Қытайға экономикалық тәуелді болып қалуға негіз жоқ
Нұрсұлтан Нұрсипат, экономист, сарапшы
Батыс елдерінің белді басылымдары Қазақстандағы соңғы экономикалық оң өзгерістерге сараптама жасауда. Әсіресе, Еуропа елдерінің инвесторларының елімізге қайта оралып жақтандығына тоқталады. Сонымен қатар, Қытай да қайта оралды дейді. Кейбір сарапшылар, Қытай Қазақстанды өздерінің «Бір белдеу, бір жол» саясатының плацдармына айналдырды деп есептейді. Олардың жазуынша пандемия үзілісінен соң Қазақстанда Қытай белсенділігі күрт артуы мүмкін. Түрлі инвестицияларымен қызықтыру арқылы бізді Шығыстағы көршіміз өз уысында ұстағысы келеді деген болжам жасайды.
Қытайдың «бір белдеу, бір жол» деген жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алына бастағанын білеміз. Бұл жерде негізгі қауіп қытай инвестицияларының өсуінен бөлек, Қытай үшін Қазақстан толыққанды шикізат орталығы болып қалмау деген нәрсе. Яғни көршіміз бізді тең экономикалық серіктес емес, тек шикізат алып отыратын базасы ретінде қабылдап қалмауының алдын алуымыз маңызды. Бұл жерде инвестиция көбірек келуі біздегі салық көлемінің өсуіне одан барып қаржылық мүмкінідігімізді ұлғайтуға, қосымша жұмыс орнын ашуға септігін тигізетіні рас. Дегенмен бұл мәселеге екінші жағынан да қарау керек. Уақыт өте келе осының арты экономикалық тәуелділікке апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан, біз инвестиция тартқан кезде шикізат беруші емес, дайын тауар сатушы немес дайын қызмет ұсынушы ретінде де әрекет жасауға ұмтылуымыз керек.
Бұл жерде айтпағым ертең күндердің күнінде біздердегі шикізат қоры түгесіледі. Ары қарайғы Қазақстанның жағдайы не болмақ? Себебі, біз қытайдағы экологиялық жағдайды, ол жақтағы бірнеше алпауыт зауыттардың ауаны ластап, экологиялық апаттарға әкеп соқтырып жатқанын білеміз. Сонымен қоса тамақ өндірісінің қатты ақсап жатқандығы да белгілі.
Одан кейін жоғарыда айтқанымдай көптеп инвестиция құю арқылы бізді уысында ұстағысы келмей ме?,-деген тақырыпты тарқатып айтар болсам: Мәселен, 2015-16 жылдарға дейін біздегі инвесторлардың үлес салмағы көбіне еуропа елдерінен басым еді. Мысалы, Норвегия, Ұлыбритания мемлекеттері сияқты елдердің қызығушылығы жоғары болды. Соңғы 4-5 жылда ойынға Қытай бел шеше кірісе бастағанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта қытайдың бізге салған инвестициясы бұрынғыға қарағанда 16 пайызға өскен деген мәлімет бар.
Бұл жерде бірнәрсені түсінуіміз керекпіз. Кез-келген дамушы елге жан-жақтан инвестиция тартылады. Оның үстіне біз секілді жерасты қазба байлық қоры өте көп ел үшін. Онсыз даму мүмкін емес. Бірақ, бұл бір тараптан немесе бір ғана алпауыт елден ғана тартылмау керек. Яғни, тек Қытайдың немесе Ресейдің инвестициясына тәуелді болып қалмауымыз қажет дегенді айтқым келеді. Ондай жағдайда, бір кездері Қытай инвенсторларының қалтасына ғана жұмыс істеп, арты сол елге экономикалық тәуелді болып қалған Малайзия, Индонезия секілді елдердің кебінін киіп қалуымыз әбден мүмкін. Оның артында Қытайдың өзгелерді ешқандай соғыссыз-ақ жаулап алу саясаты жатқаны жасырын емес.
Біздің мемлекеттің қазіргі таңдағы инвесторларға қатысты ұстанып отырған саясаты оның барлығын ескеріп отыр деп ойлаймын. Оған дәлел ретінде Қытай мен қатар Еуропа мен Батыс елдерінен де бізге тартылып жатқан инвестициялардың үлес салмағы да біршама екенін айтуымызға болады. Сондықтан дәл қазіргі таңда немесе жақын арада қытайға толыққанды экономикалық тәуелді болып қалатындай жағдайда емеспіз. Дегенмен, жоғарыда айтқандай қауіптер де жоқ емес. Себебі, біз Қытай үшін таптырмас платформамыз. Сондықтан ол жақтан келетін инвестициядан түсетін қаржылық мүмкіндіктен бұрын ұлттық, мемлекетшілдік мүддені алдыңғы орынға қоюымыз керек.
АҚШ бұқаралық ақпаарт құралдарының ол сарында сараптама жасауы бір жағынан қызық. Негізінен Америка бізді бір әлемде экономикалық жағынан болсын, саяси жағынан болсын шешуші мемлекет ретінде көрмейді. Осы жерде сізге бір ған мысал айтайын, мәселен жақында Мак доналдьс сияқтя компанияның Қазақстан нарығынан кетуін әркім әр саққа жүгіртеді. Бірақ, оның негізгі себебі Ресейдегі жағдайға тікелей байланысты.
Олар бізді тек Ресей нарығының бір бөлшегі деп қана қарайды. Мәселен Ресейде 180 млн. халық болса соған біздің 19 млн. халықты қосып, жалпы 199 млн. тұрғынның нарығы деп қарай салады. Бұл шындықты ащы да болса мойындауымыз керек.
Ойымды қорыта келе мынадай тұжырым жасар едім: Қазақстан қазіргі таңда Ресеймен де арақатынасымызға сызат түсіре қойған жоқ. Сонымен қатар Түркі мемлекеттерімен де қарым-қатынасымызды нығайтып келе жатырмыз. Демек, біздің мемлекет әлемдік саяси, экономикалық сахнада өзінің –жан-жақты, әртараптандырылған барлығына тең көзқарастағы саясат ұстанатын ел ретінде көрсетіп келеді. Бұл дегеніміз ертең Қытай түрлі инвестиция құю немесе басқаша түрлі жұмсақ саясаттар арқылы бізді өздеріне тәуелді етуге қадамдарын күшейте бастаса, жоғарыдағы Ресей немесе Түркия одан қалды кейбір батыс елдері де Қазақстан үшін сөйлеп бер алады деген сөз. Өйткені бізде олардың өз мүдделері бар.