Ересектер үнемі ақша жинау керек екенін ойлап жүреді. Өйткені қор жинай білу қасиетінің маңызын біледі. Ал балаларға ше? Ата-анасы баласына қашаннан бастап ақша ұстатқаны дұрыс? Өскенде қаржылай сауаты мықты болуы үшін кішкентайынан санасына не сіңіру керек? Осы сынды сауалдар сізді де мазалап жүрсе, бүгінгі материалымыз сізге пайдалы болмақ.
Әлдебір әдіс-нұсқаларды іс жүзінде орындауға кіріспес бұрын бірнеше ережені бойға сіңіріп алу керек. Себебі бала психикасы ересектерге қарағанда әлсіздеу. Оған басқаша келу қажет. Тым қатал тәртіп оған ұнамауы мүмкін. Сол себепті қаржылай сауатын арттыруды ойын түрінде ұсынған абзал.
- Балаға қысым жасамаңыз. Жалпы кез келген жағдайда баланы тығырыққа тіремеген дұрыс. Мысалы, сіз бір ойын түріндегі ақша жинау әдісін ұсындыңыз делік. Балаңызға ұнамады, қарсыласты. Олай болса, басқасына көшіңіз. Тәрбиелеймін деп, «менікі дұрыс» шықпаңыз. Көзбен қорқытып, сөзбен тиісудің қажеті жоқ. Не көп — тәсіл көп. Біртіндеп өздеріңізге ұнайтын біріне тоқталасыздар.
- Жетістікті «жуу» керек. Айталық, сіздер белгілі бір соманы жинау мақсатын орындадыңыздар. Барып, қажет затты алдыңыздар. Енді соны жуу керек. Отбасыңызбен бір жерден тамақтануға баруға болады. Балаға бұл рәсім жағымды әсер сыйлайды. Алда тағы осылай жинап, қалаған затын алғысы келіп тұрады. Балаға ата-анасының аузынан жылы сөз, мақтау естіген ұнайды. Міндетті түрде жай ғана «жарайсың!» Демей, «менің балам қандай мықты, мен сенімен мақтанамын» деп әсерін ұлғайтыңыз.
- Үлгі болыңыз. Иә, сөзбен бәріміз де талай істі тындыра аламыз. Бірақ соны шын орындау оңай емес. Балаға он жерден ақыл айтсаңыз да, іс жүзінде сол ақылды өзіңіз қолданбайтын болсаңыз, бәрі бекер. Сондықтан балаңызбен бірге өзіңіз де жинаңыз.
- Тым ұзақ күттірмеңіз. Бала миының құрылымы ересектермен бірдей болғанымен, функционалы басқаша. Баладан үлкен адамның әрекетін күтпеңіз. Өзі қалап тұрған нәрсесінен бас тарту балаға оңай емес. Сондықтан жинақ мерзімі тым ұзарып кетпесін. Дүкенді басына көтеріп, жер тепкілеп жылағанын да норма деп қабылдаңыз.
Ақша жинаған кезде ұстануы керек принциптер
Қаржыға келгенде тәртіпті ұстану — жақсы әдет. Оны қай жаста болса да қалыптастырып, дамыта беруге болады. Балаңыздың озат, саналы болғанын қаласаңыз, онда ақшамен қарым-қатынасын мейлінше ерте реттеуге тырысыңыз. Назарыңызға ұстануға болатын бес принципті ұсынамыз.
- Бірден сатып алмаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, жер тепкілеп жылап, қалағанын сұрау — балаға тән. Мұндайда «шымшып алсам ба», «ұрыссам ба», әлде «тынышталғанын күтсем бе» деп қаласыз. Әрине, есейген сайын мұндай қойылым азая түседі. Бірақ ата-ана да көмектескені жөн. Бала олай концерт қоймас үшін ойыншық пен тәттіні сұраған бойда алып беруді тоқтатамыз. Егер бұған дейін ересек позициясын ұстанып, анау-мынау еркелігіне мән бермей үйреткен болсаңыз, онда бұл принципті сіңіру жеңілдеу болады. Ал енді бұрын-соңды «жоқ» деген жауап алып көрмеген баламен біраз жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін дүкенге бара жатқанда балаға ескертіп, ештеңе алмайтыныңызды айтыңыз. Алда алғысы келетін ойыншықты таңдап қойса болатынын түсіндіріңіз. Ақша жинап бастап кетсеңіздер, бала «ананы алам», «мынаны алам» деп кетеді. Ондай кезде салмақты шешім қабылдауға баулыңыз. Айталық, қуыршақ алғысы келсе, басқа ойыншықтарды шолып шығуын сұраңыз. Жақсылап ойланып барып шешім қабылдауға осылай үйренеді. Ал енді нақты біреуіне тоқталған кезде «үйге барған соң тағы бір ойланып көр. Сонда да қатты алғың келіп тұрса, біз алуға қайтып келеміз» деңіз. Балалар көбіне сол сәтте ғана алғысы келеді де, жарты сағаттан соң тарс ұмытып кетеді. Ұмытып кетсе, демек алудың қажеті болмағаны. Бәрібір алам десе, аласыздар. Есейгенде де бұл қасиет көрсеқызарлықпен зат алмауға көмектеседі.
- Мақсат қойып үйретеміз. Ендігі деңгей — баланы белгілі бір мақсат қойып, соған жетуге баулу. Ақша жинай бастаған бала жинағанын дереу барып құртып тастағысы келіп тұрады. Сөйтіп пайдасыз тәтті мен ойыншық алуы мүмкін. Ал ондай болмас үшін оған тұрақты мотивация беріп тұратын мақсат керек. Сол есіне түскенде дәл қазір алғысы келіп тұрған шоколадты тастай салатындай болсын. Өзі сүйіп көретін бағдарламадағы лего-құрастырғыш алғысы келеді делік. Балада азын-аулақ ақша бар. Сөйтіп дүкенге кірген бетте балмұздақ алғысы келді. Тіпті «лего алмай-ақ қоямын. Дәл қазір балмұздақ жегім келіп тұр» деуі мүмкін. Ондай ішкі қарсылық жүріп жатқан кезде баланың қиялын іске қосыңыз. Көптен армандап жүрген легосын алып, түрлі зат құрастырып ойнап жатқанын елестетуін сұраңыз. Сонда әлгі балмұздақты алмаймын деген шешімді саналы түрде қабылдайды. Балаға сондай-ақ, сурет салғызған жақсы. Алғысы келген нәрсенің суретін салсын, оны көрініп тұратын жерге іліп қойыңыздар. Ол жерде бағасы және жиналған соманы жазасыз. Сонда жинауға қанша қалғанын көріп отырады. Визуал көрінген кезде оған түрлі қалауды басу жеңілдейді. Өйткені сурет көз алдында, мақсатқа жетуге аз қалды. Әлбетте, бала күшін білмейді. Сол себепті ата-ана көмектесуі қажет. Мақсат таңдағанда оның адекват болғанына мән беріңіз. Алғашқы қалауы тым қымбат дүние болмасын. Әрі кетсе бірер апта жинайтын зат болсын.
- Ынталандыру тәсілі айқын болсын. Балаға ақшаны ата-анасы береді. Егер бала ақша жинап үйренсін десеңіз, онда ынталандыру жүйесі анық әрі түсінікті болғаны шарт. Мысалы былай істеп көрсеңіз болады: Апта басында — дүйсенбіде және жұма күні оған 500 теңгеден бересіз. Бұл айлық секілді тұрақты, ешқандай факторларға қарамай төленеді. Ал енді сабақтан бес әкелген сайын оған 100 теңгеден беріп тұрасыз. Қалаған затын тезірек алғысы келсе, жұмыс істеу арқылы таба алатынын түсіндіріңіз. Үй жинауға көмектесуіне болады дегендей. Бірақ «қаламақы» мөлшері бір күнге 100 теңгеден аспауға тиіс. Міне, осы сынды ережелер болса балаға да түсінікті болады. Ал енді бір бергенде 2000 теңге беріп, одан соң бір апта ештеңе бермей кетсеңіз, ол хаос тудырады. «Ертең бере ме, бермей ме белгісіз. Сондықтан қазір құртып тастайын» деп ойлайтын болады.
- Ақылдасамыз. Адам қоғам болып өмір сүреді. Яғни ол үнемі басқалармен аралас-құралас болып жүреді. Мидың өзі соған үйренген. Ұжымдасып істеген кезде көп процесс тез жүретіні сондықтан. Альберт Бандура есімді америкалық ғалымның теориясына салсақ, адамның әлдебір жаңа нәрсені үйрену көбіне басқаларға еліктеуден туады екен. Соның ішінде балалар осындай болып келеді. Жаңа тәртіп моделін бойға тезірек сіңіру үшін балаға ориентир керек. Сондықтан бастапқы кезде анасы не әкесі процеске белсенді кіріскені дұрыс. Айтқандай, сізде де белгілі бір мақсат болсын. Балаңызбен бірге сіз де жетуге ұмтылыңыз. Сөйтіп күнделікті осы тақырыпта сөйлесіңіздер. Қанша жинадыңыздар, әлі қанша жинау керек — айтып отырыңыздар. Бір-біріңізді қуаттап, мотивацияны арттырып отырған жөн. Отбасында бірнеше бала болса, барлығы осы процеске қосылғаны абзал. Сонда бір-біріңізбен жарысып, азан-қазан боласыздар.
- Ойнаймыз. Әркім қаржы сауатын әрқалай ашады. Біреулер «Монополия» сияқты ойындар арқылы дамытқан. Ал енді балаға қандай ойын ұсынуға болады? Үстел ойындарының балаларға арналған сан түрі бар. Өздеріңізге ұнайтынын таңдау ғана қалып тұр. Барлығында дерлік негізгі принцип бір: ақша жинап, стратегиялық маңызы бар объект сатып алып, басқа бәсекелестерді күйрету. Мұндай үстел ойындарының ең үлкен пайдасы сол — бала ақшаның маңызын түсінеді. Әр нәрсеге құрта бермейді. Ойлануға дағдыланады. Ақшаң аз болған кезде, қолыңдағы билік те шектеулі. Көбірек жинаған сайын, күшің молаяды. Мүмкіндік те көбейеді. Сондай ойындардың бірі — «Қарақшылар империясы». Былай ойнайсыздар: жер сатып аласыздар, басқа ойыншылар сол жерді пайдаланғаны үшін сізге ақша төлейді. Мұндай қаржыға қатысты тәртіп қалыптастырып берсе, ата-ана баласына өте жақсы тәрбие берді десе болады. Өйткені ақшаны дұрыс ұстай алатын ересек кез келген жағдайда аяқтан тік тұрып, жетістікке тезірек жетеді.