Ақшолақов КҚК арқылы мұнай жөнелту қашан қалпына келетінін айтты

Жарияланды
Мұнай тасымалы жақын арада қайта жанданады Фото: КҚК

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қолайсыз ауа райына байланысты 19 ақпан күні мұнай айдауды тоқтатқан. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Новороссийск терминалынан мұнай жөнелту 23 ақпанда қайта жандануы мүмкін.

«Каспий құбыр консорциумына қатысты жағдай былай. Қара теңізде қандай дауыл болып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Ауа райы қолайсыз болып тұр. Кеше жүк тиеген кемеге не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Осыған байланысты мұнай айдауға болмайды, бұл қауіпті. Бейсенбі күні шамамен сағат 16.00-де ауа райы қалпына келуге тиіс, бұл танкерлердің акваторияға кіріп, тиеуді бастауына мүмкіндік береді», деді ол журналистерге.

Министрдің айтуынша, мұнай айдау тоқтағымен, өндіріс тоқтамаған.

КҚК 19 ақпанда теңіз терминалында ауа райы жағдайларына байланысты мұнай айдау тоқтатылғанын хабарлады.

21 ақпанда КҚК Теңіз терминалындағы резервуар паркі мұнайға толған (1 млн тонна мұнай). Алайда мұнай жөнелтушілерден өнім бос контейнерлер мен резервуар паркіне қабылданып жатыр.

КҚК – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты. Бұл бағыт арқылы мұнай айдау бірнеше рет тоқтаған болатын.

Консорциумның қуаттылығы – жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдай алады. 2021 жылы Қазақстан КҚК арқылы 53 млн тонна мұнай экспорттады.

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы апаттан кейін, Энергетика министрлігі ел мұнайын экспорттау балама жолдарын қарастырып жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз