Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимованы қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесу барысында Президентке Конституциялық Сот өз жұмысын бастағаны, өкілеттігін жүзеге асыруға кіріскені, сондай-ақ биылғы 1 қаңтардан бері азаматтардан келіп түскен өтініштер жөнінде мәлімет берілген.
Эльвира Азимова конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер мен конституциялық бақылау аясында жоспарланған шаралар туралы айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық іс жүргізудің барлық сатысының ашықтығын және Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі туралы азаматтардың хабардар болуын қамтамасыз етудің, сондай-ақ Ата заңның сақталуына бақылауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті», делінген хабарламада.