Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысатын саяси партиялардан үміткерлер тізімін тіркеді.
ОСК тізімін ең бірінші тіркеген партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Бұл партиядан депутаттыққа 19 кандидат ұсынылған. Комиссия мәліметінше, партиялық тізімге енген үміткердің бәрі Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сай.
ЖСДП партиясы бұрын парламент сайлауына қатыспағандықтан, заңға сәйкес, тізімді тіркеу үшін ол ОСК шотына сайлау жарнасын төлеуі керек. Тізімдегі әр үміткер үшін 15 ең төменгі жалақы мөлшеріндегі қаржы төленуі тиіс. ЖСДП жалпы сомасы 19,9 млн теңге сайлау жарнасын толық төлеген.
Одан кейін комиссия «Ақ жол» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұл партиядан 54 адам ұсынылған.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов алдыңғы Мәжіліс сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын жинаған саяси партиялар сайлау жарнасынан босатылатынын атап өтті. «Ақ жол» партиясы 2021 жылдың қаңтарында өткен сайлауда 10,9 пайыз дауыс жинағандықтан, сайлау жарнасын төлемейді.
Алдыңғы сайлауда 9,1 пайыз дауыс жинаған Қазақстан халық партиясы (ҚХП) да жарнадан босатылған. ОСК 52 үміткерден тұратын ҚХП партиялық тізімін тіркеді.
Тіркеуден «Ауыл» (партиялық тізімге 25 кандидат болған) және «Байтақ» партиялары да өтті. Соңғысы былтыр желтоқсан айында ғана саяси партия ретінде тіркелген, сондықтан тізімге енген 18 кандидат үшін ОСК шотына 18 миллион теңгеден астам сайлау жарнасы аударылған.
Соңғы тіркелгендердің бірі – Amanat партиясы. «Аманаттың» партиялық тізімінде үміркерлер саны көп. Билік партиясынан ұсынылған 90 адам депутат болудан үмітті. Комиссияның айтуынша, олардың бәрі Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді.
Respublica партиясы 25 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынған, бірақ 14 ақпанда ОСК өз кандидатураларын алып тастау туралы шешім қабылдаған екі адамның өтінішін қабылдады.
«Сайлау туралы» конституциялық заңның 90-бабы, 1-тармағына сәйкес, олардың өтініші негізінде ОСК Дархан Иманашев пен Олжас Сұлтановты партиялық тізімнен шығару туралы шешім жобасын дайындады. Осылайша, Respublica партиясының тізімінде 23 адам бар», деді комиссия отырысында ОСК мүшесі Шавқат Өтемісов.
Биыл қаңтарда тіркелген партия комиссия шотына 24,1 миллион теңге сайлау жарнасын төлеген.
Мемлекет басшысы 19 қаңтарда Парламет мәжілісін таратып, 19 наурызға кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындады.
Бүған дейін ОСК мәжіліске 900-ге тарта, мәслихаттарға 12 мыңға жуық үміткер сайлауға түсуге ниетті екенін хабарлады. 7 саяси партия өз партиялық тізімін ұсынған. Онда 283 адам бар. Қазақстанның Халық партиясы – 52 үміткер, «Ақ жол» партиясы – 54, ЖСДП – 19, «Байтақ – 18», «Ауыл» – 25, «Respublica» – 25, «Amanat» – 90 адамды тізімге қосқан.
Ал, бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен 609 кандидат ұсынылған.