Bed tax: Қазақстанға туристер есебінен табыс түсе ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанға келетін туристерге Bed tax салына бастайды. Фото: shutterstock.com

Жыл басынан бастап қонақүйге тоқтаған әрбір шетелдік туристен Bed tax ұсталады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша осы салықтың арқасында аймақтарда кемінде 2,5 млрд теңге жиналуға тиіс. Бүгінгі материалымызда туристерге салынатын салықтың әлемдік тәжірибелеріне тоқталамыз. 

Туристік салық тарихы сонау орта ғасырлардан басталған. 1306 жылы — Бадерехт, одан соң 1507 жылы Баден-Баденде енгізілген. Бертін келе туризм дамыған сайын бұл салық тіпті біраз елде қосылып жатыр. Аустрия, Германияның курорт аймақтарында XIX ғасырдың орта тұсынан бері алынып келеді. Ал Францияда «туристік салық» түсінігі 1919 жылы енгізіліпті.

Туристік салық деген не?

Бұл — туристік компаниялар немесе тұрғынүймен қамтамасыз етушілер арқылы ұсталатын салық түрі. Яғни қалаға туристік мақсатпен келген шетелдіктер төлеуге міндеттеледі. Оның бірнеше түрі бар: қалалық алым, курорттық алым, экологиялық алым, туристік алым және т.б. Көбіне бұл салықты турист ағыны көп аймақтарға енгізеді. Егер сіз барған жерде туристік алым міндетті болса, оны төлеу қиын емес. Себебі ол үшін әлдебір жерге барып, құжат жинап жүрмейсіз. Мұны сіз тұрақтаған жер яки қонақүй жатын бөлме құнына қосып қояды. Сізге бар болғаны төлеу қалады. Бронның онлайн да, басқа да түріне бірдей салық ұсталады.

Аталған салықтан түсетін қаражат жергілікті тұрғындардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталады. Өйткені көптеп келген туристер ағынынан (overtourism) оларға зардап келеді. Сонымен бірге туристік салық түсімдері әлемдік туризм нарығынан айтарлықтай орын алып, имиджді жақсарту үшін де керек.

Қазақстанда ахуал қандай?

Кәсіпкерлер Bed tax енгізуге әлі ерте деп санайды. Яғни аталған механизмде шикілік көп деген пікірде. «Қазақстанда туржарна ертелі-кеш тұрақты даму мен рекреациялық жүктемені реттейтін тетік немесе құрал ретінде енгізілуі керек болатын.  Дегенмен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық туристік бизнес өкілдерінде бұл жаңашылдықты іске асыру механизміне қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Ең алдымен туристік кәсіпорындар туржарнаны жинаудың нақты механизмін түсінуі керек. Осы орайда мынадай орынды сұрақтар туындап отыр:

–         Есеп бөлімі арқылы бұл жарна қалай өтуі керек?

–         «Туризм қызметі туралы» заңға сәйкес турист емес шетелдік жұмысшыдан шетелдік турист қалай анықталады?

–         Бір қонақ үй нөмірін сатып алған бірнеше адамның барлығына туржарна салына ма?

–         Қанша жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерден туржарна алынбайды?

Тағы бір маңызды дүниеге ерекше назар аударған жөн. Туржарна арқылы жиналған қаражат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмсалады деп болжанған болатын. Алайда, бұл ереже Үкімет қаулының соңғы редакциясынан алынып тасталғаны белгілі болып отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған тақырып бойынша бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, орталық мемлекеттік органға өтініштер жолдағанымен және қазіргі уақытқа дейін ол өтініштерге нақты жауап келмеген. Қазақстандағы бұл мәселеге қатысты ұтымды жолдардың бірі ретінде 2023 жылы 0%-дық туржарна мөлшерлемесін сақтап, 2023 жылы барлық тараптармен бірлесе отырып ұтымды ортақ ұстанымға келіп, нақты іске асыру механизмдерін белгілей аламыз. Ал 2024 жылы Астана мен Алматы қалаларында пилоттық негізде жүзеге асырып, кемшіліктері мен осал тұстарын түзеп, 2025 жылы толыққанды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға болады деп сенеміз. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, әрі қорытындылай келе, туржарнаның жалпыға бірдей қарапайым, әрі толыққанды ережелері мен нақты механизмдерін енгізбейінше ұтымды жетістіктерге жетуіміз екіталай. Сол себепті, мемлекеттік орган, бизнес және қоғам өкілдері мен сарапшылар бірлесе барлық тараптарға тиімді, ортақ ұстанымға келуі керек» дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әлішер Тұрсын.    

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің пікірінше, 5 пайыздық мөлшерлемемен bed tax енгізу туристер ағынын азайтады. Осы мәселеге қатысты Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов былай дейді:

«Өздеріңіз білетіндей, туризм саласы, оның ішінде туристерді орналастыру қызмет нарығы COVID-19-дан ең көп зардап шекті – шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, турлар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кезде ғимараттар мен персоналды күтіп-ұстау қаражаты есебінен жабу салаларға айтарлықтай қаржылық залал келтірді. Қонақүйлер маркетинг құралы ретінде тұру құнымен жұмыс істейді, төмен маусымда бағаны төмендетіп, жоғары маусымда көтереді. Сондықтан, бұл ставканы тұруға арналған қызмет құнына және статистикалық деректерге байланыстыру – салық сомасына үнемі әсер етіп, түсінбеушілік тудырады. Оның үстіне бұл жұмысшылар санын көбейту қажеттілігіне әкеледі».

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туристік салықты қалалық салық деп те атайды және оның өмір сүру құнына еш қатысы жоқ. Кәсіпкерлер елімізде туристік алымның мөлшерлемесі бекітіліп, оны есептеу қонақүй компаниясына ауыртпалық түсірмеуі керек деп есептейді.

Әлемдік тәжірибе

Аустрия

Аустрияда туристер әр түнеген күніне төлеуі керек. Соның ішінде кемпингтер де есепке алынады. Оның көлемі провинцияға байланысты әртүрлі. Бұл жақтағы алымның екі атауы бар: Tourismusgesetz және Beherbergungsbeiträge. Мысалы Венадағы қонақүйге тоқтасаңыз, соның құнының 0,36 пайызынан 3,2 пайызына дейінгі мөлшерде алынады. 15 жасқа дейінгі балалар салықтан босатылған.   

Бельгия

Мұнда қалаға байланысты салынатын салықтың түрі көп. Антверпенде қонақүйге тоқтаған әр адам басына бекітілген сома — 2,39 еуро. Кәмелетке толмаған балалардан алынбайды. Бірақ Брюгге мен Гентада 12 жасқа дейінгілер ғана босатылады. Брюггеде бір түнге — 2,12 еуро, Гентада — 3 еуро. Брюссельдегі салық мөлшері қонақүй классификациясы, орналасқан жеріне байланысты әртүрлі. 

Болгария

Бұл елде қалалық немесе курорт салығы аудан мен қонақүй класына байланысты алынады. Қалалық алым орта есеппен 0,1 еуро мен 0,72 еуро аралығында. Ал туристік түрін алдын ала анықтап алу керек. Себебі орналасқан жеріне қарай мөлшері түрліше.

Хорватия

Кәмелетке толған туристерден Sojourn Tax деп аталатын салық ұсталады. Адам басына бір түнге — 1,34 еуро шамасында.  12-18 жас аралығындағы балаларға 50 пайыз жеңілдік жасалады. Ал 12-ге толмағандар салықтан босатылған.

Франция

Франциядағы салық атауы — Taxe de Sejour. Тоқтаған ауданыңыздың тұрмыс деңгейіне қарай бекітілген. Шамамен алып қарасақ, бір түнге адам басына — 0,50 еуро мен 4 еуро аралығында. Нақтылау үшін service-public.fr.

 Сайтынан қарауға болады. Парижде қосымша 12 пайыз салық тағы бар. Бұл 0,23 еуро мен 4,60 еуро қосымша төлеуіңіз керек дегенді білдіреді. Кәмелет жасына дейінгі балалар салықтан босатылады.   

Германия

Kulturförderabgabe (мәдениет үшін ұсталатын салық) немесе Bettensteuer (жатын орынға ұсталатын салық) – Германиядағы туристік салықтарда қолданылатын терминдердің бірі. Адам басына 0,50 еуро мен 4 еуро аралығында алынады. Айталық, Берлинде қонақүй бөлмесі құнының 5 пайызы ұсталады. Бір айта кететін жайт, Мюнхенде туристік салық жоқ.

Грекия

Бұл елде туристік салық 2018 жылы енгізілген. Бір не екі жұлдызды қонақүйлерге тоқтағандардан — 0,50 еуро, үш жұлдызды қонақүйге — 1,50 еуро, төрт жұлдызды — 3 еуро, бес жұлдызды қонақүйдің бөлмесіне 4 еуро төлейсіз.

Италия

Италияда Tassa di soggiorno деген салық міндеттелген. Қаласына, қонақүйдің қанша жұлдызды екеніне қарай мөлшері әртүрлі. Балаларға көбіне жеңілдік жасалады. Мысалы, Римде он күнге дейін тоқтаған кезде адам басына 3-7 еуро аралығында ұсталады. Толығырақ ақпаратты italyvacations.com сайтынан көруге болады.  

Нидерланды

Мұнда туристерден Toeristenbelasting деген салық ұсталады. 400-ден астам муниципалитетте алынады. Қонақүй класы мен түріне қарай әртүрлі. Мәселен, Амстердамда қонақүй нөмірінің құнынан 7 пайыз мөлшерінде. 

Испания

Ибица не Майоркаға барарда ол жақта салық мөлшері жоғары екенін ескертеміз. 16 жастан асқандардан ұсталады. Маусым қызған кезде қымбат қонақүйлерде тоқтағандардан күніне 4 еуродан алынады. Ал орта класстағы қонақүйлерде — 3 еуро, апартаменттер мен круиз лайнерлерде — 2 еуродан, кемпингтер мен жатақханаларда тоқтағандар 1 еуродан төлейді. Қараша мен сәуір аралығында саяхаттап барсаңыздар 75 пайызға төмен бағалар болады, аралдардан 8 күннен астам тоқтасаңыз, салық мөлшері 50 пайызға арзандайды. Каталонияға барғандардан Tasa turistica салығы ұсталады. Бұл — Испаниядағы ең көрікті, турист көп баратын қала. Алғашқы бір аптада әр түнге 0,45 еуро мен 2,25 еуро аралығында төлейсіз. 16 жасқа дейінгілер салықтан босатылған. Канар аралдарында әзірге турист салығы жоқ. Бірақ алда қосылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан барар алдында ақпаратты жаңартып, нақтылап алуға кеңес береміз. 

Америка Құрама Штаттары

АҚШ-тың біраз штатында уақытша тоқтағандардан салық ұсталады. Үй жалдап, мейлі бөлме не апартамент болса да төлеуіңіз керек. Яғни қонуыңыз мүмкін кез келген жерде міндеттеледі. Тоқтайтын мерзіміңіз отыз күннен аспауы қажет. Тұруға ақысын төлеген кезде салық та ұсталады. Сөйтіп оператор оны қала не округке аударады. Нью-Йоркте 2013 жылдың желтоқсанынан бері қонақүй бөлмелерінде тоқтағанда 5,9 пайыз мөлшерінде салық салынады, одан бөлек, бұл жерде New York State Hotel Unit Fee деген алым бар. Ол дегеніміз — әр нөмірден бір түнге 1,5 доллар ұсталатын салық. Техас штатында уақытша тұруға арналған қонақүй, мотель бәрінен тәулігіне 15 доллардан алынады. Одан бөлек, жергілікті салық күніне 2 доллардан — оны бөлек төлейсіз. Қонақүй нөміріне арналған бекітілген мөлшер — 6 пайыз. Сонымен бірге АҚШ-та курорт қызметтеріне салынатын да салық бар. Бұл — бөлек төлем. Лас-Вегас, Флориданың барлық қонақүйінде ұсталады. Нью-Йорктің кей отельдерінде де бар.   

Сондай-ақ оқыңыз