Алаяқтықтың жаңа түрлері: одан қалай сақтана аламыз?

Жарияланды
Алаяқтық түрі көбейді, Фото: shuttersctock.com

Интернеттегі алаяқтық тәсілдері көпшілік арасында жақсы таныс болып, схемасы жұмыс істеуден қала бастаса, жаңа түрлері пайда болып жатады. Банктен хабарласып, «сіздің атыңыздан кредит рәсімделіп жатыр», «ақшаңыздың бәрін қауіпсіз шотқа салып қоюымыз керек» деген сыңайда ақпарат беретін алаяқтарға қазір көбі алдана қоймайды.

Тіпті әлеуметтік желіде оларға қалай тойтарыс беріп жатқанын жазып алып, бөлісетіндер көбейді. Мұның бәрі халықтың сауаты артып келе жатқанын білдіреді. Әйтсе де, сенімге кіріп алып, соңында қарызға батырып, ақшасыз қалдыратын жаңа тәсілдер пайда болды. Бүгінгі материалымызда сол туралы айтамыз.

«Кредит менеджерді әшкерелеуге көмектсеңіз» арнайы операциясы

 «Банктен хабарласып тұрмыз» десе, бірден қазақша сөйлеуін сұрап, содан соң алаяқпен қалжыңдасып кететін видеолар Instagram және TikTok желісінде аз емес. Сондықтан, алаяқтар жаңа айла ойлап тапты. Қазір қазақстандықтарға адамдарды алдаумен айналысып жүрген кредит менеджерлерді әшкерелеуге көмек сұрайтындар пайда болған. Сөзге сеніп қалғандар миллиондап қарызға кірген.

Мысалы былтыр шілдеде Петропавл қаласының тұрғыны, 48 жастағы Юрий Фоминыхқа өзін Ұлттық банк қызметкері етіп таныстырып, интернет-алаяқтарды әшкерелеуге көмектесуін сұрап әлдекімдер хабарласқан. Сөйтіп әлгі алаяқтар оған 4 миллион теңгеге екі кредит алдырған. Айлық төлем — 120 мың теңге. Олар қақпанға былай түсірген: банк қызметкерлерін тексеру үшін істеп жатқан болады. Аты-жөнін, жеке куәлік нөмірін, байланыс нөмірлерін береді. Тексеру үшін сол нөмірге хабарласып, нақтылауға болатынын айтады. Әлбетте, қоңырау шалған кезде ол жақтағылар ақпаратты растайды. Осылайша сеніміне кіріп алады. Банктің қауіпсіздік қызметі, полиция қызметкері болып та хабарласуы мүмкін. Қызметін, шенін айтады. Әлдебір кредит менеджерін әшкерелеу үшін арнайы операция жүріп жатқанын айта келе, соған қатысуға шақырады. Ал әшкерелеу үшін дәл сол адамнан кредит рәсімдеп, кейіннен сол ақшаны арнайы шотқа аудару керегін айтады.

Мұндайда есте ұстау керек басты дүние: бейтаныс адамдардың ондай қоңырауларын елемеу, атыңыздан кредит алуды сұрап жатса, алданбау керек. Көбіне мұндайға орта жастан асқандар алданып қалып жатады. Өйткені олардың сеніміне кіру жеңілдеу.

Ең қиыны, мұндай алаяқтық тәсілдерде кінәліні ұстау оңай емес. Әрі өз еркімен алынған кредит деп көрініп тұрғандықтан, кодты да өзі айтып қойса жағдай қиындайды.

Психологтар айтуынша, бейтаныс адамдар осыған ұқсас әңгіме айта бастаса, бірден интуицияны іске қосу керек. Егер көңіліңізде тозаңдай болсын күмән тұрса, қоңырауды үзіп, әңгімені тоқтатқан жөн. Ал полиция қызметкерлері болса, егер алаяқтар ма деп күмәнданып тұрсаңыз, онда жеке кездесуге шақырған жөн дейді. Өйткені алаяқтардың дені бетпе-бет жолығудан қашқақтайды. Ең абзалы — бейтаныс нөмірмен хабарласқандармен ақша, кредит туралы сөйлемеу.

   Псевдоброкерлер

Қор нарығындағы ахуалды жақсы түсінбегендер де алаяқтарға жиі тап болады. Активтермен жұмыс істеуде тәжірибесі жоқ не аз адамдарды алдап кететіндер көбейді.

Көбіне алаяқтар «қаржылық жағдайыңызды жақсартудың керемет тәсілін ұсынамыз» деп жылдам өсетін, көп табыс түсіретін валюталар, мұнай, қымбат металдар мен фьючерстерге ақша салуға шақырады. Осылайша өзін брокермін деп көрсетіп, тиімді инвестициялар жайлы жарнама жасап, әлеуметтік желіде фейк парақшалар ашады. Инвестиция салып бастау үшін олар толтыратын форма қалдырады. Кейіннен болашақ инвестормен сөйлесіп, кеңес беру үшін алаяқтар хабарласады.

Биржада жұмыс істеуге арналған арнайы қолданбаны жүктеп алуды ұсынып, сол жерден брокерлік шот ашып, ақшаны салу керек дейді. Бар ақшасын салдырып алып, ақшасының түбі көрінген кезде әлгі алаяқ брокерлік шоттағы ақшаны шешіп алады да, жоқ болып кетеді.

 Әсіресе, Instagram желісінде фейк парақша көп. Айталық, мына жарнама жиі шығады. Жаңалықтардың сюжеті мен Марғұлан Сейсембайдың сұхбатынан үзінді қиып алып, шын жаңалық секілді шығарады. Мәтіні мынадай: «Марғұлан Сейсембай Илон Маскке 50 миллион доллар төлеп, оның ақша табуға арналған бағдарламасын қазақстандықтардың қолдануына мүмкіндік алған. Соның арқасында қазақстандықтар үй, машина алып жатыр. Қолдану үшін ештеңе істеудің керегі жоқ. Бар болғаны бағдарламаны жүктеп, іске қосасыз. Ол сіз үшін өзі жұмыс істейді».

Мұндай алаяқтыққа сеніп қалу оңай. Әсіресе, сыни ойлауы төмен адамдар жиі алданады. Себебі кәсіпкердің бұрынғы сұхбатынан «50 миллион доллар бердім», «көп машинаңыз болады» деген сөздерді қиып алған. Бірақ шын мәнінде оның фейк видео екені көрініп тұр. Тағы бір айта кететін жайт: ондай парақшалар постқа пікір қалдырылмайтын қылып тастайды. Өйткені «сенбеңіздер», «бұлар алаяқтар» деген сыңайдағы комментарий жазатындардан қорқады.

Не істеу керек? Ең алдымен, ақшаңызды біреуге бермес бұрын брокерді жақсылап тексеріп алыңыз. Ұлттық банк реестрінде бар ма — қараңыз. Өйткені қаржы нарығында жұмыс істеу үшін тиісті лицензиясы болуы керек. Танымал лицензиялық брокерлерді қаржы құралдарының табыстылығы қандай екенін қарап, салыстырып шығыңыз. Егер сізге ұсынғанда пайдасы бірнеше есе болып тұрса, күмәндану керек.

Лайк пен комментарий арқылы ақша табуға шақыратындар

 Келесі бір алаяқтық — интернет арқылы табыс табу. Бұған көбіне студенттер ілігеді. Әлеуметтік желілерде жарнамасы жиі жүреді. Комментарий ішінде, тіпті блогерлер де көп жарнамалап жатады. Енді алаяқтық тәсіліне келсек. Сондай-ақ, жұмыс табуға арналған сервистерге жүгінген кезде байланыс нөміріңізді базаға енгізіп, әлдекімдер сатып алуы мүмкін. Осылайша жұмыс іздеп, ақшадан қысылып жүргендерге онлайн табыс табуды ұсынады. Сондай-ақ, әлгі алаяқтар мессенжердегі басты суретіне банктердің логотипін қойып қоюы мүмкін. Мұның бәрі адамның сеніміне кіру үшін жасалады.

Айталық, сіз Head Hunter-ге резюме қалдырғансыз. Жұмыс іздеп жүрген сізге WhatsApp-қа белгісіз контакт хабарласады. Күніне 30 мың теңге табуға болатынын айтады. Ол үшін бар болғаны лайк пен комментарий қалдырып отыру керек-мыс. Келіссеңіз, сізді топқа қосады. Артынша олар профайлдар жіберіп, соған тапсырма бере бастайды

«Мына парақшаға лайк басып, пікір қалдыру керек» деуі мүмкін. Үш профайлға лайк басқан соң шынымен басқаныңызды дәлелдеу үшін скриншот жібересіз. Сол үш лайк үшін әр профайлдан 300 теңгеден төлейді. Бастапқыда шынымен солай төлеп отырады. Кейін топ әкімшісі соманы екі есе көбейтіп, 600 теңгелік тапсырма ұсынады. Ол жерде сіз біреуден тауар алуыңыз керек. Сатып алған соң сол сомаға үстіне комиссия қосып, 30 пайыз көбейтіп қайтарады. Ол кезде де шынымен үстіне қосып беріп отырады. Екі тапсырманы да орындаған соң сізге шынымен ақша салғандықтан, оларға сене бастайсыз. Сөйтіп тапсырма өзгеріп, сомасы ұлғая береді. Біртіндеп 10 мың теңгеге, 50 мың теңгеге өсіреді. Бірақ бұл кезде шарт сәл өзгеріп, 30 мың теңгенің үстіне 30 пайыз қосып алу үшін 50 мың теңгеге тағы тауар алуың керек дейді.

Көбі үстіне ақша қосып береді деп көлемді қарызға кіріп кетеді. Сома да өсе береді. Кредитке кіріп, ақыры не оны төлей алмай, не әлгі алаяқтардан ақшасын қайтара алмай қалады. Олар үлкен команда болып жұмыс істейді. Бір басында бірнеше аккаунттан. Фейк пікірлер, мол табыс тапқандардың өтірік скриншоттары салынады. Бұл алаяқтық түрі туралы кейбір банктер ресми сайтында ескертіп, алданбауға шақырған болатын.   

Сондай-ақ оқыңыз