Базалық ставканың бұрынғы деңгейінде сақталуы экономикаға қалай әсер етеді?
2023 жыл басталғалы базалық пайыздық мөлшерлеме өзгерген жоқ. Қаңтарда Ұлттық банк базалық ставканы 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Былтыр жыл бойы бұл инструментті ҰБ-ның дүркін-дүркін көтергенін және сол арқылы инфляцияны ауыздықтауға тырысып жатырмыз деп уәж айтқанын білеміз. Сарапшылардың бір тобы мұны дұрыс десе, енді бір тобы ҰБ-ның қатаң ақша-несие саясатымен келіспейтінін айтып жатты. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов биыл монетарлық саясат былтырғыдай қатты жүрмейді дейді. Ставканың қазіргі деңгейі біраз уақыт сақталуы да мүмкін екен.
Бұл туралы ол таяуда ғана мәжілістегі «Ақжол» фракциясының депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті. Айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде Ұлттық банк нақты секторға әлеуетті ықпалды ескереді.
«Егер бұл Ұлттық Банктің негізгі функцияларын орындауға қайшы келмесе, Үкіметтің экономикалық саясатын іске асыруға жәрдемдеседі. Осыған байланысты, экономиканың баяулауы бағаның жоғары өсуімен қатар жүретін стагфляциялық сценарийді болдырмау үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізеді. Базалық мөлшерлеме деңгейін белгілеу арқылы Ұлттық банк бағаның өсуіне белгілі бір уақыттан кейін (1-2 жыл) ғана әсер етеді. Тиісінше, жақын болашақта инфляцияны бәсеңдету және жоспарлы түрде төмендету үшін базалық мөлшерлеме ағымдағы деңгейде сақталатын болады», дейді Пірматов.
Оның сөзінше, базалық ставка қымбаттады екен деп кредиттен бас тартып жатқан ағайын тағы жоқ. Бұл сөзіне ол дәлел де келтіреді. Пірматовтың баяндауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктерэкономикаға 22,8 трлн теңге несие берген. 2022 жылғы өсім 23,3%-ды құраған.
«Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер де 11,5%-ға, 8,7 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредит 22,8%-ға, 4,5 трлн теңгеге дейін өсті. Нақты сектордың даму параметрлері де нашарлау белгілерін көрсетпейді. Алдын ала деректер бойынша 2022 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,1%-ды құрады. Кәсіпкерлік белсенділік артып келеді. Мысалы, 2022 жылы 507 мың кәсіпорын тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны да 13,2%-ға өсті. Ағымдағы жағдайларда ақша-кредит саясатын жеңілдету орынсыз. Экономикалық өсімге қысқа мерзімді жағдайда серпін береріне қарамастан, ақша-несие саясатын жұмсартып жіберу (яғни, базалық ставканы төмендетіп тастау – ред.) елеулі теріс салдарға алып келеді», дейді бас банкир.
Сөйте келе ол бірнеше себепті тізбелейді.
Біріншіден, жоғары инфляциямен салыстырғанда ақша нарығындағы теңгелік активтердің негізсіз төмен кірістілігі қаржы нарығының кәсіби қатысушыларында да, халық арасында да валюталық артықшылықтардың өзгеруіне себеп болады. Бұл, өз кезегінде девальвациялық күтулердің өсуіне
және теңгенің әлсіреуіне әкеп соғады. Нәтижесінде долларландыру процесі қайта басталып, инфляциялық процестер күшейе түседі. Сонымен қатар теңгелік депозиттерден қаражаттың кетуі нәтижесінде банк жүйесінің ресурстық базасы төмендейді. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бөлігінде тәуекелдерді айтарлықтай арттырады.
Екіншіден, базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктік несие мөлшерлемелерінің салыстырмалы түрде төмендеуіне әкелмеуі мүмкін. Инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуі, несиелерге жоғары сұраныс және сапалы қарыз алушылардың тез сарқылуы тәуекел сыйлықақысының өсуіне ықпал етеді.
Үшіншіден, экономика субъектілерінің қалаулары тұтыну жағына қарай ауысатын болады. Жоғары тұтыну сұранысы инфляциялық процестерді одан әрі жеделдетеді және сайып келгенде халықтың нақты табысын төмендетеді.
«Экономикаға мемлекеттік қатысу, нарықтық қаржыландыру және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру мәселелері бойынша Ұлттық банк сауалда ұсынылған құрылымдық қайта құрулардың қажеттілігі туралы ұстаныммен келіседі және өз тарапынан мынадай мәселелердің маңыздылығын атап өтеді: импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, нарықтық қаржыландыру үлесін арттыру, фискалдық саясаттың теңгерімділігін арттыру және экономиканы қолдаудың мемлекеттік тетіктерін қайта қарау. Бұл экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар ҰБ жүргізетін ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыра отырып, инфляцияны бақылауды айтарлықтай жақсартады. 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясатының Стратегиясына сәйкес Үкіметпен бірлесіп аталған бағыттар бойынша шараларды жоспарлы іске асыру басталды», дейді ҰБ төрағасы.
Экономиканы кредиттеуге мемлекеттің қатысу үлесін төмендету шеңберінде Ұлттық Банк, өз тарапынан, мемлекеттік бағдарламалардан шығу процесін жалғастыруда. Бұл экономиканы қолдау шараларына одан әрі қатысу оның міндеттеріне қайшы келетіндігіне және баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің елеулі тәуекелдеріне алып келетіндігіне байланысты маңызды. 2021 жылы 7 бағдарламаның 5-еуін қаржыландыру тоқтатылған. Аяқталған бағдарламалардың бюджеті 2,6 трлн теңге құрапты. Болашақта тағы 2 бағдарлама аяқталады деп күтілуде:
- ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 Жарлығымен бекітілген «Әділ Қазақстан – барлығы және әрқайсысы үшін. Қазір және мәңгі» Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалғасатын «7-20-25» бағдарламасы;
- Импортты алмастыруға және жаңа өндірістер құруға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы». Бағдарлама 2023 жылдың соңына дейін жұмыс істейді.
Пірматовтың айтуынша, келешекте Ұлттық банктің жеңілдетілген қаржыландыру жобаларына қатысуы жоспарланып отырған жоқ. Ұлттық банк нарықтық жағдайларда қаржы секторы субъектілерінің экономикаға несие беруі үшін қажетті жағдайлар мен ынталандырулар жасау жөніндегі жұмысты жалғастырмақ.
Сонымен қатар Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы Келісімде бес жылдық кезеңге Жол картасын әзірлеу арқылы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдауды кезең-кезеңімен тоқтату көзделгенін атап өткен жөн.