Facebook пен Instagram ақылы тексеру қызметін ұсынады

Жарияланды

Meta Platforms Inc. компаниясы Facebook пен Instagram-ның аккаунттарын растағысы келетін пайдаланушыларына ақылы тексеру қызметі – Meta Verified енгізеді, деп хабарлайды interfax.kz.

Марк Цукербергтің айтуынша, әлеуметтік желілердің браузер нұсқасын ғана ашатын жазылым құны айына – $11,99, мобильді қосымшаны пайдаланушылар үшін айына $14,99 болады.

Жазылым осы аптада Австралия мен Жаңа Зеландияда қолданысқа еніп, содан кейін бірте-бірте басқа елдерге тарайды.

Монетизацияның жаңа әдісі Meta кірісін арттыруға бағытталған. Кейінгі кезде компанияның жарнамадан түсетін кірісі төмендеп келеді. Өйткені Apple 2021 жылы пайдаланушыларына инернеттегі іс-әрекетін бөгде адамдардың бақылауына тыйым салуға рұқсат берді. Көптеген ірі IT платформалар мақсатты жарнама қызметін сату үшін осы деректерге сүйенетін еді.

Былтыр Meta басшылығы Apple әрекетінен келген шығын 10 миллиард доллардан асады немесе бір жылдағы бүкіл жарнамалық кірістің 8%-ы деп бағалады.

Мета акциялары өткен жұмада қосымша сауда-саттықта 1,4%-ға өсті. Жыл басынан бері компанияның капиталдандыруы 44%-ға өсіп, 448,2 млрд долларды құрады.

Facebook компаниясы 2019 жылы ребрендинг жасаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз