Сенат депутаттары жерді пайдалану ережелерін өзгертуді ұсынды

Жарияланды
Жерді пайдалану тәртібіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Фото: shutterstock.com

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен өткен аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды.  

Бұл заң жобасы жерді дұрыс пайдалану мен қорғауды басты назарға алып, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған жер дауын шешуге септеседі деп сенеді. Депутаттар жер қатынастарын дамыту мәселелері  бойынша заңның ережелеріне 25 тармақ бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Олар мынадай:

  • Жергілікті атқарушы органдардағы лауазымды адамдардың жер қатынастары саласында сапасыз немесе уақтылы қызмет көрсетпегені үшін жауапкершілік белгілеу;
  • Халықтың мұқтаждықтары үшін пайдалануға арналған және шабындық алқаптар алып жатқан жер учаскелерін бөлек меншікке бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу;
  • Бос жер учаскелері және жоспарланған  сауда-саттық бойынша ақпаратты орналастыру және жаңарту мерзімдерін бұзғаны үшін лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту;
  • Топырақтың құнарлы қабатын жою, жерді заңсыз алу мәселесі;
  • Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жер пайдалану құқығы иелігінен шығарғаны туралы  жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органды хабардар етпесе, дер кезінде хабарламағаны үшін жауапкершілік белгілеу;
  • Шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелге қатысы бар ҚР заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық ұйымға қатысы бар ғылыми орталықтарға сондай-ақ қандастарға, ҚР азаматтарына (шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған)  ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығын және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салатын нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу;
  • Қоғамдық жайылымдар деп аталатын жайылымдық жерлерге жекеменшік құқығы және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салынған нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу сынды жердің пайдалануы мен қорғалуына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған түзетуер қарастырылған.

Жалпы, заң жобасы бойынша жұмыс тобының екі отырысы өтіп, жер пайдалануға қатысты ұсыныстар түгел талқыланған екен. Ол жөнінде Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев:

«Аталған заң жобасын іске асыру жергілікті органдар көрсететін қызметтің сапасын арттырып, жалпы халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады. Сондай-ақ енгізіліп жатқан  өзгерістер пайдаланылмай жатқан жерлерді оның ішінде ауыл тұрғындарына аса тапшы жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі іс шараларды жандандырады. Жер заңнамасының сақталуына ықпал етіп, осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алады деген сенімдеміз», деді.  

Сондай-ақ оқыңыз