Бизнес тарапынан кредитке сұраныс төмендеді
Ұлттық Банк 2022 жылдың IV тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысына қатысты ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесін жариялады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Ірі, орта және шағын бизнесті несиелеуге қатысты сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, кредиттеу шарттары қатаңдатылғандықтан бизнес тарапынан кредитке сұраныс төмендеді. Негізінен, кредиттеу шарттарының қатаңдауы сыйақы мөлшерлемесінің өсуінен көрінді.
Шағын бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың төмендеуі, әсіресе, ірі банктерде байқалды. Респонденттер шағын бизнес тарапынан сұраныстың төмендеуін кредиттік ресурстар құнының өсуімен байланыстырады. Дегенмен, жекелеген банктерде скорингтік кредиттік өнімдерге өтінімдердің саны өсе түсті. Бұл жағдай жүйе бойынша кредиттік өтінімдердің жалпы санын көбейтуге түрткі болды. Мәселен, есепті тоқсанда шағын бизнес бойынша кредиттік өтінімдердің жалпы саны 512 мыңға дейін т/т-ға (тоқсаннан тоқсанға) 23%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 22,5 млн теңгеге дейін 13%-ға азайды.
Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредиттік өтінімдер саны 5,4 мыңға дейін т/т 22%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 274 млн теңгеге дейін 9%-ға өсті. Шағын бизнеске ұқсас, орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен өтініштер санының негізгі өсімі скорингтік үлгілер бойынша жекелеген банктердің қамтамасыз етілмеген кредит өнімдерімен байланысты.
Көптеген банктерде ірі бизнестің сұранысы өзгерген жоқ, бірақ кредиттік өтінімдер саны артты. Сөйтіп ірі бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 211-ге дейін т/т 35%-ға, ал өтінімнің орташа мөлшері 6,7 млрд теңгеге дейін 14%-ға өсті.
Орта және ірі бизнестің кредиттерге өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, сәйкесінше, 51%-ға және 73%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, шағын бизнестің кредитке берген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті аздап төмендеп, 39% құрады.
Шағын және орта бизнес клиенттері үшін кредиттеу шарттарының қатаңдауы негізінен ірі банктерде көрініс тапты. Бұл ретте кейбір респонденттер несиелеу шарттарын қатайтуға әсер еткен негізгі фактор – қорландырудағы тәуекелдер мен құнында екенін атап өтеді.
Банктердің пайымдауынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс – оң, ал ірі бизнес тарапынан – теріс болады. Көптеген банктердің пікірінше, бизнесті кредиттеу шарттары өзгермейді.