Халықаралық миграция: өзге елде азаматтық алу оңай ма?
Азаматтық алып, өзге елде көшу туралы көбіне өз-өзін толықтай қамтамасыз ете алатындар ойланады. Оның себебі де сан алуын. Мысалы, біреулер босануға жағдай жақсы жасалған, баласына азаматтық беретін елдерді таңдайды. Енді бірі жай ғана жақсырақ өмір сүру үшін көшуге шешім қабылдайды. Есіңізде болса, алдыңғы материалымызда азаматтық алу әдістеріне тоқталған едік. Бүгін сол тақырыпты әрмен қарай жалғаймыз.
Жылжымайтын мүлік сатып алып азаматтыққа ие болуға бола ма?
Әлемнің біршама елінде азаматтық алу үшін мемлекет экономикасына әжептәуір инвестиция құю керек. Соның ішінде жылжымайтын мүлік алу тәсілі практикада жиі қолданылады. Еуропа мемлекеттері ішінде тұрақты тұруға рұқсат алу жолы жеңілдеу елдерге тоқталайық.
- Мальта. Осы елден үй сатып алу арқылы азаматтыққа қол жеткізуге болады. Ол үшін мына шарттарды орындау керек:
- 10 000 еуро мен 300 000 еуро аралығындағы сомаға тұрғын-үй немесе коммерциялық жылжымайтын мүлік алу керек не жалдауы керек;
- Мемлекеттік қорға 28 000 еуро мен 58 000 еуро аралығындағы сомаға жарна төлеуі керек;
- Бір реттік әкімшілік жарна төлеу керек. Мөлшері — 40 000 еуро;
- 2 000 еуро көлеміндегі соманы қайырымдылыққа салуы керек;
- 500 000 еуро көлемінде расталған капиталы болуы керек.
Алдымен ықтиярхат алып, сол елде үш жыл тұрақты тұрған соң ғана азаматтыққа құжат тапсыруға болады. Мальтадан бір жылда 183 күнге ғана шығуға рұқсат беріледі.
- Португалия. Бұл елде шетелдіктерге арналған «Алтын виза» деген бағдарлама бар. Шарттарына сәйкес, иммигранттарға жылжымайтын мүлікке инвестиция жасау арқылы тұрақты тұруға құқық беріледі. Бір айта кететін жайт: инвестиция салатын мүлікті өз еркіңізбен таңдай алмайсыз. Оны жергілікті билік өзі анықтайды. Минимум салым мөлшері — 250 000 еуро. Нақты мөлшері аумағына байланысты бекітіледі.
- Испания. Шетелдіктерді аса жақсы көре бермейтін ел. Әсіресе, паспорт алу үшін салуы керек инвестиция мөлшері аса жоғары. Бұл жақтың азаматы болғысы келген үміткер 500 000 еуро салуға дайын болуы керек. Есесіне, айналдырған алты ай ішінде құжатыңызды қолға ала аласыз. Осы жағынан келгенде азаматтық алу процесі жеңіл елдер қатарына қосамыз. Жалпы алғанда Грекия, Мальта, Кипр, Латвия мен Кариб елдерінде жылжымайтын мүлік сатып алғандарға төлқұжат алу мүмкіндігі ашылады.
Қай елдерде шетелдікпен некелесу арқылы азаматтық алуға болады?
Отбасын құрып, сол арқылы жұбайыңыздың елінің азаматы болуға да мүмкіндік бар. Мұндай тәсілді құптайтын ел саны көп. Сол себепті ең жеңіл рәсімделетін елдердің үштігін назарыңызға ұсынамыз.
- Швеция. Мұнда тіпті ресми түрде қарым-қатынасыңызды бекіту сұралмайды. Бұл не қылған батпанқұйрық деп қалған боларсыз? Егер осы елдің азаматына тұрмысқа шықсаңыз, онда неке куәлігін бермесеңіз де болады. Бірақ билік тарапынан жиі тексеріс жасалып тұрады. Яғни бірге тұрып жатсыздар ма — соған қарайды. Бастысы, қағаз жүзінде ғана емес, шынында жақсы көріп қосылған жұп болсаңыз болғаны.
- Аргентина. Бір қызығы, бұл елдің азаматымен некелескен күннің ертесіне-ақ азаматтық алуға құжат жинап, өткізе берсеңіз болады.
- Испания. Алдыңғы елдерге қарағанда Испанияда шарт қатаңдау. Десе де, салыстырмалы түрде оңай рәсімделетін ел саналады. Егер испаниялық азаматқа тұрмысқа шықсаңыз не үйленсеңіз, онда отбасы болып кемінде бір жыл бір шаңырақ астында тұруыңыз керек. Осы мерзім өткен соң тиісті құжаттарды жинай берсеңіз болады. Айтқандай, некелескен соң азаматтық беретін ел саны аз емес. Көпшілігің шарты — отбасы болып тұрған уақыттың ұзақтығы. Айталық, Италияда ең кемі 2 жыл отасу керек болса, Швейцарияда бұл мерзім тіпті 6 жылға тең.
Талантты да талапты мамандарға азаматтық беретін елдер
Егер сіз өзгелерден ерекше, мықты қабілетті маман болсаңыз, онда азаматтық беруге даяр елдер бар. Яғни карьерада өскісі келгендерге арналған тәсіл. Көбіне сіздің қаншалықты сұранысқа ие мамандық иесі екеніңіз белгілі бір рейтиң нәтижесінде анықталады. Демек, ол рейтиң әр әлде әртүрлі.
- Норвегия. Бұл елде халыққа пайдасы тиетін мамандық иелері, ғылыми дәрежесі бар адамдар, ТОП-менеджмент өкілдері, өз саласында ауыз толтырып айтатындай нәтижелер көрсеткендерге азаматтық беру жолы қарастырылады. Олардың барлығы бастапқыда тұрақты тұруға рұқсат алады да, арада уақыт өткен соң азаматтық алуға құжат тапсырса болады.
- Германия. Еуропа одағы елдерінде «Көк карта» бағдарламасы бар. Ол дегеніміз сұранысы жоғары мамандығы бар иммигранттарға қосымша емтихандарсыз, әлдебір рұқсат алмастан азаматтық алуға мүмкіндік береді. Әрине, ЕуроОдақ елдерінің бәрі осы мүмкіндікті іс жүзінде бере бермесі анық. Дегенмен Германия аталған бағдарлама аса танымал. Бұл аймақта жылына ондаған мың Blaue Karten беріледі.
- Швеция. Егер швециялық жұмыс беруші өзге елдегі маманға қызығушылық танытса, онда әлгі маман сәтті еңбек иммиграциясын жасай алады. Еңбек мигранттарының жалақы мөлшері бұл елде қатаң бақылауда болады. Өйткені олардың айлығы жергілікті азаматтардан аз болмауға тиіс. Қай мамандық иелері үміткер бола алатына келсек: акушер, балабақша тәрбиешілері, дәрігерлер, инженерлер, медбикелер, бағдарламалық жасақтама жасаушылар, тестілеушілер мен педадогтар.
Оқу бағдарламалары арқылы азаматтық алуға болатын елдер
Бұл қалай? Мұндай да бар ма? Осылай таңғалған болсаңыз, сұрағыңызға жауап берейік. Бұл жолмен азаматтық алу үшін шетелге университетке түсіп, сол жерден білім аласыз. Тәмамдаған соң мамандығыңыз бойынша сол елден жұмыс тапсаңыз болады. Студенттерге жұмыс оңай табылатын, азаматтық алу процесі жеңіл елдерді назарыңызға ұсынамыз.
- Франция. Мұнда шетелдіктерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін оқу бағдарламалары бар. Сол жерде білім алып, жұмысқа тұруға болады. Тағы бір артықшылығы — сол мамандық бойынша 2-5 жыл жұмыс істегендер азаматтық алуға өтініш бере алады.
- Нидерланды. Жергілікті жоғары оқу орнында білім алған соң, иммигрантта жоғары жалақы төлейтін жұмыс табуға мол мүмкіндік ашылады. Жылдық табысы 35 000 еуро шамасында болса, онда аталған қызметкер азаматтық өтініш берсе болады.
- Аустралия. Студенттерге азаматтық алу жолы оңайлау елдердің бірі. Университетті бітірген бойда оларға уақытша виза беріледі. Одан соң 1,5-4 жылдан кейін иммигрант тұрақты визаға үміткер болады. Кейінгі деңгей — Аустралия азаматы деген статус. Бұдан бөлек, шетел студенттеріне мол мүмкіндік беретін елдердің қатарында Чехия, Аустрия, Италия, Канада да бар.
Қос азаматтыққа рұқсат етілген елдер
Қазіргі таңда әлемнің алпыстан астам елінде қос азаматтық алуға рұқсат етілген. Бұл дегеніміз бір адамның басында бірнеше елдің төлқұжаты беріледі деген сөз. Демек, сол елдің құқығы мен еркіндігіне де толықтай ие болады. Оның ішінде Италия, Франция, Израиль, Испания, Норвегия, Швейцария сынды мемлекеттер бар. Шетелдіктерді құшақ жая қарсы алатын елдермен қатар, қос азаматтықты сол елде тұратындарға ғана беретіндер де бар. Одан бөлек, бір уақытта бір елдің ғана азаматы деген статусты қолдайтындар барын да атап өту керек. Мысалы, Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Инвестция құйып, қаражат салу арқылы 2023 жылы қос азаматтық алуға мүмкіндік беретін елдердің тізімін әзірледік. Аталған елдер өз экономикасының дамуына үлес қосқандарға қос азаматтық алуға рұқсат береді. Ол мемлекеттер мыналар:
- Аустрия;
- Кипр;
- Мальта;
- Черногория;
- Түркия;
- Сент-Люсия;
- Сент-Китс және Невис;
- Доминика;
- Гренада;
- Антигуа мен Барбуда;
- Камбоджа;
- Иордания.
Еуропада азаматтық алу процесі қиын елдер
Иммиграцияға қуана-қуана рұқсат беретін елдер болатынындай, бұған жақсы қарамайтын рейтиңі бар. Яғни антирейтиң. Бұл елдерде шетелдіктердің кіруіне рұқсат беріледі. Бірақ белгілі бір мақсатпен келіп, орындалған соң қайта қайтқанын қалайды. Азаматтық алу үшін өте қиын жолды еңсеру керек болады. Олардың қатарында мына елдер бар: Швейцария, Дания, Исландия, Люксембург, Сан-Марино. Осы аталған елдердің төлқұжатына қол жеткізу үшін кемінде 20 жыл өміріңізді арнауыңыз керек болады. Ең өкініштісі, тіпті сонша жылдан кейін де азаматтық алуға рұқсат бермей қоюы мүмкін.