Жаңалықтар

Қазақстан шекарасындағы электронды кезек Өзбекстан мен Түркіменстанға да енгізілмек

Фото; баспасөз қызметінен

Ақпан айының соңына дейін Қазақстан бойынша тағы төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізілмек. Бұл туралы Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті. Электронды кезек жүйесін «CarGoRuqsat» онлайн броньдау сервисін ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ мамандары жасап шығарған және қызмет көрсетеді-деп, хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті

Төрт өткізу бекетінің екеуі Қытай шекарасындағы «Бақты» (Абай облысы) және «Майқапшағай» (ШҚО) бекеттері. «Бақты» бекетіндегі «CarGoRuqsat» сервисі 15 ақпаннан бастап, ал «Майқапшағай» бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылмақ. Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде электронды бекет енгізілген. Ал қалған екі бекет еліміздің оңтүстік-батысында орналасқан. «Темір-Баба» бекетінде кезек 22 ақпанда, ал «Тәжен» бекетінде 27 ақпанда енгізілмек. Екі өткізу бекеті де Маңғыстауда орналасқан. Біріншісі Түркіменстанмен, ал екіншісі Өзбекстанмен шекарада.

Бүгінде жүйеде шамамен кезекті броньдау бойынша 84 мың операция орындаған шамамен 7,5 мың пайдаланушы тіркелген.

Жасап шығарушылардың айтуынша, сервис ұдайы жетілдіріліп, жақсартылуда. Жуық арада ол «Face ID», яғни адамның келбетін сканерлеу арқылы тексерумен толығып, шетелдік азаматтар үшін тұлғаны банк картасы арқылы растау қызметі іске қосылмақ.

«Мемлекеттік деректер базасы арқылы тексерістен қазақстандық тасымалдаушылар өтетіндіктен, бізде шетелдік тасымалдаушылар бойынша басқа базалармен интеграция жасалмаған. Тиісінше, айла-шарғы жасау деректері орын алған. Мәселен, бірнеше шетелдік компаниялардың өкілдері мемлекеттік нөмірлерді өзгерту, яғни бірінші жағдайда «сызықша» қойып, екінші рет «бос орын» қалдыру секілді бір нөмерді түрлендіру арқылы  кезек алған. Осылайша олар жаппай орын алып, осы арқылы өз клиенттерінің көлігін жылжыту мүмкіндігіне ие болған.

Талдаулар көрсеткендей, сервис іске қосылғалы екі ай ішінде «Достық» бекеті арқылы шекарадан 1759 көлік құралы өткен, оның ішінде 1108-і немесе 63 пайызы осы пайдаланушылардың көліктері.

Пайдаланушы келісімшартын бұзғаны үшін бұл пайдаланушылардың аккаунтты бұғатталған. Егер броньда көрсетілген нөмірлі фуралар шекараға келсе, олар өте алады, бірақ аталған пайдаланушы кезекті өзгерту немесе қандай да бір броньды жылжыту құқығынан айырылады.

Пайдаланушы келісімшартын бұзу дерегі бойынша материалдар бұл әрекеттеріне тиісті баға беру мақсатында  құқыққорғау органдарына берілетін болады. Жасалған пайдаланушы келісімшарттарына сай бұл келісімшартты бұзған пайдаланушылар аккаунтарын бұғаттан шығару 90 күнтізбелік күн өткеннен кейін немесе оған дейін – Соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады», – дейді ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат КУРМАНОВ.

Еске салсақ, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қазақстан-Қытай шекарасының бірнеше бекетінде «CarGoRuqsat» электронды кезек сервисі іске қосылған. Сервисті мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен, ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ  жасап шығарған. «CarGoRuqsat» электронды сервисті енгізу бастамасы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне тиесілі. Сервис Qoldau.kz цифрлық платформасында іске қосылған және пайдаланушылар үшін тегін.

«CarGoRuqsat» электронды кезек сервисінің міндеті тасымалдаушыларға алдын ала кезек алу мүмкіндігін ұсыну және бұл кезекті жария ету. Біріншіден, бұл жүк көліктерінің шекарадан өту процесін жеңілдетті. Бұл броньдау кезеңінде-ақ тасымалдаушылардың форматтық-логикалық бақылаудан өтуі есебінен жүзеге асырылады. Жүйе өтініш берушінің салықтар бойынша, ақылы жолдардан жүргені бойынша қарыздардың бар-жоғына, тартқыш пен тіркеменің тіркеуден өткенін және т.б. тексереді, Сервистің екінші міндеті – шекарадағы кезекке қатысты заңсыз қитұрқы әрекеттердің орны алу қауіптерін барынша азайту.