings Орталық Азия және Кавказ елдерінің банк секторына қатысты болжамын жариялады. Агенттік сарапшыларының бағалауынша, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан және Өзбекстан елдерінің қаржы институттары үшін 2023 жыл жайлы болады. Банктер жаңа бизнесінің көлемін ұлғайтып, тұрақты кіріске ие болып, активтер сапасын арттыра түспек.

Агенттік сарапшыларының айтуынша, былтыр ақпанда Ресей-Украина соғысы басталғаннан бері өңірде адам мен капитал ағыны байқалған. Сондай-ақ сауда ағыны да артқан.

«Бұл Ресейге қатысты енгізілген санкциялармен байланысты. Сонымен бірге, бұл елден халықаралық компаниялардың көптеп кетуі де әсерін тигізді. Біздіңше, бұл ахуал өңірдегі елдердің экономикалық өсіміне оң әсер етеді. Бұл уақытта ауқымды көші-қон жағдайы экономикалық тепе-теңдіктің бұзылуына, одан әрі үй мен жалға алу ақысының қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін. Жоғарыда аталған Орталық Азия мен Кавказдың бес елінің банк жүйелері жаһандық контексте жалпы жоғары тәуекелдерге ұшырайтынына қарамастан, аталған нарықтардағы экономикалық және салалық тәуекелдердің даму тенденциясының тұрақты екенін байқап отырмыз», дейді сарапшылар.

Олардың айтуынша, Қазақстанның банк секторына оң әсер ететін фактор мыналар:

  • Қазақстанның мықты бюджеттік көрсеткіштері және үкіметтің банк секторына қолдау көрсетуіне мүмкіндік беретін сыртқы нетто-кредитор ретіндегі жағдайы;
  • Банктердегі өтімділіктің мол қоры және клиент депозиттері есебінен қалыптасқан қорландыру профилі;
  • Үй шаруашылықтарындағы қарыз деңгейінің төмендігі.

Негізгі теріс факторлар:

  • Күшейіп жатқан геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдер фонында банктер үшін операциялық қызметтерді атқарудың қиындауы;
  • Жақсарғанына қарамастан қадағалау және реттеу режимінің жеткілікті деңгейде тиімді болмауы;
  • Экономикасы дамыған елдермен салыстырғанда әртараптандыру төмен және қаржы нарығы таяз.

S&P Global Ratings жүргізген зерттеуге сәйкес. Қазақстанның банк секторы салалық және елдік тәуекелдер деңгейі бойынша 9-топқа жатқызалығ яғни ВВВ-/Теріс/А-3. 9-топқа сондай-ақ Вьетнам, Камбоджа, Әзірбайжан, Мысыр, Кения және Түркия елдерінің банк жүйесі кіреді. Сонымен қатар сарапшылар 8-топқа кіретін Кипр, Иордания, Өзбекстан және Грузия елдерінің банк жүйесімен де салыстыра талдау жүргізеді.

«Тек Қазақстанда операциялық қызмет жүргізетін коммерциялық банктер рейтингінің базалық деңгейі – «b+». BICRA (банк секторындағы елдік және салалық тәуекел деңгейін бағалау) классификациясына сәйкес банк жүйесі тәуекелге тап болуы тұрғысынан 10 топқа бөлінеді, 1-топқа тәуекел деңгейі аз елдер, 10-топқа тәуекел деңгейі аса жоғары елдер кіреді. Қазақстанның банк жүйесінің экономикалық тәуекел деңгейі – «8», салалық тәуекел бойынша бағалау – «9», делінеді зерттеуде.

Олардың айтуынша, Қазақстандағы банк секторының экономикалық тәуекел деңгейі («8») жоғары күйде қалып отыр. Украинадағы соғысқа байланысты экономикалық көрсеткіштерге түскен қысым артқан. Соңғы екі жылда Қазақстанда проблемалық несие көлемі айтарлықтай қысқарғанына қарамастан сектор бойынша орташа көрсеткіш жоғары – жиынтық несие портфелінің 9 пайызы деңгейінде қалып отыр. Халықаралық сарапшылар алдағы 18 айда (1 жарым жылда – ред.) қазақстандық банктердің несие бойынша өтелмеген займдардың орнына резерв қалыптастыру бойынша шығыны 2,0 пайыз деңгейінде қалатынын айтады. Бұған жаңа проблемалық несиелердің үлкен қарқынмен өсуі және банктердің де несие портфелін ұлғайтуға қатысты жоғары деңгейде мүдделі болуы әсер етпек.

Айта кету керек, сарапшылар бұл ретте экономикалық тәуекелдің даму үрдісін тұрақты деп пайымдайды.

«Ал банк секторындағы салалық тәуекелдің «9» деп бағалануы – біздің Қазақстандағы институционалдық жүйені әлсіз деп бағалауымыздан туындап отыр. Дағдарыс кезінде банк реттеушісі проактивті қызмет ете алған жоқ, бірақ банк секторындағы қордаланған түйткілдерді шешуге, жауап шаралар қабылдауға дайын екенін байқатты. Сондай-ақ несие бойынша ықтимал жоғалтулардың орнына қосымша резерв қалыптастыруға қатысты жұмсақ талап қойды. Біздің пікіріміз бойынша, Қазақстан ресейлік банктердің қызметінің тоқтауына байланысты түйткілдерді нарықтық шешімдер көмегімен және қадағалаушы органдардың қолдауымен шеше алды», делінеді S&P Global Ratings зерттеуінде.

Бұл ретте халықаралық агенттік отандық қаржы секторына жалпы алғанда төменгі деңгейде бағалау жасайды. Олардың айтуынша, қаржы жүйесі әлі де коррекция фазасында және бұл ахуал секторға өте қатты әсер етеді. Бұған қазақстандық банктер балансындағы проблемалық кредиттердің өсуі, резерв қалыптастыруға кеткен шығындар, инфляция қарқынының артуы және ұлғайып келе жатқан геосаяси тәуекел дәлел.

Сондай-ақ оқыңыз