Рекорд: еліміздің сыртқы сауда айналымы тарихи көрсеткішке қол жеткізді
Сын мен қатерге толы 2022 жылы Қазақстанның сыртқы сауда қатынасы біраздан бері бағынбаған белесті еңсерді. Былтыр жалпы көлемі 134,4 млрд долларға сауда жасаппыз. Сауда айналымындағы профицит 34,3 млрд долларға шығып, сауда көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен 82 пайызға, 2020 жылғы көрсеткіштен 4 есеге асып түскен.
Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпарат бойынша, тауар айналымының рекордты деңгейге жеткеніне қарамастан, экспорт көлемі соншалықты жоғары емес. Былтыр 84,4 млрд доллардың тауарын сатқанбыз. Әрине, бұл ретте басты экспорттық тауарымыз – мұнай мен металл.
- 2021 жылы мұнай сатудан түскен табыс 51 пайызға өсіп, 46,9 млрд доллар болған (экспорттағы үлесі – 56 пайыз);
- Мыс сату көрсеткіші – 15 пайызға (3,7 млрд доллар);
- Ферроқорытпа – 51 пайызға (3,4 млрд доллар);
- Уран – 95 пайызға (3,4 млрд доллар);
- Мыс рудасы 51 пайызға (2,4 млрд доллар) өсім көрсеткен. Бұдан бөлек, сатылым бойынша жоғары өсім көрсеткендер қатарында бидай (+37 пайыз), мұнай өнімдері (+73 пайыз), көмір (2,4 есе), мырыш (+43 пайыз) және күкірт (+91 пайыз) бар.
Сондай-ақ импорттық тауарлар сомасы да рекордтық межеге жетіп отыр. Соңғы бір жылда өзге елдерден 50 млрд доллардың тауарын тасымалданған. Осылайша, импорт көлемі 2013 жылдан бергі (48,8 млрд доллар) рекордты жаңартты.
«Импорт өсімі негізінен машина құрастыру тауарларының (+11 пайыз, 13,2 млрд доллар), транспорт құралдарының (+44 пайыз, 6,5 млрд доллар), тамақ өнеркәсібі өнімдерінің (+19 пайыз, 4,4 млрд доллар), химия өнеркәсібі тауарларының (+27 пайыз, 4,1 млрд доллар) көбірек тасымалдануымен байланысты. 2022 жылы Қазақстанның сыртқы саудадағы жетістігін мұнай және металл бағасының жоғары болуымен байланысты», деп мәлімдейді Ұлттық экономика министрлігі.
Геосаяси тәуекел салдарынан логистикалық тізбектердің бұзылып, соған орай қосымша біраз қиындықтың туындағанына қарамастан Қазақстан сыртқы саудада айтарлықтай ұтыла қоймаған сияқты. Ал импорт сомасының өсуі әлемді жаулаған инфляциямен байланысты болып тұр. Пандемия, оның ізін ала туындаған геосаяси ахуалға байланысты тасымал тізбегі бұзылды және қымбаттады, бұл өз кезегінде ақырғы бағаға әсер етті.
Ұлттық банк мәліметі бойынша, қазақстандық экспорттың тәуір көрсеткішке жетуіне мұнай бағасынан бөлек, қосымша бірнеше фактор әсерін тигізді. Олар:
- COVID-19 бойынша жағдайдың жақсаруына байланысты әлемдік өндірістің біртіндеп қалпына келуі;
- Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты жеткізу тізбегінде үзілістердің орын алуы;
- Энергия ресурстарының жоғары бағасына байланысты жасыл энергетиканы дамыту қажеттілігі (мыс пен уранға сұраныстың өсуі).
Ұлттық банк импорт өсіміне әсер еткен факторларды былай тізбелейді:
- Үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар тарапынан тұрақты жоғары сұраныс;
- Әлемдік экономикадағы белгісіздіктің өсуіне байланысты қалыптасқан дүрлікпе сұраныс;
- Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және экономиканы қолдау бойынша мемлекеттік шаралар;
«Ішкі өндірістің болмауы өндірісі салыстырмалы түрде қарапайым тұтыну тауарлары бойынша да импортқа жоғары тәуелділіктіқалыптастырады. Импорт валюта бағамы мен инфляцияға қысым жасайотырып, шетел валютасына сұранысты тудырады», деп хабарлады Ұлттық банк.
Еліміз негізінен азық-түлік бойынша: алкогольсіз сусындарды, ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді, маргарин, шоколад, құс еті, ірімшік пен сүзбе, алкогольді сусындар және пісірілген, консервіленген көкөністерді жиі тасымалдайды. Азық-түлік емес тауарлар қатарында – киім-кешек, автокөлік, дәрі-дәрмек, телефон, компьютер, темекі, ағаштан жасалған бұйымдар және жүк аксессуарлары бар.
Сонымен қатар біз аралық тауарлар мен өндіріс құралдарын да шеттен тасимыз. Олар – мұнай өнімдері, қара металдан жасалған құбырлар, іштен жанатын қозғалтқыштар, мыс кендері мен концентраттары, шина және жамылғылар, бидай және меслин. Ал сатып алатын өндіріс құралдарының негізгілері – ұшу аппараттары, трактор, телекоммуникациялық құрылғы, центрифигуралар, сұйықтық сорғы, ауа немесе вакуумдық сорғылар және көтеру, жылжыту техникасы.
Салалық ведомство дерегінше, биыл қаңтарда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім – 2,3, ал қызмет көрсету саласында – 7,6 пайыз.
«Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ құрылыс ең жоғарғы өсуді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3 пайызды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2 пайызға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,6 пайызға, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 33,7 пайызға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7 пайызға, көлік және қоймалауда 31,8 пайызға өсті», делінеді ресми деректе.