Үлестік құрылысқа үміт артқандар неден сақтануы керек?

Жарияланды
Үлетік құрылысқа ақса салғанда ескерер жайт көп. Фото: www.shutterstock.com

«Кез келген азаматтың бас қайғысы – баспана» деп кесіп айтсақ, кемшілік болмас. Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр, сонымен бірге үйсіз жүрген азаматтар саны да аз емес. Бірақ қарқынды жүріп жатқан құрылыс иелерінің көбі мемлекеттің кепіл саясатын айналып өтуге машықтанған. Салдарынан көп жағдайда үлескерлер үйсіз қалып жатады. Қалалық әкімдік араға айлар салып нарықтағы сенімсіз құрылыс компанияларының тізімін жаңартып отырады.

Қазір елордада құрылыс қарқыны өте жоғары. Қаланың құрылыс жүріп жатпаған ауданы кемде-кем. Осыған орай құрылыстың бастапқы сатысындағы үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жасалды деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Әкімдіктің хабарлауынша, қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәміле (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты) тізімде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жарамсыз болып саналады.

Қаражатыңыз желге ұшпас үшін құрылыс компаниясында құрылысқа ресми рұқсат және «Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» ШЖҚ РМК оң қорытындысы болуы тиіс.

Үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір құрылысы ұзаққа созылған 30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр.

«Үлестік құрылыс нысандарын аралауды жалғастырамын. Төрт көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар: «Мирный дом», «Тұран Сығанақ», «Территория комфорта-1» (2 кезек), «Хазар». Үлескерлердің жалпы саны 1200-ден астам отбасыны құрайды. Нысандардың өткен тарихы әртүрлі. Мәселен «Мирный дом» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалы деп танылған, нысанды «Елорда құрылыс компаниясына» тапсырар кезде құрылысы нөл деңгейінде болатын.

Әкімнің айтуынша, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені (2 кезек) тіптен апатты деп танылып, үйлердің блоктары бұзылған. Тиісінше құрылысы басынан қайта басталыпты.

«Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, пәтер кілті үлескерлеріне тапсырылды. Қазір екінші кезек бойынша жұмыс жүріп жатыр. Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен алдымызда тағы 30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр, онда мыңдаған үлескер отбасы өз пәтерін жылдар бойы күтіп жүр. Құрылыс сапасына ерекше назар аудара отырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырдым. Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі», дейді елорда әкімі.

Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің хабарлауынша, биыл құрылыс салушыларға қойылатын талап төмендетілуі мүмкін. Бірақ бұл 2016 жылы қабылданған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға қайшы келмейді. Тек нарық қатысушыларына кішкене еркіндік бермек. Ведомствоның хабарлауынша, талаптар қатаңдатылған 7 жыл ішінде құрылыс саласын гранд-компаниялар монополиялап алған. Сондықтан салаға бәсекелестік қажет көрінеді.

«2016 жылға дейін болған жағдай қайталанбайды. Яғни заң қайта қаралған кезде барлық тәсілдер, үлестік құрылыс саласындағы бақылау функциялары да қайта қарастырылды. Олар ең бірінші кезекте үлескерлердің құқығын қорғайды», дейді құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Жақсылық Сәрсембаев.

Ал сарапшы Лев Тетин болса нарықта монополистер көп деген пікірмен келіспейді.

«Қазіргі уақытта монополист жоқ. Сандарды сөйлетіп көрейік. Астана қаласында 58 құрылыс салушы 160 тұрғын үй кешенінде 3,5 млн шаршы метрге жуық құрылысты жүргізіп жатыр. Бұлар – жаңа үйлер. Қайталама нарықта 40 мыңға жуық пәтер бар. Бұл – шамамен 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй. Сонда нарықта қазір 5,5-6 млн шаршы метр көлемінде ұсыныс бар. Сонда кім монополист бұл жерде?», дейді сарапшы.

Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні, құрылыс салушы компанияларға қойылатын талаптардың жоғары болуына байланысты, министрлік тарапынан жеңілдету және үлестік қатысудың тартымдылығын арттыру мақсатында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына бірқатар түзетулер әзірленген.

Атап айтқанда:

  • Қаражаттың болуы бойынша 15%-дан 10%-ға (Бірыңғай оператордан кепілдік алу;) төмендету;
  • Тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғандығын күтпестен үлескердің қаражатын пайдалану  (екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы).
  • Тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлестік құрылыс кезінде құрылыс салушыларға қойлатын талаптарды төмендету (60 мың шаршы метрден 36 мың шаршы метрге дейін);
  • Құрылыс салушылардың қосымша валюталық және депозиттік шоттар ашуы, сондай-ақ олардың арасындағы айырбастау мүмкіндігі.

Аталған заңға әзірленген түзетулер жүзе асырылған жағдайда құрылыс салушыларға кепілдік алу біршама жеңілдетілмек.

Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, елімізде 585-ке жуық тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қауымдастықтың бағалауы бойынша, соның 486-сы мемлекеттік сақтандырусыз салынып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз