Ақша жинаудың оңтайлы әдісін іздесеңіз

Жарияланды
Ақша жинаудың түрлі тәсілі бар. Фото: shutterstock.com

 Айлығы жоғары адамның ақша жинай бермеуі мүмкін. Сол секілді жалақысы аз адамның бәрі қорға ақша жинамайды деуге болмайды. Өйткені адамның ақша жинай алу қабілеті оның табыс мөлшеріне еш байланысты емес. Тіпті азғантай еңбекақының өзімен белгілі бір мақсатқа жету жолында ақша жинап, қол жеткізуге болады. Сондай-ақ, жап-жақсы табыс тауып, бекер шашатындар да көп. Бүгінгі материалымызда нақты сомалар мен мысалдар арқылы қалай үнемдеп, қор жинауға болатыны туралы айтамыз.

Әркім қорға ақша жинап бастағанда түрлі мақсатты көздейді. Біреуі ипотекасын жапқысы келсе, енді бірі жазда саяхаттауға қамданады. Мысал ретінде Айша деген кейіпкерді алайық. Жасы 22-де, Астанада тұрады. Ата-анасымен тұратындықтан, коммуналдық төлем, пәтер ақысы дегенмен басын қатырмайды. Одан қала берді тапқан-таянғанының бәрін шопиң жасап құртады. Киім ала береді, қымбат мейрамханалардан тамақтанады. Сөйтіп жүргенде ата-анасы «қызым, өзіңмен өзің бол. Бөлек пәтерге шық» дейді. Ал енді Айшаға бұл өзгеріс оңай болмасы анық. Бұрын мүлдем есепке алмаған шығындар күтіп тұрғаны белгілі. Осылайша ол мақсат қойып, нақты жоспармен жүру керек деп шешті. Бірақ ата-анасымен келісіп, бір жыл уақыт сұрады. Сол уақыт ішінде ол қор жинап, сосын барып бөлек шығатын болды. 

 Мақсаты мынадай болды:

  • Қажет қаржының көлемін нақтылаймын (500 мың теңге, 1 миллион теңге және т.б.);
  • Ақша жинау үшін мақсат қоямын: еңбек демалысында шетелге шығу, ноутбук сатып алу, ипотеканың бастапқы жарнасына және т.б;
  • Қанша мерзімде жинайтынымды есептеймін: 6 ай, 9 ай, 1 жыл және т.б.

Сонымен Айша былай шешті: бір жылда ол 500 мың теңге жинап, ноутбугын жаңартатын болды. Айлығы — 150 мың теңге. Бұрын ата-анасымен тұрған кезде жинап бастаса, әрине, қазір бәрі басқаша болар еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Енді Айшаға бюджетті жоспарлау керек. Қанша кіріс кіреді, шығыны қандай — бәрін есептеп алу қажет. Мұндайда ең оңайы — арнайы мобайл қолданбаларды пайдалану. Егер бір ғана банктің клиенті болып, қолма-қол ақша аз ұстайтын болсаңыз, онда сол банк қолданбасы жеткілікті. Қай ақша қандай мақсатқа кеткенін бақылап отырасыз.

ШығынСомасы
Тамақ30 000
Жол ақысы15 000
Медицина5 000
Киім және өзге де шығындар20 000
Йога12 000
Кафе40 000
Ойын-сауық15 000
Тағы басқа шығындар20 000
Жалпы шыққан сома157 000

Мынаны қараңыз, Айшаның табысы — 150 мың теңге, шығыны одан көп. Әрі бұл жерде пәтер ақысы, коммуналдық төлем қосылмаған. Басында ешқандай кредит жоқ. Соның өзінде айлығы шайлығына әзер жетіп жүр. Тіпті айдың соңында әке-шешесінен не құрбыларынан қарыз сұрайды. Енді жағдайды қалай өзгертуге болады?

Күнделікті шығынды азайту

Алдымен шығындардың категориясына қарайық. Ойланбай ақша құртатын кездерін шолып шығамыз. Импулсив шығындарды азайтудан бастаймыз. Оның ішінде ай сайын шопиң жасау бар. Маусымдық киімдерді жоспармен алып отыру керек. Ал аяқ-асты «Сауда орталығына ақыры келіп қалған екенмін. Белдемше ала салайын» дегендей әдетті қысқартамыз. Онсыз да киетін киім көп болса, үнемдеуді осыдан жерден бастаған абзал. Бірақ жинақылық үшін бұл жерде де нақтылық аса қажет. Алдымен Айшаға керек заттардың тізімін жасап отыру керек. Мысалы оған осы айда шұлық, колготка, іш-киім керек болсын. Бұдан басқа қажеттілік жоқ. Әлдебір киім алғысы келсе, бірден сатып ала салмай, араға күн не апта салсын. Әлі де алғысы келіп тұрса, амал жоқ. Ал енді импульсив сезім жойылса, онда қажеті жоқ деген сөз. Азық-түлік алуға барғанда да көзге түскеннің бәрін емес, нақты тізім бойынша алуға дағдыланған жөн. Бір кеңес: супермаркетке қарын аш кезде бармаңыз. 

Айша таксимен көп жүреді. Айлығының 10 пайызы кемінде осы әрі-бері жүріске кетеді. Ерте тұра алмайтындықтан үнемі кешігіп жүреді. Сондықтан такси шақыруға мәжбүр болады. Мұны реттеу үшін ол әдеттерін қайта қарастыруы қажет. Яғни ерте тұрып, ерте жатып үйренеді. Баратын жолды қоғамдық көлікпен еңсергенде қанша уақыт кететінін есептеп жүреді. Кептеліске тұрып қалуы мүмкін болса, уақытты үнемі 30 минут емес, 45 минут дегендей артығырақ алады. 

Кейіпкердің келесі бір әлсіз тұсы — тамақ істемей, кафеден іше салатынын. Айына 40 мың теңге кафеден тамақтануға кетеді. Иә, дайын тамақ, жайлы атмосфера деген керемет. Болмаса, жұмыстан шаршап келгенде тамаққа тапсырыс бере салған ғажап. Бірақ үнемдеу керек болса, онда ойлану керек. Айша не алып жүргеніне жақсырақ қарайтын болды. Мысалы, стейк алса, оның бағасына бұрын мән бермеген болса, қазір ойланады. Жұмысқа кірерде алатын кофесін де жұмыстан іше салған оңай екенін түсінді. Әрине, түбегейлі бас тартпады. Бірақ кафеге екі аптада бір баратын болды. Кофені де аптасына бір алады дегендей. Ойын-сауық, қызығушылықтарын да қайта қарап шықты. Осылайша санасында нақты картина шыға бастады.

Үнемдеуге болмайтын кездер де болады

Ақша жинағыңыз келгені жақсы. Бірақ кейде артық қыламын деп, тыртық қылып алатындар болады. Кей нәрсеге келгенде үнемдеуге болмайды. Біріншіден, не жеп жүрсіз — соған мән беріңіз. Құрамы жақсы, таза тамақ жеңіз. Тез дайындалатын лапша іше салуды әдетке айналдырмаңыз. Дүкендегі ең арзанын алуға құмартпаңыз. Өйткені қазір сол жасаған үнем болашақта дәрігерден кеңес алу анализ тапсырып, сол дефициттерді толтыруға дәрумен алумен қайта оралады. Тіпті ең ауыры — ауырып қалуыңыз мүмкін. Иммунитетіңіз түсіп кетпесін. Ішек-құрылысын жұмысын бұзып алмаңыз. Мысалы кальций тапшы болса, тісіңізбен мәселе көбейді. Ал тіс емдету қымбат тұрады. Денсаулық жайын айтып болсақ, үнемдеуге болмайтын келесі бағыт — даму, білім алу. Қазіргі жиған біліміңіз болашаққа салынып жатқан инвестиция деп білгейсіз. Сонымен қатар, тұрмыстық техника, жиһаз, қысқы киімдерді де барынша сапалысын алып алған дұрыс. Етіктің де арзанына құмар болмаған абзал.

Қандай қорытынды жасаймыз?

ШығынСомасыҚанша үнемделді?Қорытынды
Тамақ30 00010 00020 000
Жол ақысы15 00010 0005 000
Медицина5 00005 000
Киім және тағы басқа шығындар20 0005 00015 000
Йога12 0002 00010 000
Кафе40 00020 00020 000
Ойын-сауық15 0005 00010 000
Басқа да шығындар20 00020 0000
Жалпы шыққан сома157 00072 00085 000

Алдыңғымен салыстырғанда әжептәуір айырма бар, солай емес пе? Әрине, бірден бұлай үнемдеп кету оңай емес. Бастапқыда кафеге көбірек кетіріп, біртіндеп азайтуға болады. Соның өзінде қажет емес шығындарды алып тастағанда ата-анасымен тұратын, кредиті жоқ Айша кемінде 70 мың теңге үнемдей алады. Мұндай тұрақтылыққа жету үшін орта есеппен 3-4 ай керек болады. Ал оған дейін сома өзгеріп, «тербеліп» тұрады. Сонда ол ай сайын кемінде 50 мың теңгеден жинап отырса, бір жылда өзі қалаған соманы жинап, ноутбугын ала алады. Бірақ үнемдедім екен деп Айшаға тоқтап қалуға болмайды. Білім алып, білігін арттыру арқылы молырақ табысқа көшу керек. Үнемдеген жақсы, бірақ табысты молайтқан одан да жақсы. Сонда бір шынаяқ кофе аларда ойланып тұрмай, оның орнын қай тапсырыс арқылы жабатыныңызды ойша біліп тұрасыз. Қазір дамуға түрлі тәсіл бар. Өз салаңыз бойынша курстар оқып, білікті арттырсаңыз болады. Тіпті жұмыс бағытын ауыстырудан да қорықпаңыз. Мысалы, Айша мақсатына жетіп, қымбат ноутбук алды. Оны алған соң не істейді? Дизайнерлік қабілетін арттырып, көбірек тапсырыс алады. Ірі тапсырыс алып, алдағы 2-3 ай үйдің ақысын төлей алатын соманы тауып, ата-анасынан бөлек шығады. Пәтер ақысын шығарған болса, тоқтамастан келесі мақсатын орындауға көшеді. Ақша жинау үшін өзіңізді бәрінн түгел шектемеңіз. Бар болғаны шығындарды қараңыз да, қажет емесінен арылыңыз. Өмір сапасына, денсаулыққа кері әсер болса, онда ол шығынның тіпті қажеті жоқ. Бастысы, саналы ойланып, шешім қабылдау. Қалғаны — өзіңізге байланысты. 

Сондай-ақ оқыңыз