Халықаралық миграция: өзге елде азаматтық алу қалай жүргізіледі?

Жарияланды
Азаматтық алуға нұсқаулық. Фото: shutterstock.com

2022 жылғы статистикаға үңілсек, бүгінде әлемде 281 миллионға жуық халықаралық мигрант бар екен. Бұл дегеніміз — Жер шары тұрғындарының 3,6 пайызы. Жаһандық миграция жасаушылар, яғни туып-өскен елінде емес, басқа елге көшіп, жұмыс істеп жатқандар саны жыл сайын артып келеді. Демек, басқа елдің азаматтығын алады. Бүгінгі материалымызда әлемнің әр елінде азаматтық алу процесі қалай жүретініне тоқталамыз. Құны қанша, шарты қандай, таңдау жасағанда нә нәрсеге мән беру керек — осы жайлы ақпарат береміз.

Тұрақты тұруға рұқсат пен азаматтықтың айырмасы

 Бір қарағанда берілетін құқықтары ұқсас болғанымен, бұл екі түсініктің айырмашылығы бар. Алдымен осыны түсіндіріп өтелік. Екеуінде де өзге елдің аумағында заңды тұруға рұқсат бар. Тұрақты тұруға рұқсатты алу үшін иммигрант сол елде бірнеше жыл тұруы керек. Сол уақыт ішінде ол жұмыс істеп, ЖОО-да білім алып, медициналық көмек ала алады. Бірақ мемлекеттік қызметке орналаса алмайды, сайлауға электорат ретінде де, кандидат ретінде де қатысуға құқығы жоқ. Ал азаматтығы алған адамды бұл құқықтар болады. Ал енді азаматтық алу жолы әр елдің заңына қарай әртүрлі. Басым көпшілігінде ел аумағында орта есеппен бес жылдай тұруы керек. Айталық, Польша мен Швецияда азаматтық алу салыстырмалы түрде жеңілдеу. Себебі тұруы керек мерзімі минимум шамада. Ал Грекияда — 7 жыл, Германия мен Эстонияда — ең аз дегенде 8 жыл. Испания мен Аустрияда шетелдіктің тастай батып, судай сіңуіне 10 жыл уақыт керек. Азаматтығы бар адам сол елдің төлқұжатын алады. Оған қоса, барлық құқығы да қоса беріледі.  

Ел таңдағанда не нәрсеге мән беру керек?

Егер тұрғылықты мекенжайды ауыстырып, басқа елге көшуге шешім қабылдасаңыз, онда бір байламға келмес бұрын барынша көп ақпарат алып алғаныңыз дұрыс. Өйткені алуын алып, кейін әлдебір кемшін тұстарды көріп, бармақ тістеп қалуыңыз мүмкін. Ондай өкініш болмас үшін кез келген шешімді саналы түрде қабылдауға әдеттеніңіз. Осы ретте барлығын үтір-нүктесіне дейін есепке алыңыз. Құжаттарды рәсімдеу деңгейі жеңіл ме, күрделі ме, ол елдегі орташа жалақы мөлшері қандай, шығын көлемі қаншалықты — бәрін біліп алу маңызды. 

Ең бірінші мән беру керек жайт — өмір сүруге қажет табыс мөлшері. Ол үшін таңдаған еліңіздегі азық-түлік, жол жүріске қанша ақша керегін, пәтер жалдау не үй сатып алу секілді мәселелерді зерттеп алыңыз. Numbeo ресурасында әлем елдеріндегі орташа бағалар туралы көп ақпарат бар. Яғни өмір сүру құнының индексін табуға болады. Мысалы, ең жоғары индекс Бермуд аралдарында — 141,8. Америка Құрама Штаттарында — 72,4, Финляндияда — 67,5.

 Өмір сапасын толығырақ білуге көмектесетін келесі бір рейтиң —  World Happiness Report. Бұл рейтиңді көпшілік білуге тиіс. Мұның негізінде ЖІӨ деңгейі жатыр. Яғни әлеуметтік көмек, еркіндік, жемқорлық, жомарттық деңгейлері көрсетіледі. Мысалы «Ең бақытты елдер» тізімінің көшінде мына елдер тұр: Финляндия, Дания, Исландия, Швейцария, Нидерланд. Ал тізімнің соңғы жағындағы елдерге келсек, рейтиң мынадай: Зимбабве, Ливан және Ауғанстан. 

Қауіпсіздік деңгейін салыстырып көру аса маңызды. Өз еліңізден көшіп барғанда қауіпті елге тап болсаңыз, қалай болады? Ондай қиын жағдайға тап болмас үшін осы бөлімге бей-жай қарамауыңыз керек. Оны  Global Peace Index ұсынған есеп арқылы көре аласыз. Мысалы аталған рейтиңде өмір сүруге ең қауіпсіз елдердің басында Исландия, Жаңа Зеландия және Дания үштігі тұр. Ал Сирия, Йемен, Ауғанстан секілді елдерде тұру аса қауіпті.   

Келесі фактор — бейімделу. Барған бойда «өз үйіңізде» жүргендей сезіну үшін ол жақтағы тез бейімделуге жасалған мүмкіндіктерге көз жүгіртіп шығыңыз. Статистикаға үңілсек, 2022 жылы иммиграция жасауға ең қолайлы елдердің көшін Португалия, Тайвань және Мексика бастап тұр. Осы елдерде сырттан келгендердің бюрократиялық және тұрмыстық мәселесін шешу оңай екен.

Осылайша ең маңызды бөлім — азаматтық алу жолына да келіп жеттік. Иммиграция туралы ойланған кез келген адамның басында осы сауал тұратыны белгілі. Осы ретте қандай тәсілдер барына тоқталайық.

  • Сол елде туғандарға. Кей елдер өз аумағында дүниеге келген балаларға автомат түрде азаматтық береді. Мысалы, АҚШ-та сондай ереже бар. Сонымен бірге сол елдің азаматы деген статусқа қандас бауыры бар адамдар да кей елдерде үмітті бола алады. Айталық, ирландиялықтардың немерелері мен шөберелері қай елде туса да, азаматтық алуға үміткер болуға құқылы. Италия мен Польшада да осындай бар. 
  • Натурализация. Азаматтықты сол ел аумағында бірнеше жыл тұрып алуға болады. Ол үшін алдымен ықтиярхат алудан бастайсыз. Одан соң барып, тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Аталған статусты алу үшін әр мемлекет ережені өзі бекітеді. Көбіне сол елдің тілін, тарихын, мәдениетін жақсы біліп, еш заң бұзбай, тұрақты табыс тауып жүрген адамдар болуы керек деген ереже болады. Кей елдерде ықтиярхаты бар адамдар азаматтық алуға бірден өтініш берсе болады. Мәселен, Аргентинада 2 жыл тұрған соң тапсыра аласыз. Ал Швейцарияда ол үшін 10 жыл тұру қажет. 
  • Шетел азаматына тұрмысқа шығу арқылы. Өзге елдің азаматымен некелескен соң жұбайыңыз туған елдің азаматтығын алуға тапсыра аласыз. Азаматы деген статусты алу мерзімі әр елді әртүрлі.
  • Ғылым мен мәдениетке сіңірген еңбегі үшін. Шет мемлекет үшін құнды азаматтарға әлдебір шарттарсыз азаматтық беретін елдер бар. Мұндай практика Біріккен Араб Әмірліктерінде жиі қолданылады. Бұл жерде басты талап — сол елдің дамуына орасан үлес қосу.
  • Инвестиция құю арқылы азаматтық алу. Өзге елдің экономикасына ақша салуға әзір болсаңыз, алғыс ретінде азамат деген статус беретін елдер бар. Ол кезде мәселе тіпті тезірек шешіледі. Өйткені әлем елдерінің біразында осы практика қолданыста. Қандай әдістер бар десеңіз, мархабат:
  • Мемлекеттің қорына қайырымдылық жарнасын салсаңыз болады;
  • Белгілі бір бекітілген сомаға жылжымайтын мүлік сатып алу, болмаса жалдау;
    • Ел заңнамасында иммигранттарға бекітілген салық пен алымдарды төлеу арқылы.

Осы ретте айта кететін бір жайт: инвесторлардың қаншалықты сенімді екені жіті тексеріледі. Яғни оның табыс көзі қайдан келеді, саяси статусы қандай, заң бұзған жағдайлар тіркелген бе — бәрі қаралады. 2023 жылы инвестиция салу арқылы иммиграция жасауға қолайлы елдердің рейтиңі шықты. Назарыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

  •  Кипр. Бұл елдің азаматтығын алғысы келгендер инвестор болып, жергілікті компаниялар мен мемлекеттік қорларға 300 000 еуродан астам ақша салуы керек. Тағы бір шарты — жылдық ресми табысы кемінде  30 000 еуро болуы керек. Инвестор бүкіл отбасын көшіріп әкеліп, 7 жыл тұрақты тұрған соң азаматтық ала алады.
  • Антигуа мен Барбуда. Кариб аралдарындағы ел. Инвестициялық иммиграцияға таптырмайтын елдердің бірі десек болады. Қайырымдылық жарнасы салыстырмалы түрде азырақ — 100 000 доллар. Инвестор елге өзі ғана емес, отбасындағы төрт адаммен келе алады. Мөлшері өзгермейді.
  • Грекия. Бұл елде жергілікті банктердің шотына 400 000 еуро көлемінде валюталық депозит салған адамдарға азаматтық беріледі. Осы сомаға облигация сатып алып, грек компаниясына немесе инвестициялық қорына салса да болады.

          Келесі материалымызда жылжымайтын мүлік сатып алу, некелесу, білім беру бағдарламасына түсу, үлкен сұранысқа ие маман иесі болу арқылы азаматтық берілетін елдер туралы айтамыз. Сонымен бірге құны қанша болады, қай елде қос азаматтық алуға рұқсат барына да тоқталамыз.

Сондай-ақ оқыңыз