Жаңалықтар

Сенат ЕЭО аясында сауда жүргізу кезіндегі техникалық кедергілерді азайтатын заңды қабылдады

ЕЭО аясында сауда жүргізудің техникалық кедергілері жойылады Фото: shutterstock.com

Сенаттың жалпы отырысында «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл келісімді жасасу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында тікелей көзделген.

«Қазір Одақтың 52 техникалық регламенті қабылданды, оның 46-і күшіне енді. Келісімді қабылдау Одақта және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға жағдай жасайды. Келісімде сондай-ақ мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етілуге тиіс екендігі көзделген», – деді Жұманғарин Сенат отырысында.

Серік Жұманғариннің айтуынша, күшіне енген 46 техникалық регламент тауарлардың 80 пайызын қамтиды. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, машина құрастыру да бар.

«Қалған 6 техникалық регламент 2025 жылға дейін күшіне енеді. Сүт мәселесіне біз әлі дайын емеспіз. Жоспарда тағы он шақты техникалық регламент бар. Оның ішінде жем, құрылыс материалдары, трамвай бар. Осы жұмысқа жақында кірісеміз», – деді Сауда және интеграция министрі заң жобасын талқылау барысында.

Айта кетейік, Қазақстан мен үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес тауарлардың тауар айналымы 2022 жылы 48,6 млрд. долларды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 33,5%-ға жоғары.

«Қазақстаннан үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8%-ға өсіп, 18,9 млрд. долларды құрады. Өңделген тауарлар бойынша Қазақстанның негізгі экспорттық елдері Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды», – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, келісімде бастапқыда қолданыстағы заңнаманың барлық талабы ескерілген. Ал оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауар, қызмет көрсету және еңбек ресурстарының ортақ нарығы қалыптасқан. Нарықты қорғау тетіктерін бірізділендіру үшін Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері айқындалды. Бүгін мақұлданған заң одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен сауда жүргізу кезіндегі техникалық кедергілерді азайтуды көздейді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, мұндай қадам басқа елдермен халықаралық, сауда жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.