Челахтың қандай мәлімдеме жасағысы келетінін білмеймін – ҰҚК төрағасының орынбасары

Жарияланды
Челах Президентке хат жазған. Фото: shutterstock.com

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына сотталған Владислав Челахтың қандай мәлімдеме жасағысы келетінінен хабарсыз екенін мәлімдеді.

Сенат отырысынан кейін журналистер Ерлан Алдажұмановтан Челахтың ел президентіне жазған өтініші қай сатыда тұрғанын сұрады.

«Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіру артық болады. Оқиға (Арқанкерген оқиғасы) оқиғасы болған жылы қылмыстық іс тергелді. Оқиғаның мән-жайы толық анықталды деп ойлаймын. Мен оның не айтқысы келетінін білмеймін. Қылмыстық іс толық тергелді. Егер мәлімдеме жасалса, оның мазмұнына қараймыз», – деді Ерлан Алдажұманов.

ҰҚК төрағасының орынбасары бұл оқиғаға қатысты шекара қызметінің ұстанымы тергеу мен соттың шешімен сәйкес келетінін айтты.

Айта кетейік, 2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды.

Сол кезде «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Ол жерге жасақ жіберіліп, 30 мамырда  «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін анықтады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегін, бір күн өткен соң тағы екі шекарашының мүрдесін тапты. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

Владислав Челах 2012 жылы 15 адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

2022 жылдың аяғында Челахтың істі қайта қарау туралы өтініш жазғаны белгілі болды. Содан кейін Бас прокуратура сотталған Владислав Челахқа қатысты қылмыстық істің материалдарын соттан алдырды.

Сондай-ақ оқыңыз