БҰҰ халықаралық қауымдастықты соғыстан зардап шеккен украиналықтарды қолдау үшін 2023 жылы 5,6 миллиард доллар бөлуге шақырды. Бұл туралы Анадолу сайты ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Бұл соманың 3,9 миллиарды елде қалған 11 миллион мұқтаж украиналықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге, медициналық және қаржылық көмек көрсетуге жұмсалатыны атап өтілді.
Тағы 1,7 миллиард украиндық босқындарды қолдауға жұмсалады. Бұл қаражат қазіргі кезде Украинадан 4 миллионнан астам мигрантты қабылдаған 10 елге жіберіледі. Бұл Болгария, Чехия, Румыния, Молдова, Венгрия, Эстония, Латвия, Литва, Польша және Словакия.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінде Украина халқының 40 пайызға жуығы гуманитарлық көмек пен қорғауға мұқтаж екенін, ал көршілес елдерге украиндық босқындардың келуі Еуропада бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарысты тудырғанын еске салды.
«Бір жылға жуық уақыт өтсе де, соғыс әлі күнге дейін күн сайын бұрын-соңды болмаған көлемде өлімге, қирауға және қоныс аударуға әкеп соғуда», – деді БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс.