Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов ресейлік «Транснефть» қазақстандық мұнайды «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға тасымалдауға ешқандай шектеу қоймағанын айтты. Аталмыш мұнай құбыры жақында оқ астында қалған.
«Біз Атырау-Самара арқылы осы «Дружба» мұнай құбырына қосыламыз. Құбырға оқ атқаны жайлы ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Бірақ мұнай тасымалдайтын уәкілетті компания бүгін бізге техникалық шарт бойынша ешқандай шектеу қойған жоқ. Осылайша, біз бүгінде ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз, жеткізуші мен сатып алушы арасында коммерциялық келіссөз жүргізіп жатырмыз», деді ол баспасөз мәслихатында.
Хасенов сондай-ақ Қазақстанның «Дружба» құбыры арқылы Германияға 20 мың тонна мұнай жіберу жоспарын нақтылады. Оның айтуынша, техникалық шектеулер жоқ.
«Тасымалдау кестесінде ақпан айындағы көлем нақты көрсетілген. Қазіргі кезде көрсетілген көлемдегі мұнайды сатып алушы мен жеткізуші арасында келіссөз жүріп жатыр. Тендер жарияланғанын білеміз. Техникалық жағынан ешқандай шектеулер жоқ… Алғашқы келіссөз кезінде көптеген сұрақтар туындайтыны рас, оларды шешуге уақыт керек. Әзірге 20 мың тонна мұнайды жіберген жоқпыз. Мұнай жеткізуші ешқандай мәселе туындап тұрмағанын айтып отыр. Яғни, олар бұл көлем кестеден алынбайды және ақпан айының соңына дейін ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпыз», деді вице-министр.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және климатты қорғау істері министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнер және Астанада Германияның Бундестаг депутаты Кристиан Гёркемен кездескен кезінде немістер қазақ мұнайына қызығушылық танытып отырғаны хабарланған еді. Кездесу барысында тараптар Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын экспорттау мәселелерін талқылаған.
Ресей Федерациясы Энергетика министрлігі биыл I тоқсанда «Транснефть» ЖАҚ магистральді мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова застава» мұнай бекетімен әрі қарай Германияға 300 мың тонна қазақстандық мұнайды жеткізуді растаған. Бұл туралы «ҚазМұнай Газ» АҚ еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«ҚазТрансОйл» ақпан айында «Дружба» құбыры арқылы Германияға 20 мың тонна мұнай жеткізетінін растады.