Түркиядағы жер сілкінісінен кейін Қазақстанның 78 азаматы елге жеткізілді

Жарияланды

Түркиядағы ең ауыр жер сілкінісінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі мекемелеріне ҚР азаматтарынан 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде апат аймағында жер сілкінісі кезінде қалып қалған 190-нан астам отандастарымыздың орналасқан жері анықталды. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Оның дерегінше, қираған инфрақұрылымды, апатты жағдайды және тұрғын үйлердің толық бұзылуын ескере отырып, біздің дипломаттардың көмегімен отандастарымызды қауіпсіз жерлерге (Анкара және Стамбул қалаларда) жеткізу үшін автобустар ұйымдастырылды, тамақтандырылды және баспана берілді. Қаражаты жоқ кейбір азаматтарға Қазақстанға дейін әуе билеттерін сатып алуға жәрдем көрсетілді.

«Отанына оралуға ниет білдірген 78 азаматымыз апат аудандарынан гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына жеткізілді. Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және елге оралған отандастарымыздың отбасы мүшелері болып табылатын 5 Түркия азаматы жеткізілді. Министрліктің және жергілікті әкімдіктердің көмегімен олар көлікпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ баспанаға мұқтаж азаматтар Алматы және Астанадағы қонақ үйлерге орналастырылды», деді СІМ өкілі.

Оның дерегінше бүгінгі таңда Түркияда жер сілкінісі салдарынан жоғалған ҚР азаматтары туралы қосымша ақпарат келіп түскен жоқ. Дегенмен, дипломаттар жергілікті билікпен байланыста және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімдерін мұқият тексеріп келеді.

Бұған дейін 8 ақпанда Хатай провинциясының Антакья қаласында іздеу жұмыстарының нәтижесінде Түркияның құтқарушылары Қазақстан азаматы Сабина Мамадьярова қираған үйден тапқан болатын. Ол Адана қаласындағы «Ceyhan» ауруханасына жеткізіліп, оның зақымдалған қолына операция жасалған еді. Жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған қазақстандық азаматтардың туыстарына мәйіттерді отанға жеткізуге көмек көрсетілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз