БҰҰ алаңында отандық бизнес ортадағы адам құқықтары талқыланды
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың орынбасары Алуа Надирқұлова Қазақстандағы «Бизнес және адам құқықтары» жобасы аясында адам құқықтары аспектісінде кәсіпкерлік қызметтің басшылық қағидаттарын іске асыру мәселелері жөніндегі жұмыс кеңесіне қатысты. Бұл туралы ҚР Адам жөніндегі уәкіл баспасөз қызметі хабарлады.
БҰҰДБ елордалық кеңсесі ұйымдастырған іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың және құқық қорғау бағытындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысты.
Омбудсмен кеңсесінің өкілі қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы хабардар етті, оның шеңберінде азаматтар үшін бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және осындай бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық Заңдар қабылданды. Ол сондай-ақ қатысушыларға азаматтардың, оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен өтініштер бойынша ақпараттық-талдамалық шолу ұсынды.
Соңында тараптар кәсіпкерлік қызметте ұлттық базалық бағалауды қолдау үшін жұмыс тобын құру қажеттілігі туралы түсінікке қол жеткізді. Бағалау рәсімі жауапты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған бизнестегі адам құқықтары жөніндегі іс-қимылдың елдік жоспарын одан әрі әзірлеу үшін міндетті шарт болып табылады.