Былтыр қандай акциялар танымал болды?

Жарияланды
Ең танымал акциялар белгілі болды. Фото:shutterstock.com

2022 жылы қазақстандықтар арасында көбіне шетелдегі технологиялық компаниялардың бағалы қағаздары танымал болған. Бұған «Фридом Финанс» АҚ деректері негіз бола алады.

Олардың қатарында ұшақ өндірушісі Airbus, iPhone смартфондарын шығаратын Apple және америкалық микрочип өндірушілері – Intel, Advanced Micro Devices және Nvidia құнды қағаздары бар.

KASE Global деректері бойынша, 2022 жылы ең ірі сауда көлемі Airbus акцияларына тиесілі болған. Ұшақ өндірушісінің құнды қағаздарымен жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге 133 мәміле өтіпті. Apple акцияларымен – 2,8 млрд теңгеге 2533 мәміле, Intel құнды қағаздарымен 1,6 млрд теңгеге 2775 мәміле жасалған. Былтыр сектордағы жалпы сауда-саттық сомасы 26 млрд теңгені құрады.

Қазіргі кезде KASE Global секторында шетелдік эмитенттің 52 бағалы қағазы саудаланады. 1-10 ақпан аралығында KASE Global секторында Meta Platforms, Advanced Micro Devices және Tesla бағалы қағаздары жақсы сатылған.

Холдинг ақпараты бойынша, қазақстандық компаниялар арасында ең танымал құнды қағаздар Kcell, Freedom Holding Corp, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан Халық жинақ банкі» және «БанкЦентрКредитке» тиесілі. Қаңтар айында байланыс операторы Kcell-дің акциялары 1,4%-ға, 1 750 теңгеге дейін өссе, «Қазақстан Халық жинақ банкі» мен «‎Банк ЦентрКредит»‎ құнды қағаздарының бағалары, керісінше, 2,8%-ға және 0,8%-ға дейін төмендеген. «Қазмұнайгаздың» құнды қағаздарының бағасы IPO-ға шыққан күннен бастап 19,1%-ға өсіп, 9 885 теңгеге дейін жеткен.

Freedom Holding бағалы қағаздарының құны қаңтар аралығында 12,8%-ға, $62,9-ға дейін өсіпті. Компания 2023 фискалды жылдың үшінші тоқсанында (31 желтоқсан күні аяқталған) түсімін 38%-ға, $214,5 млн дейін ұлғайтты.

Сондай-ақ оқыңыз