Биыл өңірлерде 2 мың шақырымға жуық жылу желісі қайта салынады. Бұл туралы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті.
Склярдың айтуынша, 2022 жылы 3 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылған, Ал биыл 2 мың шақырымға жуық желіні қайта салу есебінен тозу көрсеткішін 50 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендейді.
Соныме қатар, 2025 жылға ауыл халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
«Сумен қамтамасыз ету желілерімен қала тұрғындарының 98 пайызы және ауылдың 94 пайызы қамтылған. Биыл сумен қамту қызметіне 172 млрд теңге бөлінді. Осы орайда қала тұрғындарының 98,7 пайызы, ауыл тұрғындарының 96 пайызы қамтылады. 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен қамту 100 пайызды құрайды», – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.