Санкцияға ілінбес үшін экономикалық саясат сауатты жүргізілуі керек – Мағбат Спанов
Санкция астында қалған Ресей. Қазақстанға көшкен шетелдік компаниялар. Мұнай транзиті мәселесі. Қазақстандағы инфляцияға шетелдік компаниялардың келісінің әсері болуы мүмкін бе? Ақыры, Оралдағы халықаралық әуежайға ресейлік инвестордың иелік етуі. Осы тақырыптар талқысын Инновациялық экономика институтының сарапшысы, ҚазҰУ профессоры Мағбат Спановпен болған төмендегі сұқбатта кеңінен қамтуға тырысып көрдік.
– Былтыр Ресейде өз өндірісін жапқан 50 ірі шетелдік компания Қазақстанға келгісі келетіндерін айтты. Мұны 2022 жылдың қыркүйегінде Үкімет басшысы растады. Кейінірек Қаржы министрі Ресейден көшкен компаниялар бізде жұмыс орындарын ашатынын жеткізді. Ал жақында соның 21-і Қазақстанға келіп орныққаны белгілі болды. Жалпы, бұл құбылыс біздің экономикамызға оң әсерін тигізеді ме?
– Пандемия, халықаралық экономикалық дағдарыстан кейін елімізде экономикалық белсенділік күрт төмендеді. Осы жағынан алғанда, меніңше, санкцияға байланысты шетелдік компаниялардың өз өкілдіктерін Ресейден әкетіп, Қазақстанға орналастыруының терістен гөрі оң әсері басым. Біріншіден, қосымша жұмыс орындары пайда болады. Екіншіден, басқарудың жаңа мәдениеті көрініс табады. Қалай дегенмен де шетелдік ірі компаниялар корпоративтік басқару жағынан жаңа деңгейді танытады емес пе? Әрине, бізде ашылған соң онда қазақстандық жұмыс күші де тартылады. Олар көп нәрсені, онда да сапалы дүниені үйренеді. Бұл біз үшін аса қажет. Үшіншіден, бюджет жоспардан тыс қосымша салық түсімдерімен толығады. Төртіншіден, өз кезегінде оны Үкімет әлеуметтік шығындарды жабуда тағы бір қаржы көзі ретінде пайдалана алады.
– Ал мұндайда отандық компаниялар бәсекелестік тұрғысынан ұтылып, нарықтан шеттетіле бастамайды ма?
– Әрине, шетелдік компаниялардың келуі отандық бизнеске белгілі бір деңгейде қиындық туғызуы мүмкін. Онда да кейбір салада ғана. Жалпы, Қазақстан шикізат игеретін мемлекет. Одан бөлек белгілі бір қызмет түрлерін ұсына алады. Ал өндіріс дегенге келгенде саусақпен санарлық болмаса, ауыз толтырып айтатын қайта өңдеуші өнеркәсіптеріміз жоқтың қасы. Осы жағынан алғанда, бұл арадан қандай да бір керемет қауіп байқап тұрғаным жоқ.
Негізінен, бізге келіп жатқан қандай компаниялар? Бұлар – ритейл (бөлшек саудамен айналысатын) компаниялар және ІТ саласына қатыстылар.
ІТ-ды алатын болсақ, бұл салада өзімізде мамандар жетіспейді. Сондықтан сырттан келіп жатса, олардан бір нәрсені үйренуге болады деп ойлаймын, тәжірибе алмасқанға жақсы дегенім ғой. Кез келген нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болады. Ал бұл арада жақсы жағы басым деп айтар едім. Қалай дегенмен де бұл нарық. Егер біз «отандық компаниялар шығынға батады» деп үнемі шектеуге сүйене беретін болсақ, онда даму қайдан болады? Тиімділікті арттыру, бағаны төмендету, бәсекелестік пен бәсекеге қабілеттілік деген онда жайына қала береді. Ал бәсекелестік деген керек, сапалы әрі арзан қызмет ала алу үшін.
Иә, Ресей қатаң санкцияға ұшырап жатыр. Таяуда тағы бір санкциялар пакеті қабылданбақ. Ол бойынша санкцияны айналып өту жолдары назарға ілекпек. Міне, осы арасында бізде өте сақ болу қажет. Қазақстан арқылы параллель импортпен айналысатын компаниялар бар. Осы тұрғыда, таяқ жеп қалуымыз мүмкін. Өйткені ол арада экономикалық емес, саяси мүдде басым. Көптеген Батыс елдері санкцияны айналып өтетін мемлекеттерге назар бұрып отыр. Атап айтқанда,Қазақстанға, Өзбекстанға, Арменияға. Осы тұрғыда, бізге ЕАЭО-тегі серіктестерімен экономикалық саясатты өте сауатты жүргізу керек. Санкцияға ілініп қалмас үшін. Егер біздің компаниялар санкцияға ұшыраса, Құдай оның бетін ары қылсын, онда экономикамыздың күйреп түсу қаупі жоғары.
– Шетелдік компаниялардың келісі инфляцияға қысымды күшейтті деп айтуға болады ма? Әлде бұл Үкіметтің немесе Ұлттық банктің сауатсыздығынан болып жатыр ма?
– Инфляция бұған дейін қылаң берген көрініс. Оған пандемия, логистикалық тізбектің бұзылуы, сұраныстың кейінге шегерілуі, саяси-экономикалық-әскери күресті тудырған Украинадағы әскери іс-қимылдар қатты ықпал етті. Ұлттық банк инфляцияға қарсы күрестің дұрыс саясатын құра алмады. Инфляцияны жоятын демей-ақ қояйын, ең құрымағанда, оған түсетін ықпалды әлсірете алатындай. Өкінішке қарай, ондай саясат болмады бұл арада.
Шынымды айтсам, алда Смайылов басқаратын Үкімет те, Ұлттық банк төрағасы да ондай бір сауатты саясат түзе алады деп күтудің қажеті жоқ. Бір жыл болды Үкіметке, бірақ осы уақыт барысында олар қандай да бір нәтиже көрсететіндей жүйелі мәселені шеше алған жоқ. Қаңтар оқиғасы былтыр болды емес пе? Бір де бір тәуелсіз экономикалық сарапшы немесе қаржыгер содан бері елімізде әбден жақсылап ойластырылған макроэкономикалық қаржылық саясат жасақталды деп айта алмайды. Сыртқы қысымға төтеп бере алатындай...
– Үкімет бұл арада экономиканы монолиядан арылту шараларына көбірек көңіл бөліп жатқан секілді. Сіздіңше, бұл шара өзіндік тиімділігін қашан танытады?
– Монополиядан арылу жайын сөз еткенде, көптеген факторды есепке алу керек. Қазақстанның экономикасы шикізатқа негізделген.
Қазақстанда бәсекелестік жоқ. Бәсекелестік орта жоқ. Сондықтан бұл арадағы шараның арқасында компания монополиядан арылмайды, тек басшылары ғана ауысады, яғни осы жүйенің бенифициары ғана ауысады. Ал жүйенің өзі трансформацияға ұшырамайды(!).
Олардың маңайында тағы бір компаниялар пайда болып, бәсекелестік қалыптасып жатса, онда әңгіме басқа. Мен ондай көріністі байқап отырғаным жоқ. Біздің жағрафиялық ерекшелігімізге қарай, Кеңес заманында іргетасын қалап, содан бері келе жатқан экономикамызда табиғи монополия басым. Тәуелсіздік алғаннан кейін де өзге компаниялар көптеп пайда бола қоймады, өйткені шығыны тым көп.
Негізінен, бізге монополиядан арылту шарасын саясатта жүргізу керек. Ал экономикада оны өте сақ жүргізу қажет. Себебі ол банкроттыққа, логистикалық тізбектің бұзылуына, ақырында жұмыссыздыққа әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, бұл арада қабыса байланысып жатқан дүние көп.
Мысалы, логистикалық тізбек зардабын алалық. Қазақстан бүгінгі күнге дейін Батысқа транзитті Ресей арқылы жүзеге асырып келді. Қазір енді біз логистика диверсификациясы үшін басқа жолдарды қарастыруға мәжбүрміз. Ол қолымыздан келмей жатыр. Алдағы 5-10 жылда да бұл мүмкін емес секілді. Мұнайды алалық, мәселен. Оның 80 пайызы Ресей арқылы КҚК құбыры арқылы тасымалданады. Ал құбыр салу үшін ұзақмерзімді келісімшарттар жасалуы тиіс. Мұнай базалары керек болады.
Мысалы, «Шеврон» өндірісін арттырды делік. Олар 40 млн тоннаға дейін өндіріс көлемін арттырғысы келеді. Ал бізде КҚК-дан басқа басты транзит құралы жоқ. Каспий теңізі арқылы тасымалдауға болады деп жатыр. Бірақ ол үлкен көлемді бере алмайды. Ары кетсе 5 млн тоннаға арттырамыз, ал 10-15 млн тоннаға шама жетпейді. Ол мұнайды қайта өңдей де алмаймыз. Себебі біздің үш зауыт өндірісінің көлеміне белгіленген шек, яғни лимит бар. Ал бізде Батыс елдеріндегідей пайдалы заттар алатын терең өңдеу деген нәрсе жоқ. Мысалы, Атырауда жақында ғана нано құрал-жабдық орнатылды. Оның көмегімен мұнайдан иіссу өндірісіне пайдаланатын белгілі бір индигриентті анықтап тауып, алады. Осындай өндірістер бізде жоқтың қасы. Мысалы, газды алалық. Ол бізде, негізінен, отын, одан кейін химиялық өнімдерді алу үшін пайдаланылады. Ал газдан кейбір елдер көп нәрсе алады, соның ішінде оны минералдық тыңайтқыш дайындау үшін қолданады. Тиімділігі төмен біздің ауылшаруашылығы үшін тыңайтқыш деген аса маңызды нәрсе. Ал бізде газ, көбіне шикізат күйінде экспортқа кетіп жатады.
– Экономикадағы шетелдіктер жайына оралсақ. Таяуда Мәншүк Мәметова атындағы Оралдағы халықаралық әуежайдың ресейлік инвестор қолына өткені туралы БАҚ-тарда ақпарат тарады. Жалпы, стратегиялық нысанға шетелдің иелік етуі қаншалықты ақылға қонымды?
– Онда тұрған дәнеме жоқ. Бұл арада белгілі бір кезеңдегі сенімді басқару жайы сөз болып отыр, соны ұмытпаған жөн. Одан кейін бәсекелестік тұрғысынан қайта жақсы белгі дер едім мұны. Орал әуежайы ұзақ уақыт бойы инвестор іздеп келді, қолдан қолға өте отырып. Көрейік, мүмкін жағдайы жақсара түсер. Әрине, бұл арада келісімшарттар жасалған сәтте, тек әуежай емес, стратегиялық мақсаттар да қатар қаралуы керек деп ойлаймын. Мысалы, Орал белгілі бір хабқа айналады делік. Ресей қандай да бір елдерге тікелей ұша алмайды ғой. Сондықтан бұл алаңды пайдалануына болады. Жалпы, Орал мен Атырау еуропалық алаңды құрайды…
– Бұл жайт Еуропаның назарына ілігіп жүрмейді ме? Қалай дегенмен де Ресей санкциядағы мемлекет емес пе?
– Санкция – саяси күрестің элементі. Иран да осы күнге дейін санкцияда болып келді емес пе? Біз бұл елмен байланысымызды үзген жоқпыз. Тіпті, жақын күндері Тегеранмен арадағы визалық режимнің де күшін жоюымыз мүмкін. Енді айтыңызшы, Иран мен Ресейдің қандай айырмасы бар? Екеуі де санкцияға ұшыраған мемлекеттер...
Бұл арада, ең бірінші кезекте, өзіндік ұлттық мүддені, өзіндік ұлттық экономикалық пайданы ескеруіміз қажет. Әрине, бұл іс өте сақтықты әрі сауаттылықты қажет етеді. Ең бастысы, зиян тигізіп алмау.
Мысалы, Алматы әуежайы да кімнің қолына өтпеді дейсіз? Ақырында түрік компаниясы иеленді оны. Енді көреміз, тарихи ғимаратты қалай жаңғыртатындарын? Жаңа әуежай келбеті қандай болады? Ондай да мәселелер бар. Қалай дегенмен де ондағы баға әлі де көңіл көншітпейді…
– Сөз соңында тағы бір болжаммен бөлісе отырсаңыз. Мәжіліс сайлауы ертең-ақ аяқталады. Одан кейін Үкімет қайтадан жасақталады. Үкімет басынан Сіз кімді көргіңіз келеді?
– «Мынау болады» деп айта алатын адамдарым бар. Бірақ аты-жөндерін атасам, оны ешкім дұрыс түсіне қоймайды. Сондықтан бұл сұрақтың басын ашық қалдырғанды жөн деп санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!