Жаңалықтар

Қазақстанда тропикалық жемістер өсіруге болатынын дәлелдеген кәсіпкер

Тропикалық жеміс өсіретін кәсіпкер Данияр Қуантайұлы

Қазіргі кезде еліміз бойынша жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жылжайда жеміс-жидек өсіруді оңтүстіктегі кәсіпкерлер өте жақсы меңгеріп келеді. Тіпті, сарыағаштық кәсіпкер өз жылыжайында тропикалық жемістер өсіре бастады. Ол бірнеше гектар жерге қызанақ, қияр, құлпынайдан бөлек, тропикалық банан мен папайя отырғызған. Кәсіпкер сұранысқа ие жемістерді еліміздегі ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінгі қызықты сұхбатымыздың кейіпкері – Данияр Құнантайұлы.

Оның ауыл шаруашылығымен айналысып жүргеніне бірнеше жыл болды. Айтуынша, жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді.

– Банан мен папайяны өсіру идеясы қалай келді?

– Негізі алғаш рет ағашта өсіп тұрған бананды Түркияда көрдік. Сол елдегі жылыжайларда бұл тропикалық жемістерді өсіріп, саудаға шығарады екен. Сондай-ақ, бұл жемістерді Өзбекстанда да қарқынды түрде өсіріп жатыр. Кейін  өзіміздің кең далада неге өсірмеске деген ой келді. Сөйтіп, арнайы  Өзбекстанға барып, бананның  көшетін алдық. Сол жерде бізге папайя көшетін де қосып берді. Бұл  жемістерді сынақ ретінде өсіріп көруге бел будық. Қазіргі кезде осы жемістерді өсіру үстіндеміз. Сонымен қатар, Түркияның технологиясына негізделген құлпынайды да өсіреміз.

– Неге нақты осы  екі жеміс түрін таңдадыңыз? Ерекшелігі неде…

– Себебі  көптеген тропикалық жемістердің ішінен осы екі жеміс біздің топыраққа және климатқа тез бейімделеді. Топыраққа еккен банан көшеті жеті айдан кейін жеміс бере бастайды. Сөйтіп, бір банан ағашы бір жыл бойы жеміс береді. Ағаштың бір бұтағынан  – 40 келі өнім алуға болады. Сонда қараңыз, егерде бір бұтағынан толық жемісті алып болсаңыз, екінші бұтағы өсіп, жеміс бере бастайды. Жеміс беру аралығы екі ай уақыт.  Ал папайяға келетін болсақ,  ол да банан сияқты. Алты-жеті айдан кейін өнімін бере бастайды.  Қазіргі кезде банан жемісінің екі түрін өсіріп отырмыз.

– Бұл саланы қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Егерде 1 гектар жерге жылыжай салатын болсаңыз, оған 60-70 млн теңге қаражат қажет. Ал 10 соттық жерге жылыжай салсаңыз, онда 6-7 млн теңгемен бастауға болады.

– Жылыжай жайлық толық айтып кетсеңіз?

– Біздің жылыжайдың көлемі – 4 гектар. Оның 3 гектар жерінде – қызанақ пен қияр өсіреміз.  Қалған бір гектар жерге – тек көшет өсіреміз. Ал құлпынай, банан және папайяны 10 соттық жерге отырғыздық.

– Бір банан ағашы бір жылды қанша келі жеміс береді?

– Бір банан ағашы бір жылда – 5 рет өнім береді. Бір бұтағынан – 40 келі өнім алсақ, онда бір ағаш бір жылда – 400 келі жеміс береді. Папайя да бананға ұқсас. Ол да  жыл бойы өнім береді. Папайяның бір данасы – 1,5 келіге дейін барады. Ал ағаштың ұзындығы 20-30 метрге дейін өсе береді. Қаншалықты биік болса, соншалықты көп жеміс береді. Папайяның дәмі қауынға ұқсас.

– Қазіргі кезде қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі кезде 4 гектар шаруа қожалығында 60-қа жуық адам жұмыс істейді.

– Бұл жемістерден бөлек құлпынай өсіресіз. Сол жайлы айтып кетсеңіз?

– Иә. Біз Түркиядан үйренген технология бойынша құлпынай өсіреміз. Бұл  елден келген құлпынай өте дәмді және ірі болады. Қазіргі кезде бұл құлпынайды мейрамханалар мен кондитерлерге. Базарға апарып сатамыз. Құлпынай көшетін Өзбекстан мен Түркия елінен алдық. Бұл құлпынайды топыраққа отырғызғаннан  кейін, өнімді 40-50 күнде алуға болады. Құлпынайды қыста да өсіреміз. Бағасы да тиімді.

– Бұл жемістерді күтіп-баптаудың арнайы тәсілі бар шығар?

– Бұл жемістерге міндетті түрде өзінің арнайы климаттық температурасы қажет. Жылыжайды дұрыс жылытып және ылғалдылығын да сақтап отыру керек. Суды көп қажет етпейді. Көп ауыратын жемістердің қатарында емес. Ал егерде ауырып қалса, қазіргі кезде көптеген препараттар бар. Шаруа қожалығының температурасы 35 градустан төмен және жоғары болмағаны дұрыс.

– Бұл жемістерді өсіру кезінде қандай да бір химикат қолданасыз ба?

– Жоқ. Ешқандай химикатпен өсірмейміз. Тек арнайы табиғи тыңайтқыш қолданамыз.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Бұл табиғи заңдылық.  Кәсіпкер адам – шыдамды, білімді, сабырлы болу қажет. Бизнесті бүгін бастап, ертең қаражатты күтіп отыруға болмайды.

Сұхбатыңызға рақмет.