2022 жылы шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі $22,1 млрд-ты құрады

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы оң өсу қарқынын көрсетіп, инвестициялық тартымдылығын сақтап қалды. Атап айтқанда, өткен жылдың 9 айында республикаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8%-ға өсіп, $22,1 млрд-ты құрады.

«Жаңа экономикалық жағдайда ҚР Үкіметі шетелдік инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Бизнес-жобаларға тұрақты негізде фискалдық және фискалдық емес жеңілдіктерді, сондай-ақ преференцияларды қамтитын жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр», — деді Үкімет басшысы.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартудың маңызды қыры – болжауға болатын және ашық салық саясаты. Осыған байланысты фискалдық реттеуді қайта қарау үшін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Ол салықтық бақылауды цифрландыруды, сараланған мөлшерлемелерге көшуді, технологиялық жаңғыртуды ынталандыруды, арнаулы салық режимдерін оңайлатуды және т. б. көздейді.

Шара қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкіметтің өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға бағытталған пікірталастарға, ұсынымдарға және жаңа жобаларға ашық екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз